Испанияда коронавирус жұқтырып, Covid-19 дертінен айыққан қырғыз жігіттің әңгімесі.
Қазақстанда тағы 21 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 2 сәуір 16.05-тегі дерегіне сай, елде тағы 21 адамнан коронавирус табылды: Солтүстік Қазақстан облысында - 2 адам, Алматы қаласында - 1 адам, Қызылорда облысында - 1 адам, Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам, Шымкент қаласында - 8 адам, Түркістан облысында - 6 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам.
Қазір елде 423 адамнан коронавирус жұқты. 27 адам дерттен айықты. Үш адам қайтыс болды.
Вирус жұқтырғандар:
- Нұр-Сұлтанда - 193 адам
- Алматыда - 91 адам
- Қарағандыда - 21 адам
- Атырау облысында - 18 адам
- Ақмола облысында - 19 адам
- Алматы облысында - 9 адам
- Қызылорда облысында - 26 адам
- Жамбыл облысында - 5 адам
- Шымкентте - 11 адам
- Батыс Қазақстан облысы - 2 адам
- Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам
- Ақтөбе облысында -5 адам
- Солтүстік Қазақстан облысында - 8 адам
- Павлодар облысында - 1 адам
- Маңғыстау облысында - 1 адам
- Түркістан облысында -11 адам.
Қазақстандағы қазіргі жағдай жайлы 5 ақпарат
Құрметті оқырман Азаттықтың жазбаша Live парақшасына енді ғана қосылсаңыз, қазірге дейінгі маңызды бес ақпаратты назарыңызға ұсынамыз.
- Қазақстан үкіметі коронавируспен күреске тағы 125 миллиард теңге бөлді. Бұған дейін 23 миллиард теңге бөлінген. Жалпы сома – 148 миллиард теңге. Бұл қаржыдан 40,6 миллиард теңге коронавируспен күресіп жатқан медициналық қызметкерлерге берілмек. Бұл туралы қаржы министрлігі хабарлады.
- 31 наурыздан бастап Қазақстанда жолаушы таситын пойыздар жұмысы толық тоқтады.
- 2 сәуір 16.00-дегі дерек бойынша, Қазақстанда Covid-19 дертінен 27 адам айықты. Елде үш адам қайтыс болды. 423 адамнан вирус табылған.
- 3 сәуірден бастап Петропавл қаласы карантинге жабылмақ. СҚО-да жеті адам вирус жұқтырған. Арасында медбике де бар. Қай облыста қанша адамның вирус жұқтырғанын мына картадан көре аласыз.
- Алматыда екі адам жасанды аппаратпен демалып жатыр.
Әлемде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар 941949 мыңнан асты. Бұл туралы АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінде айтылады. Қазір әлемде Covid-19 дертінен 47522 адам көз жұмды. 202342 адам аурудан жазылды.
USAID Қазақстанға коронавируспен күресуге 365 млн теңге көлемінде көмек берді
АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) Қазақстанға коронавируспен күресуге 365 млн теңге (800 мың доллар) көлемінде қаржылай көмек берді деп хабарлады АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі.
"Коронавирус дағдарысы кезінде АҚШ Қазақстан үкіметімен әріптестікті нығайтып жатыр. Қазақстанның вирустың жайылуын тоқтату мақсатында жасаған жылдам әрі сенімді қадамдарын жоғары бағалаймыз. Осындай күрделі кезеңде ашықтықты қолдаймыз, себебі ақпаратпен еркін алмасу індетті жеңіп, алдағы уақытта денсаулыққа төндіретін кез келген қатерге тұрақты түрде қарсы тұру үшін өте маңызды" деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер.
Ұйым Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ауруды бақылау және алдын алу орталығымен бірлесе отырып, қолдауды қажет ететін басымдық беретін салаларды анықтаған. Олардың қатарында ірі көлемде тест өткізуге мүмкіндік беретін лабораториялар жүйесін дайындау, медициналық мекемелерде инфекцияның таралуына жол бермеу және бақылау, коронавирус жағдайын қадағалауды бақылау, вирус туралы жалған ақпаратпен күресу, вируспен күреске қауымдастықтарды тарту сияқты мәселелер бар.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 423 адамнан коронавирус табылған. Қазақстанда алғаш рет 13 наурызда вирус жұққан адамдар анықталған. Сол уақыттан бері үш адам көз жұмды. 27 адам жазылып шықты. Елде төтенше жағдай жарияланып, бірнеше қала мен облыс, аудан карантин режиміне көшті.