Франция індетке байланысты тұтас оқшаулау режиміне көшеді
Франция мен Германия коронавирусқа байланысты карантин шараларын күшейтіп жатыр. Франция президенті мен Германия үкіметі шектеу шараларын қатайту туралы шешім қабылдады.
30 қазаннан бастап Франция тұтас оқшаулау режиміне көшеді. Қоғамдық шаралар кейінге шегеріліп, адам көп жиналатын жерлер – мейрамхана, барлар жабылады. Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеуінде осылай деп мәлімдеді.
Өзге елдерден келгендер коронавирус тестінен өтуге міндетті. Тұрғындардың басқа жаққа кетуіне тыйым салынған. Үйден тек жұмысқа, дәрігерге бару, азық-түлік сатып алу немесе қысқа серуенге шығу үшін ғана рұқсат етіледі.
Шектеу шаралары 2 желтоқсанға дейін созылады деп айтылады, бірақ екі апта сайын үкімет эпидемиологиялық ахуалды бағалап, сәйкесінше шараларды жұмсарту немесе қатайту туралы шешім қабылдайды.
Германияда шектеу шаралары 2 қарашадан бастап енгізіледі. "Неміс толқыны" сайтының хабарлауынша, қызмет көрсету саласындағы компаниялардың басым бөлігі және ойын-сауық саласына бағытталған кәсіпорындар бір айға жабылады. Мейрамхана, дәмханалар клиент қабылдамайды, тек тамақ сата алады.
Спорт шараларына көрермендер қатыса алмайды, қонақ үйлер туристерді қабылдамайды.
Осы апта басында Испанияда індетке байланысты төтенше жағдай жарияланған. Канар аралынан бөлек, барлық аймақта түнде коменданттық сағат енгізілді. Үкімет бұл режимді келесі жылдың мамыр айына дейін күшінде қалдырамыз деп отыр.
Италияда 2 қарашадан бастап кинотеатрлар, бассейндер мен спортзалдар жабылады. Мейрамхана, бар, кішігірім дүкен-дүңгіршектер кешкі сағат 6-да жұмысын тоқтатады. Жоғары сынып оқушылары қашықтан оқи бастайды.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 44,4 млн адамға жетті. Күн сайын орташа есеппен 450 мың адамнан Covid табылады. Індет басталғалы бері 1 млн 174 мың адам қайтыс болған. 30 миллионнан астам адам жазылған.
Бұл мәлімет үкіметтің ресми деректеріне сүйеніп жасалған. Сондықтан бұл мәлімет анық, толымды болмауы мүмкін.
Коронавирус жұқтырғандар күрт көбейді, ШҚО-да бір күнде 139 науқас анықталды
28 қазанда Қазақстанда коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған 268 адам анықталған. Бұл соңғы екі айда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Науқастардың жартысына жуығы Шығыс Қазақстан облысында тіркелген.
Өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында – 139, Нұр-Сұлтан қаласында – 33, Солтүстік Қазақстан облысында – 13, Алматы қаласы және Павлодар облысында әрқайсысында 12 адамнан коронавирус табылған. ШҚО-да науқастар алдыңғы күнмен салыстырғанда үш есеге көбейген. Денсаулық сақтау министрлігі әзірге мұның себебін түсіндірмеді.
Наурыз айынан бері 111 100 адамға коронавирус жұққан, бұл ПТР-тестпен дәлелденген. Алайда бұл мәлімет те толымсыз. Қазақстан билігі коронавирустың салдарынан пайда болған пневмонияға шалдыққандарды Covid статистикасына қоспай келеді. 1 тамыздан бері 36 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Бұған қоса, денсаулық сақтау мамандары халықты жаппай тестіден өткізбегеннен кейін коронавируспен ауырғандар санын нақты білу мүмкін емес, ол ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестімен дәлелденген науқастар арасында 1835 адам өлімі тіркелген. 106 059 адам жазылған, 176-ы сәрсенбі күні айыққан.
Алматы облысында карантин күшейеді
Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов аймақта қосымша карантин шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды.
Оған сәйкес, 29 қазаннан бастап ірі қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтатылады, қалғандарының жұмыс уақыты шектеледі (жәй күндері таңертеңгң сағат 9 бен 22.00 аралығында істейді). Демалыс күндері ол жақтан тек тамақ сатып, алып кетуге ғана рұқсат.
Мектепке дейінгі ірі білім беру мекемелерінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Ойын-сауық нысандары, ойын-сауық орталықтарындағы балалар ойын алаңы, жабық аттракциондар мен бассейндер, кинотеатрлар уақытша жабылады.
Қоғамдық көлік таңертеңгі сағат 6 мен 10 және кешкі сағат 17.00 мен 20.00 аралығында ғана жүреді.
Демалыс күндері жабық базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Ресей: Омбы ауруханаларында орын жетпей жатыр
Сейсенбі күні Омбыда коронавирус жұққан науқас жатқызылған жедел жәрдем көлігі аймақтық денсаулық сақтау бөлімшесі ғимаратының алдына тоқтап, сиренасын қосқан. Осылайша дәрігерлер жергілікті биліктің назарын ауруханалардағы орын тапшылығы мәселесіне аудартуға тырысқан.
Көліктердің бірінде өкпесінің 81 пайызы зақымданған 70 жастағы пациент болған. Дәрігерлер оны 10 сағаттан астам уақыт бойы жедел жәрдем көлігімен ары-бері тасыған, бірақ бірде-бір ауруханадан оған орын табылмаған.
"Науқасты қайтадан үйіне апара алмаймын, адамгершілік тұрғысынан да, медициналық көрсеткіштері бойынша да бұлай істеуге болмайды" деді жедел жәрдем көлігі қызметкерлерінің бірі жергілікті "НГС Омск" басылымына.
Өпкесінің 88 пайызы зақымданған 85 жастағы тағы бір ер адамға да дәрігерлер ауруханалардан орын таба алмай қиналған.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің наразылығынан кейін ақыры науқастарды қаладағы ауруханалардың біріне орналастырған.
Коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб мәліметінше, Омбы облысында коронавирус жұқтырғандар 15 мыңнан асқан, үштен бір бөлігі соңғы айда тіркелген, 402 науқас қайтыс болған.
Ресейде соңғы айда күн сайын 17 мыңнан астам науқас тіркеліп жүр. Ресми мәлімет бойынша, қазір 360 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Індет кезінде елде 26 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған.