Еуропада індет өршіді, Франция мен Германия карантинді күшейтеді
Еуропада коронавирус жұқтырғандардың артуына байланысты Франция мен Германия карантинді күшейтеді. АҚШ-та да індет өршіді.
Еуропадағы ауруханалардың басым бөлігінде реанимацияда орын қалмаған. Аймақта науқастар саны наурыз және сәуір айларында тіркелген көрсеткіштен асып кеткен. Көктем айларында вирустың тарауын бәсеңдетуге карантин шаралары көмектескен еді.
Германия канцлері Ангела Меркель сәрсенбі күні 16 мемлекет басшысымен кездескеннен кейін елде шектеу шаралары күшейтілмек. Билік мейрамхана, бар, музейлерді жауып, қоғамдық шара өткізуге тыйым салуды жоспарлап отыр.
Радикалды шара қолдануға мәжбүр елдер арасында Италия мен Испания бар. Франция оқшаулау шараларын қатайту мәселесін зерттеп жатыр.
Соңғы кезде Ресейде де коронавирус бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркеліп, билік тұрғындарды қоғамдық орындарда, көлікте, таксиде, лифтіде маска тағып жүруге міндеттеген.
Ресей коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде төртінші орында тұр. Елде 1,5 млн адамға коронавирус жұққан, 26 мыңы қайтыс болған.
АҚШ-та коронавирус жұқтырғандардың 47 штатта артқаны байқалған, 34 штатты адам өлімі көбейген. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, өткен аптада күніне орташа есеппен 73 мың науқас анықталған. Бұл шілде айында тіркелген көрсеткіштен көп.
Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 6 адам қайтыс болды
27 қазан күні Қазақстанда 422 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның басым бөлігі (274) – Covid тесті теріс нәтиже берген, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға (U07.02) шалдыққандар. Өткен тәулікте вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған (U07.01 коды) 148 науқас анықталған.
Бір күнде 6 адам қайтыс болған: коронавирус жұққаны тестімен расталған науқастар арасында - 5 адам өлімі, коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 1 адам өлімі тіркелген.
Індет басталғалы елде барлығы 148 037 адамға коронавирус жұққан: 110 832 адамға коронавирус жұққаны тестімен расталған, қалған 37 205 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.
Қазақстан билігі тек 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды есептеп келе жатқандықтан науқастар саны одан да көп болуы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, елде пневмонияның жалпы түріне шалдыққандар жазда күрт көбейген.
Наурыз айынан бері коронавирустан кемінде 2 231 адам қайтыс болған (1835-і - коронавирустан, 396-ы - коронавирус пневмониясынан көз жұмған). Коронавирусқа шалдыққаны Covid тестімен расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеген адам бұл статистикада көрсетілмеген.
Қазір 3 114 адам коронавирустан емделіп жатыр, 275-і - бала. Стационарда - 2 267, амбулаторлық жағдайда 847 адам емделіп жатыр. 126 адамның жағдайы - ауыр, 12 адамның жағдайы - өте ауыр, 15 адам жасанды аппаратпен тыныс алып жатыр.
Қазақстанда бір аптада Covid жұққаны тестімен расталғандар арасында 29 адам өлімі тіркелді
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада Шығыс Қазақстан облысында (18) адам өлімі көп тіркелген. Алматы мен Батыс Қазақстан облысында әрқайсысында 4 адам қайтыс болған. Атырау облысында - 2, Қостанай облысында 1 адам көз жұмған.
Алайда бұл мәліметке коронавирус пневмониясынан қайтыс болғандар есебі енгізілмеген. Соңғы мәлімет бойынша, 1 тамыздан бері пневмонияның бұл түрінен 395 адам қайтыс болған.
Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан дерекке күмән келтіреді.
Мемлекеттік кіріс комитеті: Індеттің кесірінен бюджет 1,1 трлн теңге шығынға батты
Коронавирус індетіне байланысты Қазақстан бюджетіне 1,1 трлн теңге көлемінде шығын келді. Сейсенбі күнгі брифинг кезінде мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев осылай деп хабарлады.
- 9 ай ішінде бюджет 1 трлн 100 млрд теңге көлемінде шығынға батты, - деді Сұлтанғазиев.
Оның сөзіне қарағанда, бұған қоса, мемлекет бизнеске жеңілдік жасап, төлемдерді кейінге шегеру үшін 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсаған.