Қазақстанда бір күнде коронавирус пен пневмониядан 6 адам қайтыс болды
26 қазан күні Қазақстанда 152 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның басым бөлігі (142) – вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталғандар (U07.01 коды). Өткен тәулікте Covid тесті теріс нәтиже берген, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға (U07.02) шалдыққан 10 науқас анықталған.
Бір күнде 6 адам қайтыс болған: коронавирус жұққаны тестімен расталған науқастар арасында - 5 адам өлімі, коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 1 адам өлімі тіркелген.
Індет басталғалы елде барлығы 147 615 адамға коронавирус жұққан: 110 684 адамға коронавирус жұққаны тестімен расталған, қалған 36 931 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.
Қазақстан билігі тек 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды есептеп келе жатқандықтан науқастар саны одан да көп болуы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, елде пневмонияның жалпы түріне шалдыққандар жазда күрт көбейген.
Наурыз айынан бері коронавирустан кемінде 2 225 адам қайтыс болған (1830-ы - коронавирустан, 395-і - коронавирус пневмониясынан көз жұмған). Коронавирусқа шалдыққаны Covid тестімен расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеген адам бұл статистикада көрсетілмеген.
Қазір 3 088 адам коронавирустан емделіп жатыр, 248-і - бала. Стационарда - 2 333, амбулаторлық жағдайда 755 адам емделіп жатыр. 115 адамның жағдайы - ауыр, 10 адамның жағдайы - өте ауыр, 16 адам жасанды аппаратпен тыныс алып жатыр.
Оқушылар 2-тоқсанда мектептен оқи бастайды. Қазақстан үкіметі қандай шешім қабылдады?
Коронавируспен күрес бойынша құрылған үкіметаралық комиссия 26 қазанда жиын өткізіп, 2-тоқсаннан бастап кейбір мектептерде оқушылар сыныптан оқитынын мәлімдеді.
Шешімге сай, қаладағы және ауылдағы оқушы саны 300-ден аспайтын мектептер дәстүрлі форматта оқиды.
Бұған қоса, комиссия ата-аналардың өтініші бойынша орта мектептерде 1-5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарға рұқсат бермек. Оқушылар сақтық шараларын сақтап, маска тағуы тиіс.
Бұдан бөлек, 2 қарашадан бастап театрлар мен мешіттер келушілерді қабылдай бастайды. Театр залында көрермендер саны жүзден аспауы тиіс. Ал мешіттер 100 адамға дейін кіргізіп, бес уақыт намаз оқуға рұқсат алды. Бірақ жұма намазға әлі рұқсат етілмейді.
Премьер-министр Асқар Мамин индустрия және иновация министрлігіне халықаралық рейстерге Қазақстанға келетін жолаушылардың барлығында коронавирус жұқтырмағанын дәлелдейтін анықтамасы болмаса бортқа отырғызуға тыйым салуды тапсырды.
Қазақстанда наурызда коронавирус тарағанда мектептер онлайн оқуға көшіп, мешіттерде діни жоралғы жасауға тыйым салынған еді. Биыл қыркүйекте билік тек 1-4 сынып оқушыларына кезекші сыныптар ашып, оқушылардың бір бөлігін ғана мектептен оқуға рұқсат еткен. Елдегі оқушылардың басым бөлігі бірінші тоқсанды онлайн оқып жатыр.
Ата-аналар онлайн оқудың сапасына, интернеттің баяулығына шағымданған.
Алматыда діни орындардың жұмыс істеуіне де рұқсат етілді
Алматыда сонымен бірге мешіт, шіркеу, собор сияқты діни орындардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Олар санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Бірақ қоғамдық шара өткізе алмайды. Ойын-сауық орталықтарындағы қоғамдық тамақтану орындары да жартылай толы күйде істей алады.
Қалада 15 түнгі клуб, караоке-бар және 19 компьютерлік клуб, бильярд залы, интернет-клубының жұмыс істеуіне уақытша тыйым салынған. Жергілікті биліктің мәліметінше, қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес. Тәуліктік науқастар өсімі 0,1 пайызды құрайды, R коэффициенті (инфекцияның таралу индексі) 1,88-ге тең.
Алматыда кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етті
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 26 қазаннан бастап қала кинотеатрларының жұмыс істеуіне рұқсат берілгенін хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, залдар 30 пайыздан артық толмауы тиіс, көрермендер арнайы порталда алдын ала тіркеліп, маска режимін сақтауға міндетті. Кино көрген кезде әлеуметтік ара қашықтық сақталып, санитарлық талаптар орындалуы тиіс.