Қырғызстандағы Covid дерегі: Қазан айының басынан бері алғаш рет 600-ден астам науқас тіркелді
24 қазан күні Қырғызстанда 606 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Елде Covid ауруына шалдыққандардың жалпы саны 55 750-ге жетті. Бұл туралы 25 қазан күні елдің коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штабы хабарлады.
Вирус жұқтырғандардың арасында алтауы - медқызметкер. Елде індет басталғалы барлығы 3575 медқызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 3266-сы жазылған.
Қазақстанда бір күнде 304 адамнан коронавирус анықталды, 5 өлім тіркелді
24 қазан күні Қазақстанда 304 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның қақ жартысы – вирус жұқтырған Covid тестімен расталған науқас (U07.1), қалған жартысы – диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясына шалдыққан науқас (U07.2).
Covid тестімен (ПТР) расталған науқастар бойынша, көш басында әдеттегідей Шығыс Қазақстан облысы (27), Алматы (20) және Нұр-Сұлтан (15) қалалары. Түркістан және Ақтөбе облыстарында бір науқастан тіркелсе, Қызылорда облысында ешкімнің ПТР тесті оң шықпаған.
Елде барлығы 110 402 адамның Covid тесті оң нәтиже берген. Оның 1820-сы қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеген адам кірмей қалған.
Қазақстан үкіметі коронавирус пневмониясының аймақ бойынша дерегін күнделік жарияламайды. Дүниежүзілік аурулар классификациясында U07.2 коды тағайындалған бұл аурудың есебін ел билігі тек 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Бұл уақытта ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын бірақ ПТР тест теріс шыққан пневмония ауруының өршуі бәсеңдеп қалған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, елде 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Министрлік оның нешеуі бактериялық, нешеуі зең, нешеуі вирустық пневмония екенін айтпады. Қайтсе де, бұл науқастардың ешқайсысы коронавирус статистикасына кірген жоқ.
1 тамыз бен 24 аралығында коронавирус пневмониясы диагнозы 36 895 адамға қойылған. Оның 393-і көз жұмды.
Қазақстан билігі коронавирус пневмониясы дерегін Covid жөніндегі ұлттық статистикасына қоспай отыр. Джонс Хопкинс университеті Қазақстан дерегін осы ұлттық статистикаға сүйеніп жарияласа, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі деректі біріктіріп көрсетіп отыр. Екі статистиканы қосқанда Қазақстанда коронавирус ауруына шалдыққаны расталғандар саны 147 297 болады.
Қырғызстанда үш күн қатарынан 500-ден астам Covid науқасы тіркеліп отыр
23 қазан күні Қырғызстанда 556 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Вирус жұқтырғаны расталғандар саны 55 144-ке жетті. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб хабарлады.
Аймақ бойынша, көш басында 149 науқаспен Бішкек қаласы тұр. Одан кейінгі орындарда – Баткен (86), Джалал-Абад (83) және Ош (75) облыстары.
20 қазан күні елде 384 Covid науқасы тіркелсе, 21 қазаннан бері тәулік ішінде анықталған коронавирус науқастары тұрақты түрде 500-ден асып келеді. Өткен тәулікте коронавирустан тағы төрт адамның қайтыс болғаны анықталды.
Қырғызстанда Қазақстандағыдай жаз айларында Covid індеті өрши түсіп, ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония ауруына шалдығу күрт көбейді. Сөйтіп қырғыз билігі 17 шілдеден бастап коронавирус пневмониясын Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоса бастады.
Екі деректі қосқаннан кейін алғашқы күндері тәулік ішінде тіркелген науқас саны мыңнан асып жүрді. Кейін науқас саны біртіндеп азайып, қыркүйек айында тәуліктік көрсеткіш жүзден төмендеді. 6 қыркүйек күні елде бар болғаны 55 науқас анықталды, ал 10-20 қыркүйек аралығындағы он күннің ішінде Covid өлімі мүлдем тіркелмеді.
Қыркүйектің соңына қарай вирус жұқтырғандар саны қайтадан арта түсті. Аурудың қайта өршуі елдегі парламент сайлауымен және одан кейінгі саяси толқулармен тұспа-тұс келді.
Қазақстанда бір күнде 329 адамнан коронавирус анықталды
23 қазан күні Қазақстанда 329 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның жартысы – вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталғандар (U07.01 коды), жартысы – Covid тесті теріс нәтиже берген, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония (U07.02) науқастары.
Коронавируске шалдыққаны Covid тестімен расталған 164 науқастың 25-і Шығыс Қазақстан облысында, 22-сі Нұр-Сұлтан қаласында, 20-сы Алматы қаласында тіркелді. Қарағанды және Павлодар облыстарында 16 науқастан анықталды. Өткен тәулікте Ақтөбе және Қызылорда облыстарында коронавирус ешкімнен табылмаған.
Індет басталғалы елде барлығы 110 250 адамның коронавирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған. Оның ішіндегі 105 566 аурудан жазылған, 1811 адам қайтыс болған. Коронавируске шалдыққаны Covid тестімен расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеген адам бұл статистикада көрсетілмеген.
Өткен тәулікте вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталмаған 165 адамға коронавирус қойылған. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясының аймақтық дерегін күнделік жарияламайды.
Дүниежүзілік аурулар классификациясында U07.02 коды берілген коронавирус пневмониясының есебін Қазақстан билігі тек 1 тамыздан бері жүргізіп отыр. Сол уақыттан осы күнге дейін U07.02 коды 36 567 науқасқа тағайындалды. Оның 369-ы қайтыс болған.
Қазақстан билігі коронавирус пневмониясы дерегін Covid жөніндегі ұлттық статистикасына қоспай отыр. Джонс Хопкинс университеті Қазақстан дерегін осы ұлттық статистикаға сүйеніп жарияласа, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі деректі біріктіріп көрсетіп отыр. Екі статистиканы қосқанда Қазақстанда коронавирус ауруына шалдыққаны расталғандар саны 146 817 болады.