Чехия үкіметі індеттің өршуіне байланысты карантин шараларын күшейтті
Чехия үкіметі коронавирус жұқтырғандардың күрт артуына байланысты карантин шараларын күшейтті.
Премьер-министр Андрей Бабиш 21 қазан күнгі баспасөз мәслихаты кезінде қосымша сауда нүктелері жабық күйде қалады, көшеге жұмыс, отбасы шаруалары және азық-түлік алу үшін ғана шығуға болады, артық қозғалыс шектеледі, бұл ережелер кемінде 3 қарашаға дейін сақталады деп мәлімдеді.
"Ең әуелі азаматтардың өмірін қорғауға міндеттеміз" деді Бабиш.
Сәрсенбі күні Чехияда 14 968 адамнан коронавирус табылған. Эпидемия басталғалы бері барлығы 208 915 адамға вирус жұққан, 1739 адам Covid-тен қайтыс болған. Қазір 124 мыңнан астам адам емделіп жатыр. 4 417 адам ауруханада жатыр.
Ауруханада коронавирус жұқтырғандарға орын болу үшін медицина мекемелері жоспарлы түрде пациент қабылдауды азайтқан.
Денсаулық сақтау министрі Роман Примула қараша айының басында індет шарықтау шегіне жетеді деп болжайды.
Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 181 адам анықталды, 2 адам қайтыс болды
21 қазанда Қазақстанда 181 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 45 адам жазылып, пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, 1 тамыздан бері 36 381 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 28 363 адам жазылған, 390 адам қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid cтатистикасына қосуға кеңес бергенмен Қазақстан үкіметі құлақ аспай келеді. Елде коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталғандар мен клиникалық белгілері бойынша коронавирусқа шалдыққандар (коронавирус пневмониясы) есебі бөлек жарияланып жатыр.
21 тамызда коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 3 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирустан барлығы 1806 адам көз жұмған.
Қазір 2 716 адам коронавирустан емделіп жатыр, 177-і - бала. Стационарда - 2 118 адам, амбулаторлық жағдайда 598 адам емделіп жатыр. 101 адамның жағдайы - ауыр, 10 адамның жағдайы - өте ауыр, 15 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Өткен тәулікте 141 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
21 қазанда Қазақстанда 141 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде 84 адам жазылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, сәрсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (21) тіркелген. Қарағанды облысында - 16, Нұр-Сұлтанда - 15, Атырау облысында 12 адамнан коронавирус анықталған.
Елде наурыз айынан бері 109 907 адамға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған: 105 мыңнан астамы жазылған. 1803-і қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген 600-ден астам адам өлімі енгізілмеген.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны енгізілмей отыр. 1 тамыздан 21 қазанға дейін аурудың бұл түрі 36 мыңнан астам адамнан анықталып, 388-і қайтыс болған.
Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастардың дерегін көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.
Екі деректі қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғандар 146 мыңнан асады.
Қазақстан вирус жұқтырған дәрігерлерге бюджеттен өтемақы төлеуді тоқтатты
Қазақстан билігі жұмыс барысында коронавирус жұқтырған дәрігерлерге мемлекеттік бюджеттен бір реттік өтемақы төлеуді тоқтатты. Бұл туралы 21 қазанда өткен брифингте денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов хабарлады.
Оның сөзінше, коронавируспен күрес үшін құрылған үкіметаралық комиссия шешім қабылдап, 20 қазаннан бастап вирус жұқтырған дәрігерлерден өтемақыға өтініш қабылдау тоқтатты.
Қазақстан билігі наурызда елде індет тарай бастағанда коронавирус жұқтырған дәрігерлерге бюджеттен екі миллион теңге, індеттен қайтыс болған дәрігерлерге 10 миллион теңге төлеу туралы шешім қабылдаған.
Шоранов жұмыс барысында Covid індетіне шалдығып, қайтыс болған дәрігерлердің жақындарына берілетін 10 миллион теңге өтемақы сақталатынын жеткізді. Ресми мәлімет бойынша, елде наурыздан бері 182 дәрігер індеттен көз жұмған. Министрлік марқұм болған барлық дәрігердің жақындарына өтемақы төленгенін айтады.
Министрлік өкілінің сөзінше, енді дәрігер жұмыс барысында вирус жұқтырса, оған қолдауды медициналық мекеме, кәсіподақ не жергілікті билік көрсетуі тиіс.
"Бұл медициналық мекеме жетекшілеріне медқызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санэпидрежимді бақылауға ынталандырады" деді ол.
Шоранов жергілікті билік я медициналық мекеме вирус жұқтырған дәрігерге қолдауды қалай көрсететінін ашып айтпады.
Билік індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің жалақысына қосымша төлем төлеу сақталатынын мәлімдеді. Инфекциялық ауруханада істейтін медқызметкердің айлығына 850 мың теңге, провизорлық стационарда жұмыс істейтін дәрігер мен фельдшер жалақысына 425 мың теңге, карантиндік стационар, санитарлық дәрігер мен жедел жәрдем жүргізушісінің айлығына 212 мың теңге қосылады.
Қазақстанда індет басталғалы мыңдаған дәрігер вирус жұқтырған. Елде жаз айларында індет өршіген тұста індеттен көз жұмған дәрігерлердің де саны күрт артты. Билік вирус жұқтырған медқызметкерлерге және індеттен қайтыс болған дәрігерлердің жақындарына өтемақы төлеу үшін комиссия құрған. Коронавирус кесірінен қайтыс болған дәрігерлердің жақындары комиссия өтініштерін ұзақ қарап жатқанын айтып шағымдана бастады. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс барысында індетке шалдығып, көз жұмған дәрігерлердің өлім себебін тексермей бірден өтемақы төлеуді тапсырған.
Елде наурыздан бастап 145 мыңнан аса адам індетке шалдығып, екі мыңнан аса адам қайтыс болды.