Қазақстанда коронавирус жұққан 672 адам "ілеспе аурудан қайтыс болған"
15 қазан күнгі ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда "ілеспе аурудан қайтыс болғандар" 672 адамға жетті. 21 қазанда денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенген Qazaqtimes басылымы осылай деп хабарлады. Бұл науқастардың ағзасынан коронавирус инфекциясы табылғанмен арнайы комиссия олардың "Covid-тен емес, басқа ауру себебінен қайтыс болғанын" айтқан.
Сәуір айының соңында - коронавирус жұқтырғандар артып, Covid-пен байланысты адам өлімі көбейген шақта денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның барлық аймақтарында өлім-жітімді зерттейтін арнайы комиссия құрылатынын мәлімдеген. Комиссия коронавирус жұққан науқастардың өлімінің себебін зерттейді. Егер науқастың "коронавирустан емес, ілеспе аурудан көз жұмғаны анықталса", онда бұл өлім коронавирус статистикасына енгізілмейді. Бұған дейін көптеген мамандар Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус дерегіне күмән келтірген.
Қазақстанда ПТР-тест құны 8 мың теңге болды
Ұлттық сараптама орталығы коронавирусты анықтайтын ПТР-тестің құны 8 мың теңге болғанын хабарлады. Бұған дейін INVIVO және "Олимп" зертханалары 9 мың теңгеге коронавирус тестінен өтуге болатынын айтқан.
Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 220 адам анықталды
20 қазанда Қазақстанда 220 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 79 адам жазылып, пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, 1 тамыздан бері 36 200 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 28 318 адам жазылған, 388 адам қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid cтатистикасына қосуға кеңес бергенмен Қазақстан үкіметі құлақ аспай келеді. Елде коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталғандар мен клиникалық белгілері бойынша коронавирусқа шалдыққандар (коронавирус пневмониясы) есебі бөлек жарияланып жатыр.
20 тамызда коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 4 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирустан барлығы 1803 адам көз жұмған.
Қазір 2 662 адам коронавирустан емделіп жатыр, 181-і - бала. Стационарда - 2 145 адам, амбулаторлық жағдайда 517 адам емделіп жатыр. 91 адамның жағдайы - ауыр, 10 адамның жағдайы - өте ауыр, 13 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Өткен тәулікте 143 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды, 156 адам жазылды
20 қазанда Қазақстанда 143 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде 156 адам жазылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, сейсенбі күні ең көп науқас Нұр-Сұлтан қаласында (29) тіркелген. Шығыс Қазақстан облысы - 19, Қарағанды облысында - 16, Алматы облысында - 14, Алматы қаласында 13 адамнан коронавирус анықталған. Шымкент қаласында, Түркістан, Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.
Елде наурыз айынан бері 109 766 адамға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған: 105 мыңнан астамы жазылған. 1799-ы қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны енгізілмей отыр. 1 тамыздан 20 қазанға дейін аурудың бұл түрі 36 мыңға жуық адамнан анықталып, 387-і қайтыс болған.
Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастардың дерегін көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.
Екі деректі қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғандар 145 мыңнан асады.