- Авторы: Бағдат АСЫЛБЕК
Бекшин: Митинг өткізуге уақытша тыйым салу жағын қарастырып жатырмыз
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин эпидемиологиялық жағдайға байланысты бейбіт митинг өткізуге уақытша тыйым салынуы мүмкін екенін айтты. Егер бейбіт шараларға тыйым салынса, әкімдіктен рұқсат алынған митингілер де өтпеуі мүмкін.
— Көп адам жиналатын митингілерді өткізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Эпидемия кезінде он адамнан артық жиналмауы керек. Қыркүйекте митинг өткізуге рұқсат еттік ("Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ наразылық шарасын өткізген – ред.). Вирус жұқтырғандар аз болған кезде митингілер арақашықтық сақтап, маска тағып, дезинфекция қолданып өтті. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Сондықтан мұндай шараларға тыйым салу жағын қарастырамыз, - деді Бекшин 20 қазандағы брифингте.
Бекшин он адамнан аз жиналатын митингілер өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.
— Егер санитарлық норма рұқсат етсе, талапты бұза алмаймыз. Меніңше, 10 [адам] жиналып митинг өткізе алады. Егер вирус жұқтырғандар саны күрт өссе, мұндай митингілерге де тыйым салуды ұсынамыз, - деді ол.
Өткен аптада қазақстандық құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов әкімдіктен саяси реформа мен саяси-қуғын сүргінді тоқтатуты талап ететін 500 адамдық митингіге рұқсат алғандарын айтқан. Олар митингіге үш рет өтініш берген соң ғана шараны өткізуге мүмкіндік алды.
Ағелеуов 20 қазанда Азаттыққа әкімдіктен митинг өтпей қалуы мүмкін деген ескерту болмағанын айтты.
— Бекшинмен төрт күн бұрын сөйлескенбіз. Митинг өтпей қалады деген сөз болған жоқ, Егер өзгеріс болса хабарласатынын айтқан. Бірақ ол хабарласқан жоқ. Біз митинг өткізу позициямыздан таймаймыз. Өткіземіз деп айтқан соң бас тартпаймыз. Біз әр қаладан көптеген адамдарды шақырып қойдық, - дейді ол.
Азаттық тілшісі Алматы әкімдігіне хабарласып, "рұқсат етілген митингіге шектеу қойыла ма?" деп сұраған. Әкімдіктегілер ресми хат жолдауды өтінді.
Алматыда кейінгі күндері он шақты адамнан коронавирус табылып жатыр. Ресми дерек бойынша қалада, 14539 адамнан вирус анықталған. 14156 адам жазылып, 279 науқас қайтыс болды.
1,9 миллион тұрғыны бар Алматы Қазақстандағы ең ірі қала саналады.
Қазақстанда бір аптада коронавирустан 28 адам қайтыс болды
12-18 қазан аралығында Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болған.
Соңғы аптада Шығыс Қазақстан облысында (13) адам өлімі көп тіркелген. Алматыда - 4, Батыс Қазақстан облысында - 3, Атырау облысында - 2, Шымкент қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында әрқайсысында 1 адам қайтыс болған.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестімен расталған науқастар арасында 1799 адам өлімі тіркелген.
Денсаулық сақтау министрлігі "коронавирустан емес, қосымша аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адамның өлімін Covid статистикасына енгізбеген.
Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 8 адам қайтыс болды
19 қазанда Қазақстанда 15 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 16 адам жазылып, пневмонияның осы түрінен 5 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, 1 тамыздан бері 35 980 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 28 239 адам жазылған, 387 адам қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid cтатистикасына қосуға кеңес бергенмен Қазақстан үкіметі құлақ аспай келеді. Елде коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталғандар мен клиникалық белгілері бойынша коронавирусқа шалдыққандар (коронавирус пневмониясы) есебі бөлек жарияланып жатыр.
19 тамызда коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 3 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирустан барлығы 1799 адам көз жұмған.
Қазір 2 679 адам коронавирустан емделіп жатыр, 125-і - бала. Стационарда - 2 199 адам, амбулаторлық жағдайда 480 адам емделіп жатыр. 83 адамның жағдайы - ауыр, 12 адамның жағдайы - өте ауыр, 8 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Өткен тәулікте 115 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
19 қазанда Қазақстанда 115 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, дүйсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысы (18), Қарағанды облысы (16), Нұр-Cұлтан қаласында (13) анықталған. Түркістан, Маңғыстау облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.
Елде наурыз айынан бері 109 623 адамға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған: 105 мыңнан астамы жазылған. 1796-ы қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны енгізілмей отыр. 1 тамыздан 19 қазанға дейін аурудың бұл түрі 36 мыңға жуық адамнан анықталып, 382-і қайтыс болған.
Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастардың дерегін көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.
Екі деректі қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғандар 145 мыңнан асады.