Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

19:33 19.10.2020

Қазақстан әуежайдағы тексерісті күшейтті, бірақ елде кинотеатрлар жұмысын бастайды

26 қазаннан бастап Қазақстанда кинотеатрлар залдағы орындардың 30 пайызы толатындай көрермен қабылдап, жұмысын бастайды. Киноға келген жұрт арақашықтық сақтап, маска тағуы тиіс. Мұндай шешімді коронавируспен күрес үшін құрылған үкіметаралық комиссия қабылдады.

Комиссия шешіміне сай, кинотеатрлар эпидемиологиялық жағдайы тұрақты "жасыл" аймақтарда ғана ашыла бастайды. Бірақ "жасыл аймақтарға" қай облыстар кіретіні нақты айтылмады. Комиссия отырысында экраннан "жасыл аймаққа" Нұр-Сұлтан, Алматы, Маңғыстау облысы, БҚО, ШҚО және Атырау облысы кіретіні көрсетілді.

Бұған қоса, 19 қазандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, Алматы облысы, Павлодар облысы, ШҚО, СҚО, БҚО, Ақмола облысы, Қостанай облысында карантин шаралары күшейді.

Қазақстанда кинотеатрлар елде коронавирус тарауына байланысты карантин жарияланғалы, яғни наурыздан бері жабық тұр. 19 қазандағы онлайн-брифингте мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Азаттықтың сұрағына жауап бергенде пандемия басталғалы елдегі киноиндустрия "20 млрд теңгедей шығынға ұшырағанын" айтты.

Комиссия отырысында "жасыл аймақтарда" бизнес субъектілерінің жұмысын біртіндеп жандандыру да айтылды. 25 қазаннан бастап сенбіде сауда орталықтары, сауда үйлері мен жабық базарлар кешкі 5-ке дейін жұмыс істей алады.

Бұдан бөлек үкімет шекаралық пунктерде эпидемиологиялық бақылауды күшейтпек:

  • 26 қазаннан бастап эпиджағдайға қарай шетелдермен әуе рейстері қысқарады.
  • Шетелден Қазақстанға келген барлық адамнан (Қазақстан азаматтарымен қоса), көлік жүргізушілерден ПТР тест алынады.
  • Шетелден келген барлық адамның қолында үш күннің ішінде алынған анализ қорытындысы болуы шарт.
  • 19 қазаннан бастап аймақтардың басым бөлігінде ПТР тест бағасын 9 мың теңгеге дейін (21 доллар) арзандайды.

Қазақстанда мектепке дейінгі балалар мекемелері, бильярд, компьютер клубтары, түнгі клубтар, банкет залдары, ойын-сауық орындары жабық қала береді.

Өткен тәулікте Қазақстанда 102 адамнан коронавирус анықталды. 51 адамнан клиникалық белгілері Covid дертіне ұқсас пневмонияға шалдыққаны хабарланды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, наурыздан бері елде 145 мыңнан аса адам індетке шалдығып, екі мыңнан астам адам қайтыс болды.

Қазақстанда сарапшылар биліктің коронавирус дерегіне көп күмән келтіреді. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған жүздеген адамды "қазасына басқа ауру себеп болды" деп ресми статистикаға қоспады. Маусым-тамыз айында індет өршіген тұста клиникалық белгілері Covid дертіне ұқсас пневмониядан көз жұмған мыңнан аса марқұм да ресми статистикаға енбей қалды.

13:52 19.10.2020

Прагада карантинге қарсылық білдірген топ пен полиция қақтығысып қалды

18 қазанда Чехия астанасы Прагада карантин шараларына қарсылық білдірген жүздеген футбол және хоккей жанкүйері полициямен қақтығысып қалды.

Жексенбі күні шамамен екі мың адам қала орталығындағы Старомест алаңына жиналған. Акцияға қатысушылар саны рұқсат етілген межеден асып түскендіктен қала билігі шараның ретсіз өтіп жатқанын хабарлаған. Бірақ полиция жиналғандарды таратпайтынын мәлімдеген.

Алайда акция аяқталған соң оған қатысушылар полиция шебін бұзып өтуге тырысты, полицейлерге тас, ауыр заттар лақтырған. Ал полиция су шашып, резеңке таяқ қолданған. Ондаған адам ұсталған, зардап шеккендер де бар.

Көшеде күш қолдануды премьер-министр мен оппозициялық саясаткерлер де айыптады.

Наразылар негізінен коронавирусқа байланысты Чехия үкіметі енгізген карантин шараларына қарсылық білдірген. Бұған қоса, футбол және хоккей біріншілігі бойынша өтетін матчтардың көрсетілмеуіне де наразы болған.

Елде мәдени орындар, бар, мейрамхана, мектептер жабылған. Бірақ адамдардың көшеде жүруіне шектеу енгізілмеген. Дүкендер мен сауда орындары істеп жатыр.

Чехияда қыркүйек айында коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. Шамамен 10,6 млн халқы бар Шығыс Еуропадағы мемлекет Covid-ке шалдыққандар саны бойынша әлемде алдыңғы орынға шыққан. Күн сайын шамамен 10 мың адамнан коронавирус табылады. Бұл Чехия халқының 0,1 пайызына тең. Билік бұл шаралар коронавирустың тарауын бәсеңдетеді деп санайды.

09:48 19.10.2020

Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 5 адам қайтыс болды

18 қазанда Қазақстанда 51 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 16 адам жазылып, пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, 1 тамыздан бері 35 965 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 28 223 адам жазылған, 382 адам қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid cтатистикасына қосуға кеңес бергенмен Қазақстан үкіметі құлақ аспай келеді. Елде коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталғандар мен клиникалық белгілері бойынша коронавирусқа шалдыққандар (коронавирус пневмониясы) есебі бөлек жарияланып жатыр.

18 тамызда коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 4 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирустан барлығы 1796 адам көз жұмған.

Қазір 2 682 адам коронавирустан емделіп жатыр, 125-і - бала. Стационарда - 2 055 адам, амбулаторлық жағдайда 627 адам емделіп жатыр. 81 адамның жағдайы - ауыр, 12 адамның жағдайы - өте ауыр, 12 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

07:16 19.10.2020

Өткен тәулікте 102 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

18 қазанда Қазақстанда 102 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде 29 адам жазылған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Жексенбі күні ең көп науқас Нұр-Cұлтанда (17) тіркелген. Шығыс Қазақстан облысында - 15, Павлодар облысында - 11, Алматы қаласында 10 адамның Covid-ке шалдыққаны анықталған. Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.

Елде наурыз айынан бері 109 508 адамға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған: 105 мыңнан астамы жазылған. 1792-і қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

Covid жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны енгізілмей отыр. 1 тамыздан 18 қазанға дейін аурудың бұл түрі 35 914 адамнан анықталып, оның 381-і қайтыс болған.

Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастардың дерегін көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.

Екі деректі қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғаны расталғандар саны 145 мыңға жуықтайды.

Тағы

XS
SM
MD
LG