301 жаңа науқас және 5 адамның өлімі. Қазақстандағы коронавирус ахуалы жөніндегі тәулік дерегі жарияланды
17 қазанда Қазақстанда 301 адамның коронавирус ауруына шалдыққаны анықталды. Тәулік ішінде бес Covid өлімі тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ауруға шалдыққан 301 адамның 104-і вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқас болса, 197-сі диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған науқас болған. Соңғысын коронавирус пневмониясына шалдыққандар деп атайды.
Қазақстан билігі коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға тек Covid тестімен расталған науқастар дерегін қосып келеді. Оған сәйкес, Қазақстанда барлығы 109 406 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 1792-сі қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырған расталған, бірақ билік "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.
Ел үкіметі 1 тамыздан бері Covid тестімен расталмаған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 1 тамыз бен 18 қазан аралығында коронавирус пневмониясы диагнозы 35 914 адамға қойылған. Ауруға шалдыққан 381 адам қайтыс болған. Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға бұл дерек те кірмеген.
Джонс Хопкинс университеті Қазақстан билігінің дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастар санын көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін қосып отыр. Екі деректі қосқанда елде 145 320 адам вирус жұқтырған болады.
Қырғызстанда кейінгі үш күнде Covid жұқтырғандар күрт артты
Қырғызстанда өткен тәулікте 470 адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Елде коронавирус ауруына шалдыққандардың жалпы саны 51 490-ға жетті. Бұл туралы Қырғызстанның коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штабы хабарлады.
Кейінгі аптада инфекция жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 1,5 есе өскен. Өткен аптаның сенбісінде 307 науқас анықталған.
Кейінгі аптада коронавирус жұқтырғаны анықталған науқастар саны мынадай:
10 қазан – 307
11 қазан – 306
12 қазан – 298
13 қазан – 343
14 қазан – 330
15 қазан – 388
16 қазан – 431
17 қазан – 470
Коронавирустың өршуі 4 қазанда өткен Жогорку Кеңеш сайлауынан кейінгі толқумен тұспа-тұс келді. Келесі күні сайлау нәтижесі шығып, билікке жақын деген партиялар жеңімпаз атанғанда оппозициялық партиялар мен олардың жақтастары дауыс беру нәтижесі бұрмаланған деп наразылыққа шықты. 6 қазанға қараған түні демонстранттар президент пен парламент отыратын "Ақ үй" резиденциясын басып алып, түрмеде жатқан саясаткерлерді күшпен босатып алды. Толқудың соңы ел президенті Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуіне әкелді. Елді басқару міндетін сайлаудан кейінгі толқу кезінде жақтастары түрмеден босатып алған Садыр Жапаров атқарып отыр. Мұның алдында ғана ел парламенті оны премьер-министр етіп сайлаған.
Толқу басталардың алдында 4 қазан күні елде 207 коронавирус науқасы анықталған. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, елде барлығы 51 мың адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған. Қырғызстан 17 шілдеден бастап Covid пен ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы деректерін біріктіріп санап отыр.
Өткен тәулікте Covid тесті Қазақстанда 100 адамның вирус жұқтырғанын анықтады
Қазақстанда 16 қазан күні Covid тесті 100 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын растады. Аурудан бір күнде 120 адам жазылып шықты. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларында 13 науқастан шықты. Солтүстік Қазақстан облысында 12, Павлодар облысында 11, Шығыс Қазақстан облысында 10 науқас анықталды.
Ең төмен көрсеткіш Шымкент (2) қаласында, Ақтөбе (2) және Жамбыл (1) облыстарында. Кейінгі екі айда күн сайын бір немесе одан көп аймақта науқас тіркелмейтін. Өткен тәулікте вирус жұқтырғандар барлық аймақтан шықты.
Елде барлығы 109 302 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны Covid тестімен расталған. Оның 104 921-і аурудан айыққан, 1783-і қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің 24 тамыздағы дерегінше, мұндай адамдар саны 556 болған.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы науқастары да кірмейді. 1 тамыздан 16 қазанға дейін аурудың бұл түрі 35 559 адамнан анықталып, оның 376-сы қайтыс болды. Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастардың дерегін көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.
Екі деректі қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғаны расталғандар саны 145 мыңға жуықтайды.
Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 166 адам анықталды, 2 адам қайтыс болды
15 қазанда коронавирус пневмониясы жұққан 166 адам анықталды. Бір күнде пневмонияның бұл түрінен 2 адам қайтыс болды, 58 адам жазылды.
Қазақстан 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Содан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 35 559 адам анықталған, 80 пайызға жуығы немесе 28 118 адам жазылған. Екі айдан астам уақыт ішінде 376 адам қайтыс болған. Бірақ билік коронавирус пневмониясы дерегін коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Екі деректі біріктіргенде Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар 144 мыңнан асады.
Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында 3 адам қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 1783 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады.
Қазір 2 618 адам коронавирустан емделіп жатыр, 107-і – бала. Стационарда – 2042 адам, 576 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 81 адамның жағдайы – ауыр, 14 адамның жағдайы – өте ауыр, 12 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Жергілікті сарапшылар арасында ресми дерекке күмән келтіріп, ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен жоғары дейтіндер бар.