Өткен тәулікте 83 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
13 қазанда Қазақстанда 83 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің 14 қазан таңертең таратқан хабарламасындағы ақпарат бойынша, сейсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 11, Алматы қаласында - 10, Атырау облысында 9 науқас тіркелген. Қызылорда облысында өткен тәулікте бірде-бір адамнан коронавирус инфекциясы анықталмаған.
Қазақстанда барлығы 108 984 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны Covid тестімен расталған: 104 мыңнан астамы жазылған, 1771-і қайтыс болған. Коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының дерегі де қосылмай келеді. Қазақстанда 1 тамыздан 13 қазанға дейін пневмонияның бұл түріне 34 913 адам шалдыққан, 27 709-ы жазылған, 370-і қайтыс болған.
Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын тіркеп отырған институттар мен ұйымдар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек ПТР тестімен расталған науқастар санын көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid статистикасына коронавирус пневмониясы дерегін де қосып отыр. Екеуін қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғандар 144 мыңға жуықтайды.
Қытай: Циндао билігі қаладағы 9 миллион тұрғынның бәрін коронавирус тестінен өткізетінін хабарлады
12 қазанда Қытай билігі Циндао қаласында 12 адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, қалаға вирус сырттан келген. Портты қалада науқастар емделіп жатқан ғимараттар жабылған. Билік 9 млн адам тұратын қала тұрғындарының бәрін коронавирус тестінен өткізетінін хабарлады.
Қытай билігінің мәліметінше, тамыз айының басынан бері елде бірде-бір адамнан коронавирус анықталмаған. Алайда сарапшылар ауру белгісі байқалмаған науқастарды Covid статистикасына қоспайтын Қытайдың ресми орындары берген мәліметке күмәнмен қарайды.
Қытайда тұрғындарды жаппай тексеру вирустың таралуын бәсеңдетуге көмектескен.
Бір күнде Covid пен пневмониядан бес адам қайтыс болды
12 қазан күні Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққан 4 адам анықталды. Пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болды. 10 адам жазылды. 13 қазан таңертең денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада осындай мәлімет жазылған.
Қазақстан 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Содан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 34 913 адам анықталған, шамамен 80 пайызы немесе 27 709 адам жазылған. Екі айдан астам уақыт ішінде 370 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның бұл түрін ДДСҰ мен қазақстандық белсенділердің қысымынан соң коронавирустың салдарынан пайда болған ауру деп тануға мәжбүр болған. Бұл ауруға шалдыққандарда әдетте Covid белгілері байқалғанмен ПТР тесті теріс нәтиже көрсетеді.
Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 70 адам анықталған, 3 адам қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 108 901 адам анықталған. 104 203 адам жазылған. 1771 адам қайтыс болған.
Қазір 2 927 адам коронавирустан емделіп жатыр: 77-і - бала. 2 103 адам - стационарда, 824 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 85 адамның жағдайы ауыр, 12 адамның жағдайы өте ауыр, 13 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 37, 7 миллионнан асқан. 26,1 миллион адам жазылған. 1 млн 79 мың адам қайтыс болған.
Өткен тәулікте 70 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
12 қазанда Қазақстанда 70 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде 162 адам жазылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің 13 қазан таңертең таратқан хабарламасындағы ақпарат бойынша, дүйсенбі күні Солтүстік Қазақстан облысында - 12, Шығыс Қазақстан облысында - 11, Алматы қаласында 9 науқас тіркелген. Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында өткен тәулікте бірде-бір адамнан коронавирус инфекциясы анықталмаған.
Қазақстанда барлығы 108 901 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны Covid тестімен расталған: 104 мыңнан астамы жазылған, 1768-і қайтыс болған. Коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының дерегі де қосылмай келеді. Қазақстанда 1 тамыздан 11 қазанға дейін пневмонияның бұл түріне 34 909 адам шалдыққан, 27 699-ы жазылған, 368-і қайтыс болған.
Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын тіркеп отырған институттар мен ұйымдар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек ПТР тестімен расталған науқастар санын көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid статистикасына коронавирус пневмониясы дерегін де қосып отыр. Екеуін қосқанда Қазақстанда вирус жұқтырғандар 143 мыңнан асады.