Еуропада коронавирус жұқтырғандар еселеп көбейіп барады. Карантин шаралары күшейді
Еуропада коронавирус жұқтырғандар барған сайын еселеп артып, билік шектеу шараларын қайтадан күшейтіп жатыр.
Еуропада күн сайын 100 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталады. Егер індетті ауыздықтау үшін тез арада шара қолданбаса, жақын арада жағдай ушығып, ауруханаларда орын қалмайды деген қауіп бар. Маусым сайын тұмау-сырқаудың көбеюі де жағдайды ушықтырып отыр.
Еуропада Ұлыбритания, Ресей, Испания, Франция, Чехия вирус ошағына айналған. "Індеттің екінші толқынына" өзге елдер де дайындалып жатыр.
11 қазанда Ресейде 13 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Бұл пандемия басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Францияда бір күнде індет өрістеген шақ – сәуір айындағы көрсеткіштен екі есеге көп науқас тіркелді. Соңғы аптада елде шамамен 20 мың адамнан коронавирус анықталған. 11 қазанда Францияның екі қаласы эпидемиологиялық тұрғыда жоғары деңгейде қауіп төнген қалалар (8 қала) қатарына қосылды.
Чехия үкіметі 14 қазаннан бастап коронавируспен күрес шараларын қатайтады деп мәлімдеді премьер-министр Андрей Бабиш.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 12 қазанда Англияның солтүстігіндегі коронавирус ошақтарында жаңадан шектеу шараларын енгізетінін хабарлады.
Италия да мемлекет деңгейінде шектеу шараларын күшейтуге дайындықты бастап кетті.
СҚО-да коронавирусқа байланысты тағы бір қала мен ауыл карантинге жабылды
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласы және Есіл ауданының орталығы Явленка ауылы 12 қазанда карантинге жабылды. Соңғы екі аптада аталған елді мекендердің әрқайсысында 16 адамнан коронавирус анықталған.
Дүйсенбі күні карантиндік аймақтарда блокбекеттер орнатылды. Тұрғындардың кешкі сағат 22.00 мен таңертеңгі сағат 6.00 аралығында үйлерінен шығуына шектеу қойылды. Мамлютка қаласының Ресеймен шекарада орналасуына байланысты 100 орынға шақталған карантиндік стационар ашылған. Қазіргі таңда 58 адам тест нәтижесін күтіп жатыр.
– Қала 14 күнге карантинге жабылады. Өңірде коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты осындай шешім қабылданды. Бизнес нысандары, дүкендер түнгі сағат 11-ге дейін істеуші еді. Қазір қаулыға сәйкес 9-ға дейін жұмыс істейді. Алайда қатаң шектеу жоқ. Қоғамдық көлік жүрмейді. Таксимен жүруге болады. Аудан орталығында үш мектеп бар. Олар – онлайн режимде, ал бастауыш сыныптар штаттық режимде жұмыс істейді. Мектептер бұрыңғыдай оқуларын жалғастыра береді, – деді Мамлютка қаласы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова.
9 қазан күні СҚО-да Булаев қаласы карантинге жабылған еді. Екі апта ішінде мұнда 24 адам вирус жұқтырған.
Қазір Булаев қаласы, Жұмабаев атындағы аудан мен Петропавл қаласы арасында жолаушылар тасымалы тұтас тоқтаған. Булаев қаласы тұрғындарына түнде сыртқа шығуына шектеу қойылған. Тұрғындар күндіз жұмысқа, дүкенге, дәріханаға еркін бара алады. 65 жастан асқан адамдарға мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берілген. Кәмелет жасқа толмағандарға кешкі сағат 19-дан кейін ересектерсіз жүруге шектеу қойылған. Қонақ шақыруға тыйым салынған. Жерлеу рәсіміне 30-дан артық адам қатыспауы тиіс.
Мамлютка мен Булаев қалалары Ресеймен шекарада орналасқан.
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы тәулікте 11 адам коронавирус жұқтырған. Наурыз айынан бері аймақта 3921 адамнан коронавирус анықталған, 22 адам қайтыс болған. Аймақ науқастар саны жағынан республикада төменгі орындарда тұрғанмен соңғы уақытта мұнда коронавирус жұқтырғандар көбейгені байқалады.
Covid пен "пневмониядан" тағы 4 адам қайтыс болды
11 қазан күні Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққан 34 адам анықталды. Пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болды. 23 адам жазылды. 12 қазан таңертең денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада осындай мәлімет жазылған.
Қазақстан 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Содан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 34 909 адам анықталған, шамамен 80 пайызы немесе 27 699 адам жазылған. Екі айдан астам уақыт ішінде 368 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның бұл түрін ДДСҰ мен қазақстандық белсенділердің қысымынан соң коронавирустың салдарынан пайда болған ауру деп тануға мәжбүр болған. Бұл ауруға шалдыққандарда әдетте Covid белгілері байқалғанмен ПТР тесті теріс нәтиже көрсетеді.
Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 74 адам анықталған, 3 адам қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 108 831 адам анықталған. 104 041 адам жазылған. 1768 адам қайтыс болған.
Қазір 3 022 адам коронавирустан емделіп жатыр: 72-і - бала. 2030 адам - стационарда, 992 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 84 адамның жағдайы ауыр, 13 адамның жағдайы өте ауыр, 11 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 37,3 миллионнан асқан. 25,9 миллион адам жазылған. 1 млн 75 мың адам қайтыс болған.
Өткен тәулікте 74 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
11 қазанда Қазақстанда 74 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде коронавирус ауруынан 61 адам жазылып шықты.
Денсаулық сақтау министрлігінің 12 қазан таңертең таратқан хабарламасындағы ақпарат бойынша, жексенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 11, Солтүстік Қазақстан облысында 11 науқас тіркелді. Қалған облыстар мен қалаларда анықталған науқастар оннан аспайды. Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарында өткен тәулікте бірде-бір адамнан коронавирус инфекциясы анықталмаған.
Қазақстанда барлығы 108 831 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны Covid тестімен расталған: 104 041-і жазылған, 1765-і қайтыс болған. Коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының дерегі де қосылмай келеді. Қазақстанда 1 тамыздан 10 қазанға дейін пневмонияның бұл түріне 34 875 адам шалдыққан, 27 676-ы жазылған, 367-і қайтыс болған.
Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын тіркеп отырған институттар мен ұйымдар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек ПТР тестімен расталған науқастар санын көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid статистикасына коронавирус пневмониясы дерегін де қосып отыр. Екеуін қосқанда Қазақстанда вирусты жұқтырғандар 143 мыңнан асады.