Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:59 11.10.2020

Covid пен "пневмония". Коронавирустан тағы 5 адам қайтыс болды

Коронавирус науқастарын емдейтін ауруханадағы медқызметкерлер науқасты тасымалдап жатыр. Көрнекі сурет.
Коронавирус науқастарын емдейтін ауруханадағы медқызметкерлер науқасты тасымалдап жатыр. Көрнекі сурет.

10 қазан күні Қазақстанда бес адамның коронавирустан қайтыс болғаны белгілі болды. Оның үшеуі – вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқас, екеуі – вирус жұқтырғаны диагнозы бойынша анықталған коронавирус пневмониясына шалдыққан науқас.

Қазақстанның Covid жөніндегі ұлттық статистикасы вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар негізінде жүргізіліп келеді. 13 наурыздан 11 қазанға дейін елде 108 мыңнан астам науқастың Covid тесті оң шыққан. Оның 104 мыңға жуығы жазылып шыққан, 1,7 мыңнан астамы қайтыс болған. Бұл санға Covid инфекциясын жұқтырған бірақ билік "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген науқас кірмеді.

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап диагнозы Covid тестімен емес, ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. Тамыздың басынан 11 қазанға дейінгі аралықты пневмонияның бұл түрі 34,8 мың адамнан анықталған. Оның 27,6 мыңы жазылған, 367-сі қайтыс болған. Билік бұл деректі Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Әлемдік ресурстар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар санын ғана көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясының дерегін қосып санап отыр. Екеуін қосқанда елде 144,5 мың адам коронавирус жұқтырған болып шығады.

Пневмония жаздың алғашқы екі айында өршіді. Алайда ол екі айдың дерегі Covid статистикасына да, коронавирус пневмониясы статистикасына да қосылмады. Жыл басынан 2 тамызға дейін 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш.

08:04 11.10.2020

Covid тесті растаған дерек. Өткен тәулікте 94 адамнан коронавирус анықталды

Медқызметкер Covid тестіне сынама алып жатыр. Көрнекі сурет.
Медқызметкер Covid тестіне сынама алып жатыр. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 10 қазан күні 94 адамның Covid тесті оң шыққаны мәлім болды. Тәулік ішінде коронавирус ауруынан 70 адам жазылып шықты. Бұл туралы Қазақстан денсаулық министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында 17, Нұр-Сұлтан қаласында 15, Солтүстік Қазақстан облысында 13 науқас тіркелді. Алматыда 9 адамнан, Павлодарда 8 адамнан коронавирус анықталды. Алты аймақта 4 науқастан тіркелді. Олар: Шымкент қаласы, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола және Қостанай облыстары. Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарында коронавируске шалдыққандар қатары көбеймеді.

Қазақстанда барлығы 108 757 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны Covid тестімен расталған. Оның 103 980-і жазылған, 1762-сі қайтыс болған. Коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.

Covid жөніндегі ұлттық статистикаға ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының дерегі де қосылмай келеді. Қазақстанда 1 тамыздан 10 қазанға дейін пневмонияның бұл түрі 34 617 адам шалдыққан. Оның 27 618-і жазылған, 365-і қайтыс болған.

Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын тіркеп отырған институттар мен ұйымдар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, тек ПТР тестімен расталған науқастардың санын көрсетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid статистикасына коронавирус пневмониясы дерегін де қосып отыр. Екеуін қосқанда Қазақстанда вирусты жұқтырғандар 143 мыңнан асады.

Белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония науқастары 1 тамызға дейін де болған. 1-8 шілде аралығында бір аптада елде 56,8 мың адамның пневмонияға шалдыққаны анықталған. Оның 39,7 мыңында коронавирус белгілері байқалған. Бірақ оның ешқайсысы ұлттық статистикаға қосылған жоқ.

11:15 10.10.2020

Covid тестімен расталмаған дерек. Бір күнде 233 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды

Қорғаныс киімін киген медқызметкер пандемия кезінде. Көрнекі сурет.
Қорғаныс киімін киген медқызметкер пандемия кезінде. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 9 қазан күні 233 адамның ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына шалдыққаны белгілі болды. Тәулік ішінде осы ауруға шалдыққан 21 адам жазылып шықты, бір адам қайтыс болды.

Қазақстан коронавирус екені ПТР тестімен расталмаған бірақ белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіліп келеді. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түрі бойынша 34 617 науқас тіркелді. Оның ішінде 27 618 науқас жазылып шықты, 365 адам көз жұмды.

Ел арасында коронавирус пневмониясы аталып кеткен бұл аурудың есебі Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қосылмай отыр. Ол статистикаға тек ПТР тестімен расталған науқастар ғана кіреді. Covid тестімен расталған науқастар саны – 108 663. Оның 103 910-ы жазылып шыққан, 1762-сі қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.

ПТР тестімен расталған коронавирус дерегінің аймақ бойынша бөлінісі жарияланса, коронавирус пневмониясы дерегі тек республика бойынша жарияланып отыр. Пневмонияның бұл түріне қай облыстың тұрғындары көбірек шалдығып отырғаны айтылмайды.

Қазақстанда жаз айларында пневмония ауруы мезгілсіз өршіп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан 2 тамызға дейін 256 мың адам пневмония шалдыққан. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Мамандар пневмонияны қоздырып отырған коронавирус инфекциясы деді. Билік бұл науқастардың ешқайсысын коронавирус статистикасына қоспады. Коронавирус пневмониясының есебі басталған 1 тамызға дейін аурудың өршуі азайып қалған.

11:14 10.10.2020

ПТР растаған дерек. Қазақстанда екінші күн қатарынан 100-ден астам адамнан Covid анықталды

Қорғаныс киімін киген медқызметкер науқасты қабылдап отыр. Көрнекі сурет.
Қорғаныс киімін киген медқызметкер науқасты қабылдап отыр. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 9 қазан күні 102 адамның коронавирусқа тапсырған ПТР тесті оң шықты. Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталғандар саны екінші күн қатарынан 100-ден асып отыр. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясы 107 адамнан анықталған. Мұның алдында науқастар саны 100-ден 4 қыркүйекте асқан.

Тәулік көрсеткіші бойынша, аймақтар көшін Шығыс Қазақстан облысы бастап тұр. Онда бір күнде 20 адамның Covid жұқтырғаны расталған. Кейінгі айларда облыс коронавирус науқастары жөнінен тұрақты түрді бірінші орыннан табылып келеді.

Нұр-Сұлтанда 13, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында 12, Алматы қаласында 10, Павлодар облысында 9 науқастан тіркелген. Шымкент қаласында, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында науқас анықталған жоқ.

Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқастар саны 108 663 болды. Аурудан жазылып шыққандар саны тәулік ішінде 152 адамға артып, 103 910-ға жетті. Билік дерегі бойынша, елде коронавирустан 1759 адам қайтыс болған. Бұл дерекке вирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген. Оған сондай-ақ вирус жұқтырғаны диагнозы бойынша анықталған коронавирус пневмониясынан қайтыс болғандар да қосылмаған.

Қазақстан 1 тамыздан бері Covid тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. Пневмонияның бұл түрі 9 қазанған дейін 34 384 адамнан анықталып, оның 364-і қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл деректі Covid жөніндегі ұлттық статистикаға біріктірмей отыр.

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы Covid науқастары мен коронавирус пневмония науқастарының санын біріктіріп көрсетіп отыр. Екі санды біріктіргенде науқастар саны 143 мыңнан асады. Бұл вирустың тарауы бастау алған Қытайдың көрсеткішінен 50 мыңнан астам науқасқа көп. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Қытайда коронавирус инфекциясы 90,7 мың адамнан анықталған.

Тағы

XS
SM
MD
LG