Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 241 адам анықталды, 2 адам қайтыс болды
8 қазанда Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққан 241 адам анықталды, екі адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің 9 қазан күндіз таратқан хабарламасында осындай мәлімет жазылған. Бір күнде 25 адам аурудан айыққан.
Қазақстан 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Содан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 34 384 адам анықталған, шамамен 80 пайызы немесе 27 597 адам жазылған. Екі айдан астам уақыт ішінде 364 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның бұл түрін ДДСҰ мен қазақстандық медик-белсенділердің қысымынан соң коронавирустың салдарынан пайда болған ауру деп тануға мәжбүр болған. Бұл ауруға шалдыққандарда әдетте Covid белгілері байқалғанмен ПТР тесті теріс нәтиже көрсетеді.
Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 107 адам анықталған. 4 қыркүйектен бері алғаш рет бір күнде 100-ден астам адамнан коронавирус табылып отыр. Жақында билік "індеттің екінші толқынына дайындық жасау қажеттігін" айтқан. Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген 108 561 адам анықталған. 103 758 адам жазылған. 1759 адам қайтыс болған.
Қазір 3 044 адам коронавирустан емделіп жатыр: 74-і - бала. 1950 адам - стационарда, 1094 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 84 адамның жағдайы ауыр, 13 адамның жағдайы өте ауыр, 11 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 36,4 миллионнан асқан. 25,3 миллион адам жазылған. 1 млн 60 мың адам қайтыс болған.
Соңғы айда алғаш рет бір күнде 100-ден астам адамнан коронавирус анықталды
8 қазанда Қазақстанда 107 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Соңғы айда алғаш рет бір күнде анықталған науқастар саны 100-ден асып отыр. Соңғы рет 4 қыркүйекте 104 адамнан Covid табылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің 9 қазан таңертең таратқан хабарламасындағы мәлімет бойынша, бейсенбі күні Нұр-Сұлтанда – 17, Шығыс Қазақстан облысында – 16, Солтүстік Қазақстан облысында – 14, Алматы қаласында 11 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қызылорда облысында бірде-бір науқас тіркелмеген.
Елде коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталған науқастар 108 561 адамға жетті. 103 758 адам жазылған. 1756 адам көз жұмған.
Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, наурыз айынан бері Қазақстанда 142 289 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Халықаралық ұйым коронавирус пневмониясына шалдыққандарды да қосып, бірге есептеп отыр. Қазақстан билігі бастапқыда пневмонияны Covid есебіне қосатынын айтқанмен кейінірек бұл ойынан айныды.
Қазақстанда 1 тамыздан бері 34 143 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 27 572 адам жазылған. 362 адам қайтыс болған.
Министрлік: Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 266 адам анықталды
7 қазанда Қазақстанда 266 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Өткен тәулікте пневмонияның осы түрінен бір адам қайтыс болған, 9 адам жазылған. Денсаулық сақтау министрлігінің 8 қазанда таратқан хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
1 тамыздан бері 34 143 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 27 572 адам жазылған. 362 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі күніне екі рет Covid есебін жариялап жүр. Әуелі коронавирус жұққаны ПТР тестімен дәлелденген науқастар санын жариялайды, одан соң белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар санын, бұған қоса алғашқы айтылған топ бойынша тіркелген адам өлімі есебін де жариялайды.
7 қазанда коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар арасында 4 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері 1756 адам көз жұмған. Қазір 3094 адам коронавирустан емделіп жатыр: 70-і - бала. 1898 адам - стационарда, 1196 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 87 адамның жағдайы ауыр, 13 адамның жағдайы өте ауыр. 15 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына қарамастан коронавирус пневмониясы есебін Covid статистикасына қоспай отыр. Егер екі көрсеткішті қосса, коронавирусқа шалдыққандар саны 142 мыңнан асып кетеді.