Қазақстанда өткен тәулікте 92 адамнан коронавирус анықталды, 139 адам жазылды
Денсаулық сақтау министрлігінің бейсенбі күні таңертең таратқан хабарламасындағы ақпарат бойынша, өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында - 19, Алматы қаласында - 10, Солтүстік Қазақстан облысында - 9, Нұр-Сұлтан қаласында 8 адамнан коронавирус анықталған. Қызылорда облысында бірде-бір науқас тіркелмеген.
Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандардың жалпы саны 108 454 адамға жетті: 103 мыңы жазылған, 1752-і қайтыс болған. Вирус жұқтырғаны расталған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның өлімі Covid бойынша ұлттық статистикаға қосылмаған.
Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын вирустық пневмонияның есебін жүргізіп келеді. 6 қазанға дейін 33 877 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Оның 27 563-і жазылып шыққан, 361-і қайтыс болған.
Цой "жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, желтоқсанның ортасында локдаун енгізіледі" деп болжайды
7 қазанда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың екінші толқынына дайындықты талқылаған жиынында "егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тағып жүрсе, желтоқсан айында толық карантин (локдаун) жариялануы мүмкін" екенін айтты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында елдегі індеттің беталысына қатысты үш сценарий ұсынды.
Цой ұсынған "Пессимистік сценарий" бойынша, егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға "тура келеді". Мұндай жағдайда "желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі мүмкін".
Цойдың сөзінше, "Реалистік сценарий" бойынша, жұрт арақашықтық сақтап, 70 пайызы маска тақса, қазан-желтоқсанда 90 мыңдай адам вирус жұқтырып, 30 мыңын ауруханаға жатқызуға "тура келеді". Бұл жағдайда "қаңтарда локдаун енгізуілуі мүмкін".
Цой егер жұрттың 100 пайызы маска тағып жүрсе, қатаң карантин болмайтынын, қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адамға вирус жұғып, 15 мың адам ауруханаға түсетінін айтады.
Министрдің сөзінше, елдегі ауруханалардың 70 пайызы толса, қатаң карантин жариялау керек болады.
7 қазандағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 142 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2100-ден аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген. 131 мың адам дерттен айықты.
Қазақстанда наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелген соң билік елде төтенше жағдай жариялап, локдаун енгізген. Кейін мамырда төтенше жағдайды аяқтап, билік экономиканы ашу үшін карантин шараларын жеңілдете бастаған. Бірақ маусымның ортасында елде індет қайта ұшығып, ауруханаларда орын, дәріханада дәрі тапшылығы байқалған. Осыдан соң билік елде екінші рет карантин жариялауға мәжбүр болды.
Маусым-тамыз арасында елде коронавирус пен клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмониядан мыңдаған адам көз жұмды.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 7 қазандағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 142 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2100-ден аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 131 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 3145 адам емделіп жатыр. Олардың 1882-і ауруханада, 1263-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 74 бала бар.
- 89 науқастың жағдайы ауыр. Оның 15-інің халі өте ауыр. 15 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- 138 оқушыға вирус жұққан. Оның ішінде 86 бала қашықтан, 52 оқушы кезекші сыныптарда оқып жүрген. Екі балаға пневмония диагнозы қойылды.
- Елде Кавасаки синдромына 45 бала шалдықты. Олардың көбі Нұр-Сұлтанда. 38 бала жазылып шықты, біреуі емделіп жатыр. Екі сәби шетінеген.
- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда Нұр-Сұлтанда індеттің екінші толқынына даярлық жасау мәселесі талқыланған жиында індеттен қайтыс болған барлық дәрігердің «өлім себебін тексермей» олардың отбасыларына өтемақы төлеуді тапсырды. Билік індетпен күрес кезде қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 10 млн теңге төлеуге уәде еткен еді.
- Тоқаевтың айтуынша, наурыз бен қазанның арасында елде 182 медқызметкер коронавирустан қайтыс болған. 37 медқызметкердің отбасы ғана өтемақы алған.
- Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пандемия кезінде Қазақстанда 12830 медқызметкер індетке шалдыққан. Олардың 8442-і қызметін атқару кезінде науқастанған. 4550 медқызметкер өтемақы алды. Билік індетпен күресте вирус жұқтырған дәрігерге 2 млн төлейтінін мәлімдеген еді.
- Тоқаевтың сөзінше, қазір елде орта есеппен 18 мың тест алынады. Ол үкіметке тест санын көбейтуді, анализ бағасын арзандатуды тапсырды. Қазір елде коронавирус тестін тапсыру құны – 10-18 мың теңге.
Тоқаев Covid-тен қайтыс болған барлық дәрігердің отбасына өтемақы төлеуді тапсырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда Нұр-Сұлтанда "індеттің екінші толқынына" даярлық жасау мәселесі талқыланған жиында Covid-тен қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу барысын сынады. Президенттің сөзіне қарағанда бұл салада "бюрократиялық тосқауылдар" көп.
"Мен берген тапсырма бойынша екінші жарты жылдықта 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде әлі күнге дейін бюрократиялық тосқауылдар бар" деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, кейбір жерлерде қызметкерлер "санмен ойнап", үстемақы үлестіру ісін ашық жүргізбеген. Кейбір мекемелерде бас дәрігерлер медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын дұрыс есептемеген.
"Медицина қызметкерлері өзіне тиесілі ақшаны өтініп сұрамауы тиіс" деді Тоқаев.
30 қыркүйек күнгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 182 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болған. Тоқаевтың айтуынша, тек 37 отбасыға ғана өтемақы төленген.
"[Медицина қызметкерлері] өлімінің себебін анықтау түрлі қиындық туғызады, кейбірі этикамен де байланысты. Осыған орай үкіметке қайтыс болған барлық медицина қызметкерінің отбасына өтемақы төлеуді тапсырамын" деді ол.
Президент сонымен бірге кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұқтырған дәрігерлерге де өтемақыны кешіктірмей төлеуді тапсырған.
Заңға сәйкес, елде коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Әзірге қанша медицина қызметкерінің өтініші қанағаттандырылмағаны туралы мәлімет жоқ. Ал өтемақы алмағанына шағымданған медицина қызметкерлері көп. Бұған дейін Нұр-Сұлтанда 103 станциясында қызмет ететін кейбір фельдшерлер жұмыста коронавирус жұқса да, өтемақы өтінішіміз қаралмай отыр деп шағымданған еді. Көктем мен жаз айларында ондаған медицина қызметкері "коронавирус жұққан науқастарды емдесек те үстемақы алмадық" деп шағымданған. Кейбірі үстемақының дұрыс есептелмегенін алға тартқан.
Ресми мәлімет бойынша, 12 830 мың медицина қызметкеріне коронавирус жұққан: 8 339 дәрігердің вирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған.
Заң бойынша, коронавирус немесе коронавирус пневмониясын жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.