Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан тағы 5 адам қайтыс болды
4 қазанда Қазақстанда тағы 37 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болды. Бір күнде 57 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 5 қазанда таратқан хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
1 тамыздан бері 33 608 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 27 507 адам жазылған. 360 адам қайтыс болған.
Қазақстан үкіметі вирус жұқтырғаны ПТР-тестімен расталмаған коронавирус пневмониясына шалдыққан науқастар есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Оған 1 тамызға дейін коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. Министрлік оларды пневмонияның басқа түріне шалдыққандардан ажырату мүмкін болмағанын айтқан.
1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 мың адам жалпы пневмонияға шалдыққан. Бұл - былтырғы жылдың алғашқы жеті ай көрсеткішімен салыстырғанда 3,3 есе көп. Денсаулық сақтау министрлігі ол науқастардың қаншасы бактериялық, қаншасы вирустық пневмонияға шалдыққанын нақтыламады. Алайда ведомство 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан коронавирус пневмониясы анықталғанын, оның ішінде 39,7 мыңында коронавирус белгілері байқалғанын мәлімдеген.
4 қазанда коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар арасында 3 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері 1746 адам көз жұмған. Қазір 3213 адам коронавирустан емделіп жатыр. 73-і - бала. Стационарда - 1806, амбулаторлық жағдайда 1407 адам емделіп жатыр. 89 адамның жағдайы ауыр, 12 адамның жағдайы өте ауыр. 19 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына қарамастан коронавирус пневмониясы есебін Covid статистикасына қоспай отыр. Егер екі көрсеткішті қосса, коронавирус шалдыққандар саны 141 мыңнан асып кетеді.
Мамандар тек ПТР-тестіне сүйену шынайы ахуалды көрсетпейді деп санайды. Себебі, біріншіден, жұрттың бәріне ПТР-тесті жете бермейді. Екіншіден, ПТР-тестің нәтижесі қате болуы мүмкін екенін ДДСҰ-ның өзі мойындап отыр. Бұған тест сапасы және сынаманың дұрыс алынбауы секілді факторлар әсер мүмкін.
Қазақстанда бір күнде 59 адамнан коронавирус анықталды, 72 адам жазылды
4 қазанда Қазақстанда 59 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде 72 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Жексенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 14, Қарағанды облысында - 13, Солтүстік Қазақстан облысында 9 адамнан коронавирус анықталған. Шымкент қаласы, Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында ешкімнен коронавирус табылмаған.
Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандардың жалпы саны 108 236 адамға жетті: 103 277-і жазылған, 1743-і қайтыс болған. Вирус жұқтырғаны расталған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның өлімі Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қосылмаған.
Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын вирустық пневмонияның есебін жүргізіп келеді. 4 қазанға дейін 33 571 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Оның 27 450-і жазылып шыққан, 358-і қайтыс болған.
Украинаның экс-президенті Порошенко коронавирус пневмониясына шалдығып, ауруханаға түсті
Украинаның бұрынғы президент Петр Порошенко екіжақты пневмониямен ауруханаға түсті. Бұл туралы 3 қазан күні оның әйелі хабарлады. Бірнеше күн бұрын Порошенконың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны хабаралғанған.
"Күйеуім екіжақты пневмонияға шалдықты, бірақ ол жігерлі адам және онысын осы ауруға қарсы күресте көрсетіп отыр" деді Марина Порошенко Facebook-те жарияланған видео мәлімдемесінде. Оның сөзінше, Порошенко Киевтегі коронавирус науқастарын емдейтін ауруханаға жатқызылған.
55 жастағы экс-президент 29 қыркүйек күні коронавирус тесті оң нәтиже бергенін, емді үйде алып жатқанын мәлімдеген. Порошенко қант диабетімен ауырады. Бұл ауру коронавирус қатерін арттырады деп саналады.
Кондитер өнімдерін шығарумен айналысып, миллиардер атанған Порошенко қазір Украина парламентінің мүшесі және "Европейская солидарность" партиясының жетекшісі қызметін атқарып отыр.
Ол президенттікке 2014 жылы болған Қырым аннекциясынан кейін келді. 2019 жылғы сайлауда ол қазіргі президент Владимир Зеленскийден жеңіліп қалды.
40 миллионнан жуық халқы бар Украинада 222 мыңнан астам адам Covid инфекциясын жұқтырған, 4,3 мың адам қайтыс болған.
Мұның алдында Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко мен Зеленскийдің әйелі де вирусты жұқтырған, бірақ жазылып шыққан.
ПТР растаған дерек. Бір күнде 71 науқас тіркелді
Қазақстанда 3 қазан күні 71 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталды. Тәулік ішінде аурудан 95 адам жазылып шыққан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Вирус жұқтырғандардың тәулік көрсеткіші бойынша әдеттегідей Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Облыста бір күнде 18 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтанда бір күнде анықталған науқастар саны – 14. Ел астанасында тәулік ішінде тіркелген науқастар саны алдыңғы күндермен салыстырғанда едәуір артқан. Алматы мен Шымкентте және Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында бір-бір науқастан анықталған. Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында ешкімнің ПТР тесті оң нәтиже бермеді.
Елде індет басталғалы барлығы 108 177 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталды. Оның ішінде 103 205 адам жазылып шыққан, 1743 адам қайтыс болған. Бұл – тек Covid жөніндегі ұлттық статистика. Коронавирус жұқтырған, бірақ өлімі "ілеспе аурудан болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмеген. Статистикаға диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясы науқастары да қосылмаған.
Қазақстан коронавирус пневмониясының есебін 1 тамыздан беріп жүргізіп келеді. Сол уақыттан осы күнге дейін барлығы 33 571 науқас осы диагноз қойылған. Оның ішінде 27 450 науқас жазылған, 358 адам қайтыс болған.
Вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында дәл қазір 3 229 адам емделіп жатыр. Олардың ішінде 85 адамның ахуалы нашар, 13 адамның жағдайы "аса қатты ауыр". 21 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.