Бір күнде 179 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, Covid-ті қосқанда 5 адам қайтыс болған
30 қыркүйекте Қазақстанда 179 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болды. Бір күнде 73 адам жазылып шықты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Бейсенбі күні пневмония туралы ақпарат әдеттегіден кешірек жарияланды. Министрлік оның себебін түсіндірмеді.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 32 979 адамға жеткен. 27 242-і жазылған. 5 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясынан емделіп жатыр. 355 адам қайтыс болған.
Дүйсенбі күні коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған науқастар арасында 3 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері 1734 адам көз жұмған.
Қазір коронавирус ауруынан 3 303 емделіп жатыр, 56-ы – бала. Стационарда – 1 813 адам, амбулаторлық жағдайда 1 495 адам емделіп жатыр. 94 адамның жағдайы ауыр, 13 науқастың жағдайы өте ауыр. 21 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Елде коронавирус пневмониясы бөлек есептелгенге дейін яғни, 1 тамызға дейін 8 ай ішінде 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде ауырған. ДСМ мұның ішінде нешеуі коронавирус пневмониясы екенін айтпады. Министрлік бар болғаны 1-8 шілде аралығында пневмония 56,8 мың адамнан анықталғанын, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болғанын айтты.
Қазақстанда өткен тәулікте 71 адамнан коронавирус инфекциясы табылды
30 қыркүйекте Қазақстанда 71 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 63 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 қазан таңертең таратқан ақпаратында осындай мәлімет айтылады.
Сәрсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 16, Нұр-Сұлтан қаласында - 10, Атырау облысында 4 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Шымкент қаласы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында науқас тіркелмеген.
Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған науқастар 107 979 адамға жетті. 90 пайыздан астамы жазылған. 3 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Наурыз айынан бері 1731 адам қайтыс болған.
Бұл статистикаға коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. Ресми мәлімет бойынша, 1 тамыздан бері 32 мыңнан астам адам халықаралық сарапшылар Covid деп санайтын пневмонияның осы түріне шалдыққан. Бұған қоса, денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұққаны анықталған жүздеген адам өлімін ресми есепке енгізбеген. Арнайы комиссия оларды "ілеспе аурудан қайтыс болды" деп санайды.
30 қыркүйекте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа оқу жылы басталғалы бері елде 104 оқушыға коронавирус жұққанын, 30 пайызы кезекші сыныпта оқығанын мәлімдеді. Сәрсенбі күні "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының" басшылығы соңғы бір аптада елде кавасакиге ұқсас аурудан екі бала шетінегенін хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың бұл түрі коронавирустан жазылып шыққан балалар арасында кездеседі. Шетінеген екі сәби бірнеше апта бұрын Covid-тен жазылып шыққан.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 30 қыркүйектегі ресми дерек бойынша, Қазақстанда 140 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2070-тен аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 130 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 3303 адам емделіп жатыр. Олардың 1881-і ауруханада, 1422-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 56 бала бар.
- 90 науқастың жағдайы ауыр. Оның 14-інің халі өте ауыр. 21 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері 104 оқушыға коронавирус жұққан: 33 бала кезекші сыныпта оқыған, 71 бала үйден оқып келген. Олармен байланыста болған адамдар анықталды. 30 қыркүйекте үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.
- Елде коронавирус пневмониясы бөлек есептелгенге дейін яғни, 1 тамызға дейін 8 ай ішінде 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде ауырған. ДСМ мұның ішінде қаншасы коронавирус пневмониясы екенін айтпады. Министрлік бар болғаны 1-8 шілде аралығында пневмония 56,8 мың адамнан анықталғанын, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болғанын айтты.
- Қазақстанда кавасакиден 2-3 жасар екі бала шетінеді. 30 қыркүйекте "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының" басқарма төрайымы Риза Боранбаева Азаттық тілшісіне осылай деп хабарлады.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде індеттің тарауын болдырмас үшін Түркиямен әуе рейстеріе қысқартып, басқа елдермен әуе қатынасын қалпына келтіруді тоқтата тұруды ұсынды.
Қазақстанда кавасакиден екі бала шетінеді
Қазақстанда кавасакиден 2-3 жасар екі бала шетінеді. 30 қыркүйекте "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының" басқарма төрайымы Риза Боранбаева Азаттық тілшісіне осылай деп хабарлады. Дәрігердің айтуынша, ата-аналары балаларды ауруханаға кеш жеткізген. Бұған қоса, екі сәбиде қосымша сырқат болған, бірі "қызыл жегімен" ауырған. Дәрігерлер оларды аман алып қала алмаған.
Дәрігерлердің айтуынша, кавасаки - коронавирустан жазылып шыққан балалар арасында кездесетін ауру. Шетінеген екі сәби бірнеше апта бұрын Covid-тен жызылып шыққан.
Риза Боранбаеваның айтуынша, Қазақстанда "кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромына" 41 бала шалдыққан. Олардың бәрінің ағзасынан коронавирусқа қарсы антидене анықталған. Науқастардың 37-і жазылған.
- Коронавирус жұқтырып, жеңіл түрімен ауырған балалар кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромына шалдығуы мүмкін. Бала ауырып-жазылған соң, екі-алты апта аралығында денесі бөртіп, қызуы көтерілсе бірден дәрігерге қаратыңыз. Дер кезінде диагноз қойылып, дереу емдесе жазылып кетуі мүмкін - дейді дәрігер.
Елде алғаш рет кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромы тамыздың 4 тіркелген. Екі ай ішінде 41-ке жеткен.