Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

08:18 29.9.2020

Қазақстанда тағы 58 адамнан коронавирус инфекциясы табылды, бес облыста науқас тіркелмеді

28 қыркүйекте Қазақстанда 58 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 69 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында 21 науқас тіркелген. Нұр-Сұлтанда -– 6, Алматыда 5 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар 107 833 адамға жетті. Басым бөлігі жазылған. Наурыз айынан бері 1725 адам қайтыс болған.

Бұл статистикаға коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. 1 тамыздан бері елде 32 490 адам коронавирус пневмониясымен ауырған. 350 адам қайтыс болған. Екі көрсеткішті қосқанда коронавируспен ауырғандар саны 140 323 адамға жетеді, 2075-і қайтыс болған. Бұған қоса, коронавирус табылған "ілеспе аурудан" қайтыс болған жүздеген адам өлімі де ресми статистикаға қосылмаған. Кейбір мамандар ресми мәліметке күмән келтіреді.

08:57 28.9.2020

Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 4 адам қайтыс болды

27 қыркүйекте Қазақстанда 38 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Пневмонияның осы түрінен бір адам қайтыс болды. Бір күнде 21 адам жазылып шықты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 32 490 адамға жеткен. 27 мыңнан астамы жазылған. 350 адам қайтыс болған.

Жексенбі күні коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған науқастар арасында 3 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері 1725 адам көз жұмған.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының есебінше, елде коронавирус дерегін пневмония есебімен салыстырса, науқастар саны – 3,5 есе аз, бірақ өлім саны 2,2 есе көп болып шығады. Дегенмен мамандар мұның себебін айтпады.

Қазір коронавирус ауруынан 3 314 емделіп жатыр, 46-ы – бала. Стационарда – 1 827 адам, амбулаторлық жағдайда 1 487 адам емделіп жатыр. 94 адамның жағдайы ауыр, 15 науқастың жағдайы өте ауыр. 23 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Елде коронавирус пневмониясы бөлек есептелгенге дейін яғни, 1 тамызға дейін 8 ай ішінде 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде ауырған. ДСМ мұның ішінде нешеуі коронавирус пневмониясы екенін айтпады. Министрлік бар болғаны 1-8 шілде аралығында пневмония 56,8 мың адамнан анықталғанын, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болғанын айтты.

07:30 28.9.2020

Қазақстанда бір күнде 52 адамнан коронавирус инфекциясы табылды, үш облыста науқас тіркелмеді

27 қыркүйекте Қазақстанда 52 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 70 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (14) тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда табылған науқастар саны оннан аспайды. Шымкент қаласы, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар 107 775 адамға жетті. Басым бөлігі жазылған. Наурыз айынан бері 1722 адам қайтыс болған.

Бұл статистикаға коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. 1 тамыздан бері елде 32 452 адам коронавирус пневмониясымен ауырған. 349 адам қайтыс болған. Екі көрсеткішті қосқанда коронавируспен ауырғандар саны 140 227 адамға жетеді, 2081-і қайтыс болған. Бұған қоса, коронавирус табылған "ілеспе аурудан" қайтыс болған жүздеген адам өлімі де ресми статистикаға қосылмаған.

11:48 27.9.2020

Covid пен пневмония. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың ресми саны 140 мың жетті

Маска таққан ер кісі банк алдында кезегін күтіп отыр. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.
Маска таққан ер кісі банк алдында кезегін күтіп отыр. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.

26 қыркүйек күні Қазақстанда Covid және коронавирус пневмониясы науқастарының ресми саны 140 мыңға жетті. Covid науқастары бір күнде 64 адамға артып, жалпы саны 107 723 болды. Ал коронавирус пневмониясы науқастары тәулік ішінде 229 науқасқа артып, 32 452-ға жетті.

Қазақстан ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының дерегін ПТР тестімен расталған Covid дерегі секілді 13 наурыздан емес, 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Ресми статистика 1 тамызға дейінгі коронавирус пневмониясының дерегін есепке алмады.

Жыл басынан 2 тамызға дейін 256 мыңнан астам адам пневмонияға шалдыққан. Бұл ­өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Министрлік мұның қаншасы бактериялық, қаншасы вирустық екенін айтпады. Белгілісі, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталса, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері байқалған. Бірақ оның ешқайсысы Covid жөніндегі ұлттық статистикада көрсетілмеді.

Үкімет 1 тамыздан кейін коронавирус пневмониясы есебін жүргізе бастағанмен, оның дерегін коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Коронавирустың әлем елдері бойынша тарауын бақылап отырған ұйымдар мен басылымдар Қазақстанның ресми ақпаратына сүйеніп, тек ПТР тестімен расталғандар науқастар санын ғана көрсетіп отыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі деректі қосып көрсетеді.

Статистиканы екі түрлі көрсеткеннен, Джонс Хопкинс университеті дерек базасында Қазақстан 107 723 науқаспен 36-орында тұрса, ДДСҰ дерек базасында 139 581 (кейінгі күннің дерегі әлі қосылмаған – ред.) науқаспен 28-орында тұр.

Тағы

XS
SM
MD
LG