Қазақстанда өткен тәулікте 79 адамнан коронавирус табылды
23 қыркүйекте Қазақстанда 79 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 104 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар мен расталмағандар санын (пневмония) бөлек жариялап жүр. Жоғарыда айтылған науқастар алғашқы топқа кіреді.
Сәрсенбі күні ШҚО-да – 21, Нұр-Сұлтанда 16 науқас анықталды. Жамбыл, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында бірде-бір науқас тіркелмеген.
Осылайша коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 107 529 адамға жетті. Басым бөлігі жазылған. Наурыз айынан бері 1707 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға "ілеспе аурулардан" қайтыс болған жүздеген адам өлімі енгізілмеген. 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шамамен 31 532 адам шалдыққан. 345 адам қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда 138 542 адам коронавирус ауруына шалдыққан. 2043 адам қайтыс болған.
Статистика комитетінің мәліметінше, биыл қаңтар мен шілде айында былтырғы жылмен салыстырғанда адам өлімі көп болған. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мұны індетпен байланыстырғанмен адам өлімінің нақты себептері айтылмады.
Денсаулық сақтау министрлігі 23 қыркүйекте аймақ бойынша коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебін жариялады. Есеп бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында науқастар көп тіркелген.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 23 қыркүйектегі ресми дерек бойынша, Қазақстанда 139 мыңға жуық адам індетке шалдығып, 2044 адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 129 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 3524 адам емделіп жатыр. Олардың 1868-і ауруханада, 1656-сы үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 32 бала бар.
- 101 науқастың жағдайы ауыр. Оның 14-інің халі өте ауыр. 20 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі болып тұрған тұста вице-министр қызметіне тағайындалған Людмила Бұйрабекова қызметтен босатылды. Бұған дейін Айжан Есмағамбетова Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қызметінен кеткен. Оның орнына Ерлан Қиясов тағайындалған.
- Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Парыгин ауылында кезекші сыныпта оқыған 2-сынып оқушысынан коронавирус анықталды. Оның жағдайы орташа, үйінде емделіп жатыр. Онымен бірге оқыған 12 бала және мұғалімдерден де тексеріліп жатыр. Баладан коронавирус 14 қыркүйекте табылған. Бұл – ел мектептерінде ресми түрде тіркелген алғашқы вирус жұқтыру фактісі.
ШҚО-да кезекші сыныпта оқитын 2-сынып оқушысынан коронавирус табылды
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Парыгино ауылында кезекші сыныпта оқыған 2-сынып оқушысынан коронавирус анықталды. Оның жағдайы орташа, үйінде емделіп жатыр. Онымен бірге оқыған 12 бала және мұғалімдерден де тексеріліп жатыр. Бұл ақпаратты 23 қыркүйекте брифингте министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.
Оның сөзінше, баладан коронавирус 14 қыркүйекте табылған.
"Баланың анасы мұғалім. Бірінші күні баланың температурасы 37 градусқа дейін көтерілді, барлық симптом болды. Кейін ПТР тестін вирус анықталды" деді Қожахметов.
Бұл – ел мектептерінде ресми түрде тіркелген алғашқы вирус жұқтыру фактісі.
Қазақстан биылғы оқу жылын коронавирусқа байланысты онлайн форматта өтіп жатыр. Мектептерде бастауыш сынып оқушыларының бір тобы тек шағын топтармен кезекші сыныпта оқып жатыр. Кейбір шағын мектептер де оқу дәстүрлі форматта оқып жатыр.
Онлайн форматтағы оқу бірінші тоқсан бойы жалғаспақ.
АҚШ-та Covid-тен өлгендер 200 мыңнан асты. Әлемдегі коронавирус ахуалы қандай?
- Инфекция жұқтырғандардың жалпы саны жөнінен бірінші орында тұрған АҚШ-та аурудан қайтыс болғандар саны 200 мыңнан асты. Күн сайын шамамен 800 америкалық Covid ауруынан қайтыс болып жатыр. Бұл сәуірдің ортасындағы шарықтау шегінен төмен (ол кезде күніне 2,8 мың өлім тіркелген). Десе де, Covid –өлімі мен АҚШ үкіметінің індетпен күрес шаралары 3 қарашаға белгіленген президент сайлауының негізгі тақырыбы болып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Covid өлімінің 200 мыңнан асуын «ұят» деп атады, бірақ жағдай бұдан да нашар болуы мүмкін еді деп мәлімдеді. АҚШ-та 22 қыркүйек күні 39 926 Covid науқасы тіркелді. Елде вирус жұқтырғаны расталғандар саны жеті миллионға жуықтады (6,89 миллион).
- Үндістанда сәрсенбі, 23 қыркүйек күні вирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші қайтадан артты. Осыған дейін кейінгі ең төменгі көрсеткіш тіркелген. Кейінгі 24 сағатта Үндістанда коронавирус 83 347 адамнан анықталды. Бір күнде 1085 адамның өлімі тіркелді. 1,4 миллиард халқы бар Үндістан вирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша тұрақты түрде бірінші орыннан табылып жүр. Covid-ке шалдыққаны расталғандар жөнінен АҚШ-тан кейін екінші орында тұрған Үндістанда барлығы 5,6 миллион адамның вирус жұқтырғаны расталған. Оның 90 мыңнан астамы қайтыс болған.
- 22 қыркүйек күні Бразилияның денсаулық сақтау министрлігі кейінгі тәулікте 33,536 адамнан Covid инфекциясы анықталғанын мәлімдеді. Тәулік ішінде 836 Covid өлімі тіркелген. Ресми дерек бойынша, Бразилияда коронавирусқа барлығы 4,59 миллион адам шалдыққан, оның ішінде 138 мың адам көз жұмған.
- Иранда сейсенбі, 22 қыркүйек күні 3,712 адамның коронавирус ауруына шалдыққаны белгілі болды. Бұл – елге індет келгелі ең жоғарғы көрсеткіш. Билік елге коронавирус келгенін 19 ақпанда растаған. Сол күні үкімет екі адамның коронавирусқа шалдыққанын, бір адамның қайтыс болғанын мәлімдеген. Өткен тәулікте вирустан 178 адам қайтыс болған. Аурудан көз жұмғандардың жалпы саны – 24 656. Елде барлығы 429 193 адамнан коронавирус анықталған. Иран – Таяу-Шығыс аймағында коронавирустан ең қатты зардап шеккен ел.
- Еуропаның коронавирустан ең қатты зардап шеккен елі Испанияда өткен тәулікте 10,799 науқас тіркелген. Бұл – эпидемия басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Елде барлығы 682 267 адам коронавирус жұқтырған. Өткен тәулік Covid марқұмдарының саны 21-ге артып, 30 904-ке жетті.
- Сәрсенбі, 23 қыркүйек күні Ресейде 6431 адамнан коронавирус табылды. Бұл – 13 шілдеден бергі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш. Биліктің айтуынша, бір күнде 150 адам қайтыс болып, Covid марқұмдарының саны 19 799-ға жеткен. Елде барлығы 1,1 миллион адам вирус жұқтырған. Covid науқастарының жалпы саны бойынша Ресей төртінші орында тұр.