Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

08:31 22.9.2020

Өткен тәулікте 67 адамнан коронавирус табылды, жартысына жуығы ШҚО-да анықталды

21 қыркүйекте Қазақстанда 67 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 123 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Дүйсенбі күні ШҚО-да 30 науқас анықталды. Бір күн бұл көрсеткіш 18 болған. Алматы (4) мен Нұр-Сұлтанда (5) бірнеше адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қарағанды, Атырау облыстарында да 4 науқастан табылған.

Осылайша коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 107 374 адамға жетті. Басым бөлігі жазылған. Наурыз айынан бері 1699 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға "ілеспе аурулардан" қайтыс болған жүздеген адам өлімі енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды да бұл дерекке қоспай отыр. 1 тамыздан бері пневмонияның бұл түріне шамамен 31 148 адам шалдыққан. 344 адам қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда 138 455 адам коронавирус ауруына шалдыққан. 2043 адам қайтыс болған.

20:44 21.9.2020

Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?

  • 16 қыркүйектегі ресми дерек бойынша, Қазақстанда 138 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2015 адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген.
  • Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 128 мыңнан аса адам дерттен айықты.
  • Министрліктің хабарлауынша, коронавирус пен пневмонияға шалдыққан 1727 медқызметкер үкіметтен 2 млн өтемақы алған. Коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған 24 медқызметкердің жақындарына 10 млн теңге өтемақы берілді. Бірақ елде коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған медқызметкердің саны әлдеқайда көп.
  • Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 3667 адам емделіп жатыр. Олардың 1873-і ауруханада, 1794-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 36 бала бар.
  • 97 науқастың жағдайы ауыр. Оның 13-інің халі өте ауыр. 17 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
14:23 21.9.2020

Өзбекстан вице-премьері коронавирустан қайтыс болды

20 қыркүйекте Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Уктам Барноев коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы ресми УзА агенттігіне сілтеме жасаған ресейлік РИА Новости агенттігі хабарлады.

Барноевқа коронавирус жұққаны шілде айының соңында белгілі болған. Шенеунік инсультке ұшырап, Германия ауруханасына ауыстырылған болатын. Сол жерде қайтыс болған.

56 жастағы Барноев ақпан айынан бері үкіметте аграрлық және азық-түлік мәселелерімен айналысқан. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін Бұқара облысын басқарған.

Жергілікті БАҚ шілде айының соңында Барноевтың денсаулығы нашарлағанын және коронавирусқа шалдыққаннан кейін жасанды аппаратқа қосылғанын хабарлаған.

Бұған дейін Өзбекстанда коронавирустан қаржы министрінің орынбасары Еркін Тұрсынов, Қарақалпақстан парламентінің төрағасы Мұса Ерниязов, тегі өзбек қырғыз құқық қорғаушысы Әзімжан Асқаров қайтыс болған. Асқаров Қырғызстан түрмесінде көз жұмғанмен туған жері Ташкент облысына жерленген.

Өзбекстанда коронавирус ресми түрде алғаш рет 15 наурызда тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандар 51 мыңнан асқан, 429 науқас қайтыс болған.

13:30 21.9.2020

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған 24 медицина қызметкерінің отбасына өтемақы берілді

Бұл туралы 21 қыркүйекте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"21 қыркүйек таңертеңгі сағат 9-дағы жағдай бойынша, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры коронавирус немесе коронавирус пневмониясын жұқтырған 1 727 адам мен коронавирустан қайтыс болған 24 медицина қызметкерінің отбасының өтінішін қабылдап, өтемақы төледі" делінген министрлік таратқан хабарламада.

Қорғаныш киім киген медицина қызметкерлері.
Қорғаныш киім киген медицина қызметкерлері.

Аймақтар бойынша, ең көп өтемақы төмендегі облыстар мен қалаларда істейтін медицина қызметкерлеріне берілген: Нұр-Сұлтан (393), Алматы (373), Шымкент қаласы (102), Қарағанды облысы (115), Ақмола облысы (107).

Заң бойынша, коронавирус жұққан медицина қызметкеріне мемлекет тарапынан – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерінің отбасына – 10 млн теңге өтемақы беріледі. Өтемақы коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген адамдарға ғана тағайындалады.

Тағы

XS
SM
MD
LG