Covid індеті Оңтүстік-шығыс Азияда күшейе түсті. Әлемдік ахуал қандай?
Reuters агенттігінің мәліметінше, әлемде Covid жұқтырғаны расталғандар саны бір күнде 274,7 мың науқасқа артып, 30,5 миллионға жеткен. Өткен тәулікте аурудан 6,1 мың адам қайтыс болып, Covid құрбандарының саны 950 мыңға жуықтады. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша бірінші орында бұрынғыша АҚШ тұр, бірақ кейінгі күндері Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде індеттің тарауы күшейіп барады.
- Сенбі, 19 қыркүйек күні Филиппин елінде 3962 адамнан коронавирус анықталды. Бір күнде 100 Covid өлімі тіркелген. Бұл екі кейінгі бес күннің ең жоғарғы көрсеткіші болып отыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғаны расталғандар саны 283,4 мыңнан асқанын, қайтыс болғандардың 4,9 мыңға жеткенін хабарлады.
- Индонезияда коронавирус науқастары жөнінен тәулік рекорды жаңарды. Сенбі күні бұл елде 4168 адамнан Covid инфекциясы анықталған. Бір күнде 112 өлім тіркеліп отыр. Елде барлығы 240,6 мың адамның вирус жұқтырғаны дәлелденген. Олардың 9,4 мыңы қайтыс болған. Covid құрбандары бойынша Индонезия Оңтүстік-шығыс елдері арасында көш бастап тұр.
- Вирус жұқтырғандардың тәулік өсімі бойынша көш басында бұрынғыша Үндістан тұр. Reuters мәліметінше, 19 қыркүйек күнде елде 93 337 адамнан коронавирус анықталған, 1247 адам осы аурудан қайтыс болған. Елде барлығы 5,3 миллион адамнан коронавирус табылған. Аурудан 85 619 адам көз жұмған.
- Израильде жұма, 18 қыркүйек күні екінші рет карантин енгізілді. Бірінші карантин наурыздың соңында жарияланып, вирус жұқтырғандар санының төмендеуіне байланысты мамыр айында жеңілдетілген болатын. Алайда кейінгі аптада вирус жұқтырғандар саны күн сайын 5 мыңға көбейіп отырған. Ел билігі карантин шектеулерін тым ерте алғанын мойындап отыр.
- Екінші карантин үш аптаға енгізіліп отыр және еврейлердің жаңа жыл мерекесі - Рош ха-Шанамен тұспа-тұс келмек.
- Вирус жұқтырғандар саны бойынша Еуропа елдері арасында бірінші орында тұрған Испанияда Covid науқастарының саны 640 мыңнан асты. Науқастар саны күн сайын шамамен 10 мыңға көбейіп отыр. Кеше, 18 қыркүйек күні 14 389 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Аурудан қайтыс болғандар саны бір күнде 90 адамға артып, 30 495-ке жетті.
- Бразилияда кейінгі күндері күн сайын шамамен 31 мың Covid науқасы тіркеліп отыр. 18 қыркүйек күні елде 36 653 науқас анықталған. Елде барлығы 4,4 миллион адамның вирус жұқтырғаны расталған. Оның 134,9 мыңы қайтыс болған.
- АҚШ-та бейсенбі, 17 қыркүйек күні ел президенті Дональд Трамп алдыңғы мәлімдемесін қайталап, Covid вакцинасы қарашадағы президент сайлауына дейін дайын болады деді. Оның сайлаудағы бас қарсыласы демократ Джо Байден Трамптың бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, вакцинаның санаулы аптада дайын болатынын күмән келтірді. "Вакцина пайдалып, ертең-ақ бәрі жақсы болады деген пікір қисынға келмейді" деді ол 17 қыркүйек күні CNN арнасына берген сұхбатында. Көптеген денсаулық сақтау маманы – олардың арасында АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) директоры Роберт Редфилд те бар – вакцинаның 2021 жылдың ортасына дейін дайын болуы екіталай деген пікірде. Өткен тәулікте АҚШ-та 46 мың адамның коронавирус жұқтырғаны расталды. Бір күнде 909 Covid өлімі тіркелді. Елде барлығы 6,7 миллион адамның вирус жұқтырғаны расталған. Оның 198,6 мыңы қайтыс болған.
Covid пен пневмония. Ауруға шалдыққандар бір күнде 300 адамға артты, 5 адам қайтыс болды
18 қыркүйек күні Қазақстанда 65 адамнан ПТР тестімен расталған Covid инфекциясы, 235 адамнан ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы анықталды. Тәулік ішінде зертханалық талдаумен расталған науқастар арасында 4 адамның, коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 1 адамның өлімі тіркелді.
Қазақстан ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының есебін 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Есеп бойынша, пневмонияның осы түрі 30 814 адам шалдығып, оның 26 569-ы жазылып шыққан, 338-і қайтыс болған.
Ал санағы 13 наурыздан бері жүргізіліп келе жатқан зертханалық расталған коронавирус ауруына барлығы 107 199 адам шалдыққан. Вирус жұқтырған 101 822 адам айыққан, 1693 адам көз жұмған.
Үкіметтің дерегіне күдік келтіретіндер көп. Олар ел билігі коронавирус індетінің шынайы ауқымын жасырып отыр деп санайды.
- Мамыр айында "31 канал" мен Азаттық тілшілері коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкерелеген соң денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген адамдардың барын айтып, санын жариялады. 24 тамыздағы дерек бойынша, олардың саны 556 болған.
- Маусымның басында ДСМ себебін толық түсіндірместен ауруға шалдыққандарды симптомы бар-жоқ деп екіге бөліп, тек біріншісін ғана статистикаға қосты. Жергілікті мамандардың шағымынан соң, министрлік бір айдан соң бұл тәжірибесінен бас тартып, екі деректі қайта қосты. Осы кезде ресми статистикадағы коронавирус жұқтырғандар саны күрт артып, Қазақстан әлем елдері арасында бірден ондаған мемлекеттің алдына шықты.
- 2020 жылдың алғашқы жеті айында 256 мың адам пневмонияға шалдықты. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. ДСМ оның қаншасы Covid-ке ұқсайтын вирустық пневмония екенін айтпады. Олардың ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылған жоқ.
Коронавирустан әлемдегі ахуал қандай?
- Әлемде коронавирус жұқтырғандар 30 миллионнан асты. 943 мыңдай адам қайтыс болды.
- Вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бойынша АҚШ (6,6 млн адамнан вирус табылды, 197 мың адам қайтыс болды), Үндістан (5,1 млн адамнан вирус табылды, 83 мың адам қайтыс болды), Бразилия (4,4 млн адамнан вирус табылды, 134 мың адам қайтыс болды) көш бастап тұр.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігі Еуропа елдерінде коронавирус өршіп бара жатыр деп дабыл қақты. Қазір Франция, Испания, Ұлыбритания, Чехияда дертке шалдыққандар күрт көбейді. Еуропа елдері вирустың тарауын тоқтату үшін қайта шектеу шараларын енгізбек.
- ДДСҰ есебінше, Еуропада 5 млнға жуық адамға вирус жұғып, 227 мың адам ұайтыс болды.
- Қазір Еуропада күніне 40-50 мыңдай адамнан вирус табылып жатыр. Сәуірде де Еуропа елдерінде күніне осыншама адамнан вирус анықталған. Дегенмен қазір Еуропа елдері тест сынағын да көктеммен салыстырғанда көбейткен.
- Коронавирус эпицентріне айналған Үндістанда 17 қыркүйекте 97894 адамнан вирус табылып, 1132 адам қайтыс болды.
- Таяу Шығыс елдерінде 1,7 млн адамнан вирус табылып, 41,2 мың адам көз жұмды. Африкада 1,3 млн адамнан вирус табылып, 33 мың адам қайтыс болды.
- 18 қыркүйектен бастап Израиль екінші рет толық карантин енгізді.
Қазақстанда карантин шаралары жеңілдейді. Не өзгереді?
16 қыркүйекте бас санитарлық дәрігердің шешімімен елде карантин шаралары тағы жеңілдейді. Бұл туралы 18 қыркүйектегі брифингте Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау комитетінің өкілі Роза Қожапова мәлімдеді. Билік елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты дейді. Сонымен не өзгереді?
- Білім беру топтарында, балалар кабинеттеріндегі топтарында енді 15 бала болады. Бұрын 5 бала еді.
- Мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда, өзгеде ұйымдарда қызметкерлердің 50 пайызы кеңседе жұмыс істеуге болады. Бұрын 20 пайыз еді.
- Тамақтану орындарында енді 50 адам тамақтана алады. Бұрын бұл шектеу 30 адам еді. Тамақтану орындарында, кафе, ресторанда адам көп жиналатын шараға тыйым салынады.
- Демалыс күндері сауда орталықтары, ойын-сауық орталықтары, азық-түлік базарлары, киім-кешек базарлары жабық болады.
- Демалыс күндері сұлулық салондары, шаштараз, фитнес орталықтары, сауна, спа орталықтар, бассейн, спорт кешендері, жаттығу залдары, діни орындар жұмыс істейді.
- Азық-түлік дүкендері, дәріханалар жеті күн жұмыс істей береді.
- Той, ас беруге тыйым әлі сақталады.
- Караоке, бильярд, компьютер клубтары, түнгі клубтар, боулинг орталықтар, балалар алаңдары, жабық кешендегі аттракциондар, батуттар, жабық кешендегі кинотеатрлар, букмекер орталықтары жабық болады.
- Ашық аспан астындағы кинотеатрлардың жұмысына рұқсат етіледі. Көрермендер арақашықтық сақтап, маска киюі тиіс.