Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

13:21 18.9.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 30 миллионнан асты

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 30 миллионнан асты. Пандемия басталғалы бері 945 мың науқас Covid-тен қайтыс болған. 20 миллионнан астамы жазылған. Бұл туралы америкалық Джонс Хопкинс университеті хабарлады.

14 қыркүйектен бері яғни, небәрі төрт күн ішінде әлемде Covid-ке шалдыққандар саны бір миллионға көбейген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қыркүйек айында бірнеше рет "күндік рекордтық көрсеткішті" тіркеді.

Маска таққан ер адам.
Маска таққан ер адам.

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны жағынан бірінші орында АҚШ тұр. Мұнда 6,6 миллион адамнан коронавирус табылған. 197 мың адам қайтыс болған. Екінші және үшінші орында Үндістан (5 млн науқас) мен Бразилия (4 млн науқас) тұр. Төртінші орында тұрған Ресейде соңғы мәлімет бойынша 1 млн 91 мың адамға коронавирус инфекциясы жұққан. 19 мың науқас қайтыс болған. Өткен тәулікте Мәскеуде вирус жұққан 805 адам анықталған. Бұл 26 шілдеден бері бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Соңғы аптада инфекция Еуропада қайта жылдам тарай бастады. ДДСҰ Еуропада науқастардың наурыз айында індеттің алғашқы толқыны кезіндегі рекордтық көрсеткіштен асып кеткенін анықтады. Австрия мен Чехия эпидемияның екінші толқыны басталғанын хабарлады. Көп елдер қатаң карантин шараларын қайта енгізу мәселесін қарастырып жатыр.

08:45 18.9.2020

Пневмонияға шалдыққан 242 адам анықталды, Сovid-ті қосқанда 6 адам қайтыс болды

17 қыркүйекте Қазақстанда коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққан 242 адам анықталды, пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болды. Бір күнде 55 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

1 тамыздан бері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 30 579 адам шалдыққан, 337 адам қайтыс болған. 26 533 адам жазылған.

17 қыркүйекте коронавирус инфекциясынан 4 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында 1689 адам көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі жүздеген адам өлімін бұл статистикаға енгізбеген. Ведомство олардың өліміне коронавирус емес, "ілеспе аурулар" себеп болды деп мәлімдеген. Кейбір мамандар ресми мәліметке күмән келтіреді.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда коронавирус пандемия емес, қып-қызыл саясат болды"

Қазір 3 835 адам covid-тен емделіп жатыр, 40-ы - бала. Стационарда - 1 967 адам, амбулаторлық жағдайда 1 868 адам емделіп жатыр. 100 адамның жағдайы ауыр, 13 науқастың жағдайы - өте ауыр, 15 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

07:38 18.9.2020

Қазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус табылды, Нұр-Сұлтанда науқастар көбейді

17 қыркүйекте Қазақстанда 78 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 155 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте ең көп науқас Нұр-Сұлтан қаласы (25), Шығыс Қазақстан облысында (20) тіркелген. Шымкент қаласы, Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.

Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, күн сайын шамамен 9-18 мың аралығында коронавирусты анықтайтын ПТР-тест жүргізіліп жүр.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 107 134 адамға жетті. Басым бөлігі жазылған. Наурыз айынан бері коронавирус жұққан 1685 адам көз жұмған. Бұған дейін министрлік коронавирус жұққан қайтыс болған 500-ден астам адам "covid-тен емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп мәлімдеген.\

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда наурыз айынан бері 137 058 адам коронавирусқа шалдыққан, кемінде 2008 адам қайтыс болған. Халықаралық ұйым әлем елдеріне белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды да Covid статистикасына қосуға кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасынан бері солай есептеп келеді. Қазақстан коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар есебін бөлек жариялап жүр.

Денсаулық сақтау саласы мамандары елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды дегенмен коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны азаймай тұр. Коронавируспен байланысты адам өлімі де азаймаған.

16:01 17.9.2020

Коронавирус жөніндегі әлемдік ахуал қандай?

  • Reuters дерегіне сәйкес, әлем бойынша коронавирус жұқтырғаны расталғандар саны бір тәулікте 270 мыңға артып, барлығы 29,9 миллионға жеткен. Аурудан 933 755 адам қайтыс болған. Оның 4435-і кешегі тәуліктің үлесінде.
  • Covid инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны бойынша көш басында әлі де АҚШ тұр. Онда 6,6 миллион адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Вирус жұқтырған 196 871 адам аурудан айыға алмай, қайтыс болған. Инфекция жұқтырғандар саны орташа есеппен күн сайын 38,8 мыңға артып отыр. Тәулік рекорды 16 шілде күні тіркелген. Ол күні 77320 науқас тіркелген.
  • Тәулік өсімі бойынша бірінші орында – Үндістан. Елде коронавирус жұқтырғандар күн сайын орташа есеппен 93 мың науқасқа артып отыр. Бүгін, 17 шілде күні Үндістанда 97 894 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Елде барлығы 5,1 миллионнан астам Covid ауруына шалдыққан. Вирус жұқтырған 83 198 адам көз жұмған.
  • Коронавирустың тарауы жөнінде үшінші орында тұрған Бразилияда күн сайын орташа есеппен 31,5 мың науқас тіркеліп жатыр. Елде вирусты барлығы 4,4 миллион адам жұқтырған. Олардың 133 мыңнан астамы өлген.
  • Дүниежүзілік банктің бас экономисі Кармен Рейнхарт ғаламдық экономиканың коронавирус дағдарысынан оңалуына бес жылға дейін созылуы мүмкін деп мәлімдеді.
  • Ресейде коронавирустан қайтыс болғандар саны 19 мыңнан асты. Өткен тәулікте 5762 адамның коронавирус анықталып, 144 адамның өлімі тіркелген. Елде барлығы 1 085 281 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл әлем бойынша төртінші көрсеткіш.
  • Чехияда 16 шілде күні коронавирус жұқтырғандардың тәулік көрсеткіші 2 мыңнан асып, рекорд орнады. Алдыңғы рекорд бір күн бұрын тіркелген еді. Ол күні 1675 науқас тіркелген. Коронавирустың қарқынды тарауы бойынша Чехия Еуропа елдері арасында көш бастап тұр.

Тағы

XS
SM
MD
LG