Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

14:24 15.9.2020

АҚШ ғалымдары коронавирусты жоятын ақуызды анықтады

Питтсбург университетінің (АҚШ) ғалымдары коронавирустың күшін жоятын ақуызды анықтады. Ол коронавирустың S-ақуызымен (protein S) әсерлесіп, ішке еніп, оны жоя алады.

Cell ғылыми журналында дүйсенбі күні жарияланған зерттеудегі мәліметке сәйкес, мәселе covid-ке қарсы Ab8 дәрісін шығаруда пайдаланылатын антиденеден он есе кіші ақуыз қосындысы жайлы болып отыр.

Бұл дәрі-дәрмек коронавирус ауруына шалдыққан тышқандар мен алақоржындарды емдеуде және вирустан қорғауда тиімділігін дәлелдеген. Мамандар табылған зат молекулаларының адам жасушаларына қатысы жоқ болғандықтан оның жанама әсерін азайтуға болады деп отыр.

"Ab8 дәрісі covid-тен емдеп қана қоймай, коронавирус жұғудан қорғайтын амал ретінде қарастырылып отыр" деді зерттеу авторларының бірі Джон Меллорс.

13:54 15.9.2020

ДДСҰ әлем елдерінің індетпен күресін бағалады

Әлемнің пандемиямен күресі "ұжымдық сәтсіздікке" ұшырап, адамзатқа орны толмайтын зардап әкелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғаламдық дайындық жөніндегі кеңестің (Global Preparedness Monitoring Board) жаңа есебінде осылай деп жазылған.

14 қыркүйекте жарияланған есепте денсаулық сақтау саласы сарапшыларының жылдар бойғы ескертуіне қарамастан әлем елдерінің індетке дайындыққа аз қаражат жұмсағаны жазылған. Баяндамаға сәйкес, көптеген ел басшылары ғылыми, үздік тәжірибелер мен айғақтарға сүйене отырып, ертерек шешім қабылдау мүмкіндігін жіберіп алған. Соның кесірінен қоғамда "сенімсіздік бойлап, індетке төтеп беру күрделенген".

Былтыр жыл соңында Қытайда пайда болғалы бері коронавирустың жаңа түрі кемінде 29 миллион адамға жұққан, 925 мыңнан астам адам қайтыс болған. Пандемия экономиканы күйретіп, әлеуметтік саланы күйзелтті. Баяндама авторларының есебінше, әлем covid-тің кесірінен 11 трлн доллар шығынға ұшыраған.

Әлем бойынша вирус жұқтырғандардың жартысы - Америкада. АҚШ, Бразилия, Мексика әлемде пандемиядан көбірек зардап шеккен елдердің бірі. 13 қыркүйекте ДДСҰ вирус жұқтырғандар санының бір күнде бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке жеткенін хабарлады: 24 сағат ішінде әлемде 307 930 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Еуропада атап айтқанда, Испания, Францияда соңғы апталарда індеттің өршуі байқалған.

Орталық Азияда бұған дейін Өзбекстан коронавирус жұқтырғандар санының көбейгенін хабарлаған. 10 қыркүйекте бір күнде 749 адамнан вирус табылған. Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 48 мыңнан асқан, 400 адам қайтыс болған. Коронавирус барын мойындамай келе жатқан Түркіменстанда осыған дейін ауруханалардың толып кеткені, респираторлық ауруға шалдыққандардың күрт ұлғайғаны хабарланған.

Тәжікстанда соңғы ақпарат бойынша, 9 088 адамнан коронавирус табылған, 72 адам қайтыс болған. Қырғызстанда вирус жұқтырғандар 44 999 адамға жеткен, 1 063 адам қайтыс болған. Қазақстанда коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды қосқанда вирус жұқтырғандар 136 мыңнан асқан, 2000-нан астам адам қайтыс болған. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанда кейбір сарапшылар ресми билік жариялаған коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

07:56 15.9.2020

Өткен тәулікте 65 адамнан коронавирус табылды, ШҚО-да науқастар қайта көбейді

14 қыркүйекте Қазақстанда 65 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 209 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (20) тіркелген. Бір күн бұрын мұнда 11 адамнан covid анықталған еді. Дүйсенбі күні Шымкент қаласы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.

Коронавирус жұққан адамды ауруханаға әкелген медицина қызметкерлері.
Коронавирус жұққан адамды ауруханаға әкелген медицина қызметкерлері.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 106 920 адамға жетті. Дегенмен бұл статистикаға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталмаған, бірақ клиникалық белгілері covid-ке ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны енгізілмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) екі көрсеткішті біріктіруге кеңес бергенмен Қазақстан билігі екеуін екі бөлек жариялап жүр. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда наурыз айынан бері 136 500 адам коронавирусқа шалдыққан, кемінде 1 999 адам қайтыс болған.

Осы аптада карантин ережелерінің тағы жеңілдейтіні хабарланды. Енді бизнес нысандары демалыс күндері де істейді. Дегенмен бұған дейін індет өршігендіктен кейбір аймақта (БҚО-да Теректі ауданында, Шымкент, Атырау) карантиннің күшейгені де хабарланған.

Кейбір мамандар коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен covid-пен байланысты адам өлімі азаймай отырған кезде биліктің карантинді жеңілдету туралы шешімін сынаған.

16:57 14.9.2020

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі covid есебіндегі айырмашылық себебін түсіндірді

Қырғызстан үкіметінің коронавирус статистикасында сәйкессіздіктер анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді.

Коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб мәліметінше, 18 наурыз бен 14 тамыз аралығында коронавирус жұққандар 44 928 адам болған, 41 023-і жазылған. 1063 адам қайтыс болған. 2 410 адам емделіп келген. Алайда барлық осы айтылған мәліметті қосқанда 44 496 болып шығады. Бұл штаб жариялаған жалпы мәліметтен 432 адамға аз.

Денсаулық сақтау вице-министрі Бакыт Жангазиевтің айтуынша, коронавирустан қайтыс болғандар статистикасын қайта қараған кезде осындай айырмашылық пайда болған.

"Статистиканы қайта қарап шықтық, сол себепті дерек өзгерді. Бұл адамдар (430 адам өлімі ) коронавирус ауруына шалдыққанмен олардың өліміне басқа аурулар мысалы, инфаркт себеп болған. Сол себепті коронавирус жұқтырғындар дерегіне қосылғанмен, covid-пен байланысты адам өлімі есебіне қосылмаған" деді вице-министр.

18 тамызда Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болғандар санын қайта қарап шыққан. Covid жұққан науқастардың өлімінің себебін зерттейтін арнайы комиссия құрған.

"Комиссия өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, 2019-2020 жылдың 7 айындағы адам өлімі дерегін сараптай отырып, бұған қоса covid-ті анықтау және адам өлімін кодтау бойынша Халықаралық әдістемелік кеңеске сүйене отырып, коронавирустан қайтыс болғандардың 437-інің өліміне covid себеп болмаған деген қорытынды жасады" делінген штаб хабарламасында.

Штаб мәліметінше, 358 адамның өліміне – жүрек қан-тамыр аурулары, 24 пайызы – миокард инфарктіден, 13 пайызы ми қан айналым жүйесінің бұзылуынан, 10 пайызы – бүйрек жетіспеушілігі, 32 пайызы өзге себептерден (суицид, онкологиялық т.б аурулар) қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG