Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:31 13.9.2020

Қазақстанда өткен тәулікте 74 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

12 қыркүйекте ПТР-тест қорытындысы бойынша 74 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысында 14 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қалған қалалар мен облыстарда тіркелген науқастар саны оннан аспайды. Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында бірде-бір науқас тіркелмеген.

Маска таққан ер адам коронавирус індеті жайлы ескерту жазылған баннер жанынан өтіп барады. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.
Маска таққан ер адам коронавирус індеті жайлы ескерту жазылған баннер жанынан өтіп барады. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан бойынша Covid-19 жұқтырғандар 106 803 адамға жетті. Алайда бұған Covid-19 ауруына ұқсайтын, бірақ ПТР-тест қорытындысы коронавирус белгісін таба алмаған пневмониямен ауырғандарды қоспаған.

Егер оларды қосқанда науқстардың жалпы саны 135 мыңнан асады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда 135 589 адамға коронавирус жұққан. Кемінде 1948 адам қайтыс болған.

Қазақстанда ресми статистикасына күмән келтіретіндер аз емес. Олар ПТР-тест аймақтардың барлығын қамтымайтынын, маусым мен шілдеде ауруханалар науқасқа лық толып, бос орын болмағандықтан, аурудың жеңіл және орташа түріне шалдыққандардың көбі дәрігерге бармай, үйінде емделгенін айтады.

АҚШ-тың Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, қазірге дейін әлемде Covid-19 коронавирусы 28,6 миллион адамға жұққан. 19 миллион адам дерттен айығып, 918 мың адам қайтыс болған.

19:40 12.9.2020

АҚШ бас инфекционисі Фаучи президент Трамптың ұстанымымен келіспейді

Американың инфекциялық аурулар бойынша әйгілі сарапшысы Энтони Фаучи ел президенті Дональд Трамптың АҚШ коронавирус пандемиясына күресте "шешуші кезеңнен өтті" деген сөзімен келіспейтінін мәлімдеді.

"Мен бұнымен келісе алмаймын, өйткені сіз жаңа ғана айтқаныңызға, [яғни] статистикаға зер салсаңыз, ол алаңдаушылық туғызады", – деді Фаучи 11 қыркүйекте MSNBC телеарнасына.

Фаучи президент Трамптың коронавирус дағдарысына байланысты оптимистік пікірлеріне жиі қарсы уәж айтады. Ақ үй басшысы болса, көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Фаучидің коронавирус қаупі жайлы айтқан ескертулеріне күмән келтіреді.

АҚШ-тың жетекші эпидемиологы Энтони Фаучи (оң жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 17 наурыз 2020 жыл.
АҚШ-тың жетекші эпидемиологы Энтони Фаучи (оң жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 17 наурыз 2020 жыл.

Энтони Фаучидің сөзінше, АҚШ індетке дейінгі жағдайына қайта оралуы үшін әлі көп шаруа атқарылуы қажет.

"Егер сіз Covid келгенге дейін өзіміз өмір сүрген белгілі бір дәрежедегі қалыпты жағдайға оралу туралы айтып тұрсаңыз, ол 2021 жылы, мүмкін тіпті 2021 жылдың соңында болуы ықтимал", – деді ол.

Фаучи елдегі Еңбек күні мерекесіне (АҚШ-та бұл мейрам қыркүйектің алғашқы дүйсенбісінде атап өтіледі – ред.) орай үш күнге жалғасқан демалыстан кейін індет қайта өршімейтін шығар деп үміттенетінін айтты. Шілде айында мейрамға байланысты демалыстан кейін коронавируспен ауырғандар көбейген.

Бұған қоса Фаучи суық түскен соң тұрғындар көбінесе жабық орындарда болатындықтан, күзде аурудың көп адамға жұғу қаупі бар деп ескертеді.

11 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы пандемиямен күрес туралы қарарды көпшілік дауыспен мақұлдады. Соңғы сәтте Кубаның бастамасы бойынша түзету енгізілген қарарды қабылдауға АҚШ пен Израиль қарсы болды. Ол түзету ұйымға мүше елдерді пандемия кезінде біржақты түрде экономикалық, қаржы немесе сауда санкцияларын салуға қарсылық танытуға үндейді.

16:23 12.9.2020

Арменияда төтенше жағдай режимі тоқтады, бірақ коронавирусқа бола кейбір шектеу әлі күшінде

Армения үкіметі 11 қыркүйекте алты ай бұрын коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимін доғарды. Алайда індеттің тарауына жол бермеуді көздейтін кейбір шектеулер әлі күшінде.

Ереван мемлекеттік университеті студенттері дәрісте отыр. Армения, 11 қыркүйек 2020 жыл.
Ереван мемлекеттік университеті студенттері дәрісте отыр. Армения, 11 қыркүйек 2020 жыл.

Төтенше жағдайды алмастырған жалпыұлттық карантин режимі 2021 жылдың 11 қаңтарына дейін жалғасады. Азаматтарға жабық жердегі қоғамдық орында, көшеде маска тағып, әлеуметтік қашықтық талабын бұлжытпай ұстану міндеті жүктеледі.

Армения келесі аптадан бастап мектептер мен университеттерде сабақты жалғастыруды жоспарлап отыр.

Армения азаматтық авиация комитетінің басшысы Татевик Ревазян Азаттыққа төтенше жағдай режимінің доғарылуы халықаралық қатынастар қайта қалпына келтіруді білдіреді деді. Арменияға шетелден келген жолаушыдан алынған тест қорытындысы коронавирус жоғын анықтаса, ол адам карантинге жіберілмейді.

Жалпыұлттық карантин режимі билікке бүкіл ел көлемінде немесе коронавирус ошағына айналған кварталдар мен аудандарды жауып, шектеу енгізуіне құқық береді. Жағдай ушығып кетсе шекараны да жаба алады. Көпшілік шараларға тыйым салуы немесе шектеу қоюы мүмкін.

Үкімет төтенше жағдай режимі доғарылатынын үш миллионға жуық тұрғыны бар елде коронавирус жұқтырғандар саны тоқтамастан азайып келе жатқан кезде жариялады. Қазірге дейін Арменияда 45 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан, індеттен 900-ден астам адам қайтыс болған.

15:02 12.9.2020

Министрлік: Қазақстанда коронавирус жұққан төрт мыңнан астам адам ем алып жатыр

12 қыркүйектегі мәліметке сай, Қазақстанда 4500 адам (32-сі – бала) коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ауруханада жатқан науқасқа дәрі салып жатқан медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Ауруханада жатқан науқасқа дәрі салып жатқан медицина қызметкері. Көрнекі сурет.


2431 науқас стационарлық ауруханаларда емделіп жатыр, 2119 адам амбулаторияда ем қабылдап жүр.

130 адамның жағдайы ауыр саналады, 20 науқас өте ауыр хәлде жатыр деп хабарлады министрлік. 26 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG