Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 353 адам анықталды, covid-ті қосқанда 6 адам қайтыс болды
10 қыркүйекте Қазақстанда белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 353 адамның шалдыққаны анықталған. Бейсенбі күні пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болған. 37 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік 1 тамыздан бері пневмонияның осы түріне шалдыққандарға бөлек код беріп, жалпы пневмониядан бөлек есептеп келеді. 1 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында 28 928 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 318 адам қайтыс болған. 6 642 адам жазылған.
Елде коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны құбылып тұр. Бір күнде кей кезде ондаған науқас анықталып жатса, кейде олардың саны 400-500-ден асып кетеді. 10 қыркүйек күнгі брифинг кезінде "бұл құбылыстың" себебін түсіндірген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "демалыс күндері поликлиникалар істемегендіктен науқастар жиналып қалады, сүйтіп келесі аптаның статистикасын толықтырады, негізі күн мен күнді емес, аптамен аптаны салыстыру керек" деп мәлімдеген.
Ведомство мәліметінше, 10 қыркүйекте тағы 5 адам Covid-тен қайтыс болған. Наурыз айынан бері барлығы 1656 адам көз жұмған.
Қазір 4 596 адам Covid-тен емделіп жатыр, 34-і - бала. 2 523 адам - стационарда, 2 073 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 137 адамның жағдайы ауыр, 25 адамның жағдайы өте ауыр. 28 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққандар жоғарыда айтылған көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі вирус пневмониясы Қазақстанда маусым және шілде айларында өршіген. Ведомство бұған дейін жалпы пневмония статистикасынан оларды айырып, ажырату мүмкін екенін айтып, нақты қанша адамның вирус пневмониясына шалдыққаны анықталмады деген.
Қазақстанда бір күнде 77 адамнан коронавирус инфекциясы табылды
10 қыркүйекте Қазақстанда 77 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бір күнде 161 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (18) тіркелген. Қалған облыстар мен қалалардағы көрсеткіш оннан аспайды. Шымкент қаласында жаңа науқас анықталмаған.
Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар 106 661 адамға жетті. 90 пайыздан астамы (100 409) жазылған. Наурыз айынан бері 1646 адам covid-тен қайтыс болды деп айтылады. Дегенмен бұл статистикаға белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар енгізілмеген.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 10 қыркүйек күнгі брифинг кезінде "елде эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды, күндік өсім – 0,1 пайыз, бұл ТМД кеңістігіндегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда бес есеге аз" деді.
Дегенмен елде науқастар саны сирегенмен адам өлімі азаймай тұр. Күн сайын орташа есеппен коронавируспен байланысты бірнеше адам өлімі тіркеліп жүр. Ал белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар көрсеткіші құбылып тұр.
Кейбір сарапшылар Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус статистикасына күмән келтіреді.
Чехияда вирус жұқтырғандар күрт көбейді, үкімет тұрғындарды маска тағуға міндеттеді
Чехияда бейсенбі күннен бастап тұрғындар қоғамдық орындарда маска тағуға міндетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар күрт көбейген. 9 қыркүйекте елде бір күнде 1164 жаңа науқас анықталғаны хабарланды. Оған дейін бұл көрсеткіш 500-700 аралығында болған еді.
Науқастардың жалпы саны 29 877 адамға жеткен. 20 164 адам жазылған. 441 адам қайтыс болған.
Бұған дейін үкімет 1 қыркүйектен бастап тұрғындарды қоғамдық көліктерде маска тағып жүруге міндеттеген еді. Осы аптада барлық түнгі клубтар мен барлар жабылды. Карантин шаралары кемінде тағы он күнге созылмақ. Эпидемиологиялық ахуал оңала қоймаған елдерден келген азаматтар Чехияға кіру үшін коронавирус жұқпағаны туралы тест нәтижесін көрсетуі тиіс немесе келген соң карантинде болуы керек. Үкімет бұған дейін көрші Польша, Словакия, Австрия және Германиямен шекарасын ашқан еді.
Цой ресейлік вакцина төңірегіндегі дау туралы: Бізге сыбыс емес, нақты ресми мәліметтің болғаны маңызды
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 10 қыркүйек күні өткен брифинг кезінде коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы төңірегіндегі түрлі сыни пікірлер мен күмәндарға байланысты пікірін айтты. Бұған дейін ресейлік коронавирус вакцинасын аяғы ауыр әйелдерге, бала емізіп жүрген әйелдерге, созылмалы ауруы бар адамдарға және 18 жасқа дейін және 60 жастан асқан азаматтарға егуге болмайтыны туралы ақпарат шыққан еді. Оның алдында бірқатар халықаралық сарапшылар вакцинаның тиімділігіне күмән келтірген.
– Біз әрбір жағдайды бақылап отырмыз. Біз үшін сыбыс, басқасы емес – ресми қорытынды, ресми мәлімет, нақты зерттеу көрсеткіштері мен сандар маңызды. Біз сатып алатын вакциналар елге келгеннен кейін де тағы тексеріледі. Тек бақылау жүйесінен өткен вакцина ғана нарыққа жіберіледі, – деді Цой.
Ол жанама әсері бар тиімділігі дәлелденбеген вакцина Қазақстан аумағына кіргізілмейді деді.
Алексей Цой министрлік қазір 5,5 млн доза коронавирус вакцинасын сатып алу мәселесін қарастырып жатыр деді. Түрлі өндірушілермен оның ішінде ресейлік компаниядан да вакцина сатып алу жағын қараймыз деді.
"Бұған қоса клиникалық сынақ кезеңінде жақсы нәтиже көрсетіп жатқан қазақстандық вакцинаны тіркеу мен өндіру мәселесі де қаралып жатыр" деді Цой.
Тамыз айының соңында Қазақстанның "Спутник V" вакцинасының 2 млн дозасын сатып алу туралы Ресеймен келіскені жайлы ақпарат шыққан еді. Келісімге сәйкес, бастапқыда елге екі миллион "Спутник V" екпесін елге жеткізу қарастырылған. Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның нақты көлемі мен құны жазбаша түрде келісілген жоқ деп мәлімдеген.
Қазір әлемде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Бұған дейін Ресей Covid-ке қарсы екпені алғаш тіркегенін хабарлаған. Ал батыс ғалымдары вакцина сынақтың барлық кезеңінен өтпегендіктен оны қауіпсіз және тиімді деп атау әлі ерте деп санайды. Тамыз айында британдық вирусолог мамандардың пікіріне сүйенген Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Ал ондай жағдайда вакцина тиімсіз болып шығады. Ресей мұны жоққа шығарған.