Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

08:51 10.9.2020

Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 347 адам анықталды, covid-ті қосқанда 6 адам қайтыс болды

9 қыркүйекте Қазақстанда белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 347 адамның шалдыққаны анықталған. Сәрсенбі күні пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрлік 1 тамыздан бері пневмонияның осы түріне шалдыққандарға бөлек код беріп, жалпы пневмониядан бөлек есептеп келеді. 1 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында 28 575 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 317 адам қайтыс болған. 6 605 адам жазылған.

Ауруханаға айналдырылған мейрамханада науқастарды емдеп жүрген медицина қызметкерлері.
Ауруханаға айналдырылған мейрамханада науқастарды емдеп жүрген медицина қызметкерлері.

Елде коронавирус пневмониясына шалдыққандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі вирус пневмониясы Қазақстанда маусым және шілде айларында өршіген. Ведомство бұған дейін жалпы пневмония статистикасынан оларды айырып, ажырату мүмкін екенін айтып, нақты қанша адамның вирус пневмониясына шалдыққанын айта алмайтынын айтқан.

Министрлік аймақтағы пневмония ахуалын жариялауға уәде бергенмен уәдесін әлі орындамады.

Ведомство мәліметінше, 9 қыркүйекте тағы 5 адам Covid-тен қайтыс болған. Наурыз айынан бері барлығы 1651 адам көз жұмған.

Қазір 4 685 адам Covid-тен емделіп жатыр, 34-і - бала. 2 580 адам - стационарда, 2 105 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 132 адамның жағдайы ауыр, 21 адамның жағдайы өте ауыр. 26 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Елде вирус жұқтырғандар саны азайса да, коронавируспен байланысты адам өлімі сиремей отыр. Күн сайын вирус жұққан кемінде ондаған науқас анықталса, орташа есеппен бірнеше адам өлімі тіркеліп жатыр.

07:19 10.9.2020

Өткен тәулікте 86 адамнан коронавирус табылды, Қызылорда мен Шымкентте науқас тіркелмеді

9 қыркүйекте Қазақстанда 86 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бір күнде 206 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Сәрсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында – 17, Нұр-Сұлтанда – 13, Алматыда 11 адамнан вирус табылған. Қалған облыстар мен қалалардағы көрсеткіш оннан аспайды. Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында жаңа науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар 106 584 адамға жетті. 90 пайыздан астамы жазылған. Наурыз айынан бері 1646 адам covid-тен қайтыс болды деп айтылады. Министрліктің мәліметінше, соңғы бір аптада (31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында) 46 адам коронавирустан қайтыс болған.

Дегенмен бұл статистикаға белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар енгізілмеген. Халықаралық сарапшылар пневмонияның осы түріне шалдыққандарды да коронавирусқа шалдыққандар есебіне қосып, есептеуге кеңес берсе де, Қазақстан билігі екі көрсеткішті бөлек жариялап келеді. Солай жасаған ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда 134 203 адам коронавирусқа шалдыққан. 1948 адам қайтыс болған.

Бұған қоса, коронавирус жұққаны расталған қайтыс болған жүздеген адам өлімі де статистикаға енгізілмеген. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі олардың өліміне коронавирус емес, "ілеспе ауру себеп болды" дейді.

Кейбір сарапшылар Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

14:38 9.9.2020

Хорезм облысының әкімі кейбір аудан тұрғындарының жартысына коронавирус жұққанын растады

Өзбекстанда Хорезм облысының әкімі Фарход Эрманов 7 қыркүйек күнгі жиналыс кезінде ПТР-тестен өткен Багат ауданы тұрғындарының жартысынан астамына коронавирус жұққаны анықталды деді. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

"Талдау нәтижесіне келсек, [Багат ауданындағы] әрбір ауыл тұрғындарының 50-60 пайызына коронавирус жұққан. Әуелі бұл адамдарға бір-бірінен вирус жұққан, кейінірек инфекция көрші аудандарға таралған. Неге шенеуніктердің ешқайсысы жағдайды бақыламай отыр, ішкі істер органдары қайда қарап отыр?" деді ол.

Хорезм облысында коронавирус ахуалының нашарлауына әкім той-томалақ өткізіп жүргендерді кінәлап, той иелерін "террорист" деп атаған.

"Мұндай адамдар террористерден де өтіп кеткен! Егер террорист жарылыс жасаса, 3-4 адам қаза болады. Ал той иелері шараға жүз адамды шақырып, қауіпті вирусты таратады. Ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар үнсіз. Бұл террористік жүйені қолдаумен пара-пар" деп әкім шүйліккен

Ауыл әкімдерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне Эрмановтың сөзімен келіспейтінін айтқан.

"Әкім 30 адам қатысқан той иелерін террорист деп атайды. Ал өзі күн сайын аудан әкімдіктерінің мәдениет залында 200 адамды жинап алып, жиналыс өткізеді. Олай болса, әкімнің өзін қалай атаймыз? Ол тек ауыл әкімдеріне қоқан-лоқы жасауды ғана біледі" деді ол.

Өзбекстанда 15 тамыздан бастап карантин шаралары жеңілдей бастаған. Қазір той өткізуге болады, бірақ оған 30-дан артық адам қатыспауы тиіс және тек санитарлық-гигиена талаптарын сақтай отырып үйде өткізуге ғана рұқсат.

Хорезм облысының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығының маманы билік эпидемиологиялық жағдай нашар аудандарда той өткізуге тыйым салу керек деп есептейді. Оның сөзіне қарағанда ауыл әкімдері халыққа "той жасама" деп тыйым сала алмайды, себебі үкіметтің өзі оған рұқсат берген.

Орталық Азияда халық саны жағынан бірінші орында тұрған Өзбекстанда ресми мәлімет бойынша, 44 281 адам covid-ке шалдыққан. Дегенмен кейбір сарапшылар коронавирус статистикасының дәлдігіне күмән келтіреді. Бұған дейін коронавируспен күрес жөніндегі штат өкілі, профессор Хабибулла Акилов коронавирустан ресми статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда көп адам өлді деп мойындаған.

09:13 9.9.2020

Бір күнде коронавирус пневмониясына шалдыққан 450 адам анықталды

8 қыркүйекте Қазақстанда белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 450 адамның шалдыққаны анықталған. Сейсенбі күні пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрлік 1 тамыздан бері пневмонияның осы түріне шалдыққандарға бөлек код беріп, жалпы пневмониядан бөлек есептеп келеді. 1 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында 28 228 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 316 адам қайтыс болған. 6 548 адам жазылған.

Елде коронавирус пневмониясына шалдыққандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі вирус пневмониясы Қазақстанда маусым және шілде айларында өршіген. Ведомство бұған дейін жалпы пневмония статистикасынан оларды айырып, ажырату мүмкін екенін айтып, нақты қаншаадамның вирус пневмониясына шалдыққанын айта алмайтынын айтқан.

Ведомство мәліметінше, 8 қыркүйекте тағы 6 адам Covid-тен қайтыс болған. Осылайша коронавирус пен "пневмониядан" бір күнде 7 адам қайтыс болған.

Қазір 4 810 адам Covid-тен емделіп жатыр, 35-і - бала. 2 680 адам - стационарда, 2 130 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 136 адамның жағдайы ауыр, 16 адамның жағдайы өте ауыр. 23 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Елде вирус жұқтырғандар саны азайса да, коронавируспен байланысты адам өлімі сиремей отыр. Күн сайын вирус жұққан кемінде ондаған науқас анықталса, орташа есеппен бірнеше адам өлімі тіркеліп жатыр.

Дегенмен тамыз айының ортасында денсаулық сақтау министрлігі елде эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанын айтып, карантин шараларын кезең-кезең бойынша жұмсарта бастаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG