Өткен тәулікте Қырғызстанда - 99, Өзбекстанда 67 адамнан коронавирус табылды
2 қыркүйекте Қырғызстанда 99 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бұл көрсеткішке Covid жұққаны тестімен расталғандармен қатар белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енгізіліп отыр. Қырғызстан шілде айының ортасынан бері "пневмония" есебін Covid статистикасына қосып келеді.
Коронавируспен күрес жөніндегі штаб дерегінше, сәрсенбі күні ең көп науқас Жалалабад (20), Баткен облыстарында (20), Бішкек қаласы (17) мен Ыстықкөлде (16) тіркелген.
Елде коронавирус жұқтырғандар саны 44 135 адамға жеткен.
Өткен тәулікте коронавируспен байланысты адам өлімі тіркелмеген. Эпидемия басталғалы бері вирустан 1060 адам қайтыс болған.
18 тамызда Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі Covid статистикасын қайта қарағаннан кейін вируспен байланысты тіркелген адам өлімі 500-ге азайған.
Эпидемия басталғалы бері 3 136 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. 2 506-ы жазылған. Наурыз айынан бері 39 174 адам жазылған.
Сәрсенбі күні Өзбекстанда бір күнде 67 адамнан коронавирус табылған. Елде науқастар саны 42 540 адамға жеткен.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сәрсенбі күні анықталған 51 жаңа науқас - Ташкент қаласында, 8-і - Ташкент облысында, 8-і Бұқара облысында тұрады.
Ресми мәлімет бойынша, Covid-тен 39 883 адам жазылған, қазір 2 248 адам аурудан емделіп жатыр. Коронавирустан барлығы 329 адам қайтыс болған.
Министрлік: Ресейлік вакцинаны тәуекел топтарға егуге болмайды
Ресейлік коронавирус вакцинасын тәуекел топтарға егуге болмайды. Бұл туралы 3 қыркүйекте денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.
"Ресейлік "Спутник V" вакцинасы аденовирустық екі сератип негізінде жасалған тірі вирус-вакцина түріндегі препарат" деді Ресей және Қазақстан вакцинасының айырмашылығы туралы айтқан Шоранов.
Оның айтуынша, "Спутник V" вакцинасын аяғы ауыр әйелдерге, бала емізіп жүрген әйелдерге, созылмалы ауруы бар адамдарға және 18 жасқа дейін және 60 жастан асқан азаматтарға егуге болмайды.
Тамыз айының соңында Қазақстанның "Спутник V" вакцинасының 2 млн дозасын сатып алу туралы Ресеймен келіскені жайлы ақпарат шыққан еді. Келісімге сәйкес, бастапқыда елге екі миллион "Спутник V" екпесін елге жеткізу қарастырылған. Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның нақты көлемі мен құны жазбаша түрде келісілген жоқ деп мәлімдеген.
3 қыркүйек күнгі үкімет отырысында ведомство өкілдері дегенмен Ресеймен келісім мәселесіне тоқталмады.
Қазір әлемде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Covid-ке қарсы екпені алғаш тіркеген елдердің бірі Ресей қазан айында жаппай егу бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал батыс ғалымдары вакцина сынақтың барлық кезеңінен өтпегендіктен оны қауіпсіз және тиімді деп атау әлі ерте деп санайды. Тамыз айында британдық вирусолог мамандардың пікіріне сүйенген Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Ал ондай жағдайда вакцина тиімсіз болып шығады. Ресей мұны жоққа шығарған.
Қазақстан да коронавирус вакцинасын жасап жатыр. 19 тамызда Дәрілер мен медициналық сараптау ұлттық орталығы "коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in®️ вакцинасының клиникаға дейінгі зерттеуі" аяқталғанын мәлімдеген. Соңғы ақпарат бойынша, Қазақстан вакцинаны клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңінен өткізу үшін ерікті іздеп жатыр.
Қазақстанда вирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар 106 мыңнан асты
2 қыркүйекте Қазақстанда 88 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. 55 адамда ауру белгісі байқалған, 33 адамда Covid симптомы білінбеген. Бір күнде 596 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда - 18, Шығыс Қазақстан облысында 14 адамнан вирус анықталған. Қызылорда және Түркістан облыстарында жаңа науқас тіркелмеген.
Ресми мәлімет бойынша, елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған адамдар саны 106 032 адамға жеткен. Наурыз айынан бері 1600 адам қайтыс болған. Бірақ бұл мәліметке белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар кірмеген. Эпидемия басталғалы бері 97 967 адам (шамамен 91 пайызы) жазылған.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда коронавирусқа 131 596 адам шалдыққан, 1878 адам қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирус індетімен байланысты енгізілген карантин шаралары 17 тамыздан бері кезең-кезең бойынша жұмсарып келеді. Алайда бірқатар шектеулер сақталып қалған. Тұрғындар ғимарат ішінде және көшеде маска тағып жүруге және ара қашықтық сақтауға міндетті.
АҚШ коронавирус вакцинасын "ДДСҰ араласуынсыз" өз бетімен шығаратынын мәлімдеді
Трамп әкімшілігі АҚШ коронавирус вакцинасын шығаруға ұмтылып отырған халықаралық қауымдастыққа қосылмайды, өйткені ДДСҰ мен Қытайдың ықпалында қалғысы келмейді деп мәлімдеді.
АҚШ-тың вакцинаны өз бетімен шығару шешімі жайлы ең бірінші болып "Вашингтон пост" басылымы хабарлады. Шілде айының басында Ақ үй АҚШ бір жылдан соң ДДСҰ мүшелігінен шығады деп мәлімдеген еді. Сол кезде Трамп ұйым Қытайда коронавирус инфекциясының тарауы жөнінде "сенімді деректерді" елеусіз қалдырған, ресми Пекиннің дегеніне көніп отырған және өте баяу әрекет жасаған деп айыптаған еді.
Әлемде кейбір мемлекеттер өз бетімен вакцина шығаруға тырысса, кейбірі бірлесіп, дамытуға кіріскен. 150-ден астам мемлекет вакцинаға қол жеткізу бойынша ғаламдық (Vaccines Global Access Facility немесе СOVAX) қор құрған.
Бұл тұрғыда ДДСҰ-мен байланысты ұйымдармен ынтымақтастық орнату мемлекеттерге қауіпсіз әрі тиімді деп танылған вакцинаға жылдамырақ қол жеткізуге мүмкіндік береді. ДДСҰ-ның айтуынша, тіпті жеке өндірушілермен вакцина жасау бойынша келісім жасасқан мемлекеттерге COVAX-қа қосылу артық етпейді, себебі қажет кезде қосымша екпемен қамтамасыз етеді.
"АҚШ халықаралық әріптестерімізді вируспен бірлесіп күресуге ынталандыра береді, екіжүзді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қытайдың ықпалына ұшыраған ұйымдар біздің жұмысызға кедергі жасамайды. Президент кез келген жаңа вакцина Азық-түлік және дәрі-дәрмек әкімшілігінің қауіпсіздік және тиімділік стандартына сәйкес келіп, мұқият сынақтан өтіп, адамдардың өмірін құтқаруы үшін барынша жағдай жасайды" деді Ақ үй ресми өкілі Джадд Дир.
Ал республикашыл Ами Бера Ақ үй шешімін "алысты болжамай қабылданған шешім" деп атап, бұл қадам індетпен күресті сәтті аяқтауға кедергі жасайды деп мәлімдеді.
"COVAX-ке қосылу АҚШ-ты мейлі оны кім бірінші болып шығарсын, вакцинамен қамтамасыз етуге кепілдік беретін қарапайым жол еді. Вакцинаны өз бетінше шығару шешімі Американы одан құр қол қалдыруы мүмкін" деді ол.
Америкалық AstraZeneca компаниясы дүйсенбі күні коронавирус тестінің соңғы кезеңге таяғанын хабарлаған. Англияда шоғырланған Кэмбридж компаниясы коронавирус вакцинасын сынауға 30 мың ересек қатысатынын айтты. Қалған екі вакцина осы жазда сынақтың соңғы кезеңінен өте бастаған. Біреуін – АҚШ ұлттық денсаулық институты мен Moderna Inc. компаниясы, екіншісін Pfizer Inc. және немістің BioNTech компаниясы шығарған.