Қырғызстанда 1100-ден астам балаға коронавирус жұққан
Қырғызстанда тамыз айындағы мәлімет бойынша, 1120 баладан коронавирус табылған. Бұл туралы 2 қыркүйекте коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб хабарлады.
Штабтың айтуынша, олардың 117-і – бір жасқа толмаған нәресте, 354-і – бес жасқа дейінгі бала. 6-14 жасқа дейінгі 649 бала Covid-ке шалдыққан.
Бұған дейін Санжарбек Данияров атындағы кадрды қайта даярлау және біліктілікті арттыру мемлекеттік медициналық институттың педиатрия кафедрасының жетекшісі Венера Шүкірова Қырғызстанда балалар арасында коронавируспен байланысты "мультижүйелік қабыну синдромы" кездесіп жатқанын айтқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы есебі бойынша, пандемия басталған наурыз айынан бері Қырғызстанда 1060 адам коронавирустан қайтыс болған. Ауруға шалдыққандар 44 036 адамға жетіп, 38 мыңнан астамы жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігі 18 тамызда қаза болғандардың статистикасын қайта қарап шыққанын, 437 адамның өліміне басқа ілеспе ауру себеп болды деп мәлімдеген еді. Олар бұған қоса, 8 адам өлімі екі рет есептеліп кеткенін айтқан. 18 тамызға дейін елде вирустан қайтыс болғандар саны 1498 адамға жеткен болатын.
Қазір стационарда 670, үйде 4,7 мың науқас емделіп жатыр.
Қазақстанда Covid пен пневмониядан тағы 9 адам қайтыс болды
Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұққаны тест арқылы расталған 6 адам және белгілері Covid-ке ұқсас пневмонияға шалдыққан 3 адам көз жұмған. Бір күнде вирус пневмониясына шалдыққан 27 адам анықталған, 103 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері коронавирустан барлығы 1600 адам қайтыс болған. 1-30 тамыз аралығында вирус пневмониясынан 295 адам көз жұмған. Соңғы бір айда пневмонияның осы түріне шалдыққандар саны 25 751-ке жеткен, 5694 адам жазылған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 6 973 адам емделіп жатыр. 29-ы – бала. Стационарда – 3 527 науқас, амбулаторлық жағдайда 3 446 адам емделіп жатыр. 195 адамның жағдайы – ауыр, 30 адамның жағдайы өте ауыр, 40 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Ал пневмониядан қанша адамның емделіп жатқаны туралы мәлімет жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсас науқастар есебін біріктіруге кеңес берген. Екі есепті қосқанда елде науқастар саны 131 751 адамға жетеді. Адам өлімі 1900-ға жуықтайды.
Бір күнде 72 адамнан коронавирус табылды, кейбір аймақтарда жаңа науқас анықталмады
1 қыркүйекте Қазақстанда 72 адамнан коронавирус табылды. 58 адамда ауру белгісі байқалған, 14 адамда Covid симптомдары білінбеген. Бұл туралы сәрсенбі таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Сейсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысынан (15) анықталған. Қарағанды облысында – 10, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында әрқайсысында 8 науқастан анықталған. Төрт облыс (Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда) пен бір қалада (Шымкент) жаңа науқас тіркелмеген.
Ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар саны 105 944 адамға жеткен. Наурыз айынан бері 1594 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар кірмеген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні жасаған халыққа жолдауында "Қазақстан коронавирус статистикасын жасырмай беріп отыр" деп мәлімдеді.
Бірақ сарапшылар Қазақстанның коронавирус статистикасына күдікпен қарайды. Билік коронавирус жұқтырған жүздеген адамды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп статистикаға қоспады. Бұдан бөлек, маусым-тамыз арасында коронавирус анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері Covid індетіне ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар да статистикаға енбей қалған.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда коронавирусқа 131 596 адам шалдыққан, 1878 адам қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 1 дейін Қазақстанда ресми дерек бойынша, 131,5 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 1800 аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония да енген.
- 24-30 тамызда елде 65 адам коронавирустан көз жұмды.
- Тамызда 25724 мың адам коронавирустық пневмонияға шалдығып, осы індеттен 292 адам қайтыс болды.
- Үкіметтің мәліметінше, жұмыста жүріп коронавирус жұқтырған 1111 дәрігерге 2 миллион теңге өтемақы төленді. Вирустан қайтыс болған 8 дәрігердің туысына 10 млн теңге берілді.
- Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 31 тамызда елде 77 адамнан коронавирус табылды. Бұл – мамырдың басынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
- Министрлік мәліметінше, Шымкент қаласы, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл облысында бірде-бір адамнан коронавирус анықталмады.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 102 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда қазір коронавирус жұқтырған 7397 адам емделіп жатыр. Олардың 3811-ы ауруханада, 3568-і үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 30 бала бар.
- 197 науқастың жағдайы ауыр. Оның 35-інің халі өте ауыр. 42 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- Қазақстан үкіметі карантин шектеулерін жеңілдетудің екінші кезеңін жариялады. 31 тамыздан бастап бассейн, спорт залдар, діни орындар, мәдени нысандар жұмысын бастады. Қалааралық автобустар мен жолаушылар пойызы да жүрді.