Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 31 тамызға дейін Қазақстанда ресми дерек бойынша, 131509 мың адам індетке шалдығып, 1878 адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да, анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 101 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда қазір коронавирус жұқтырған 7910 адам емделіп жатыр. Олардың 3755-сы ауруханада, 4155-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 32 бала бар.
- 201 науқастың жағдайы ауыр. Оның 35-інің халі өте ауыр. 42 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 28 тамызда 255 науқастың жағдайы ауыр болған.
- Қазақстан үкіметі карантин шектеулерін жеңілдетудің екінші кезеңін жариялады. Бүгін, 31 тамыздан бастап бассейн, спорт залдар, діни орындар, мәдени нысандар жұмысын бастайды. Қалааралық автобустар мен жолаушылар пойызы да жүрді.
Карантин қалай жеңілдейді?
Қазақстанда бүгін, 31 тамыздан бастап карантин шектеулері жеңілдейді. Бүгіннен бастап қалааралық, облыс ішінде жолаушылар автобусы мен жолаушылар пойызы жолаушылар тасымалдайды.
Бассейндер, жаттығу залдары, спорт комплекстері ашылады. Келушілер алдын ала жазылуы тиіс және бір адамға 5 шаршы метр жер бөлінуі керек.
Діни орындар жеке келушілерді қабылдай бастайды. Көпшілікке арналған шараларға әлі де тыйым салынады. Яғни, жұма намазына рұқсат жоқ.
Мәдени нысандар да жұмысын бастайды. Бұл жерде де бір келушіге 5 шаршы метр жер бөлінуі тиіс. Ғимарат іші тек елу пайыз ғана толуы керек. Мәдени ұжымдар отыз адамнан жиналып, репетиция бастайды. Дайындық кезінде адамдар екі мерт арақашықтық сақталып, маска киюі міндет.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, яғни, ұлттық табиғи парктер, қорықтар, резерваттар да ашылады. Бұл жерге келгендер бір топта 15 адамнан аспауы тиіс. Жұрт арақашықтықты сақтап, маска тағуы тиіс.
Той, ас беру, отбасылық шаралар өткізуге қойылған шектеу сақталады. Барлар, түнгі клубтар, караоке, фудкорт, кинотеатр жұмысын әлі бастамайды.
Covid пен пневмония. 30 тамыз күні 13 адамның өлімі тіркелді
Кеше, 30 тамыз күні Қазақстанда ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын, бірақ ПТР тестімен расталмаған пневмония 56 адамнан анықталған. Бір күнде пневмонияның осы түріне шалдыққан 6 адамның өлімі тіркелген. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрлік сондай-ақ вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған Covid науқастары арасында 7 адамның қайтыс болғанын хабарлады.
Қазақстан 1 тамыздан бастап коронавирус жұқтырған науқастардың есебін екі санат бойынша жүргізіп келеді. Аурулардың халықаралық жіктемесіне сай, коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастарға U07.1 коды, ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония науқастарына U07.2 коды тағайындалып отыр.
Үкімет коронавирус жұқтырған алғаш науқас тіркелген 13 наурыздан бастап тек ПТР тестімен расталған науқастардың ғана есебін жүргізіп келді. Жаз айларында шығу тегі белгісіз пневмония қатты өршіп, жүздеген мың адам осы ауруға шалдықты. Жергілікті мамандардың дабыл қағуымен, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға назар аударуымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен ел билігі 1 тамыздан белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония ауруының есебін жүргізе бастады.
U07.1 коды бойынша 105 795 науқас анықталып, 1588 адам қайтыс болса (13 наурыз бен 30 тамыз аралығында), U07.2 коды бойынша 25 714 науқас тіркеліп, 290 адам қайтыс болған (1-30 тамыз аралығында).
Қазақстанның ресми дерегіне күдік келтіретіндер көп. Мәселен, министрліктің өзі коронавирус жұқтырған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның барын мойындаған. Сонымен қатар 1 тамызға дейін тіркелген пневмония науқастарының арасында нешеуі Covid науқасы екені белгісіз, олар ешқандай статистикада көрсетілмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жылдың алғашқы жеті айында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылдың жеті айындағы науқастар санынан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Мұның нешеуі коронавирусқа ұқсайтын вирус пневмониясы екені айтылмады.
Алайда, министрлік 1-8 шілде аралығында 56,8 мың пневмония науқас тіркелгенін, оның 39,7 мыңында коронавирустың белгілері болғанын мәлімдеген.
ПТР растаған дерек. Covid науқастары 111 адамға артты, Шымкентте және екі облыста ешкім анықталмады
30 тамыз күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған коронавирус инфекциясы 111 адамнан анықталды. Вирус жұқтырған 60 адамда ауру белгілері болған, 51 адамда Covid симптомдары байқалмаған. Шымкент қаласында, Маңғыстау және Қызылорда облысында бір де бір науқас тіркелмеді.
Тәулік ішінде Шығыс Қазақстан облысында 20, Қарағанды облысында 19, Алматы қаласында 12 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Нұр-Сұлтан қаласында 3, Алматы облысында 2, Жамбыл облысында 2 және Ақтөбе облысында 1 науқас тіркелді.
Қазақстанда эпидемия басталғалы коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР талдауымен расталғандар саны 105 795 адамға жетті. Оның 96 297-сі жазылып шыққан, 1,5 мыңнан астамы қайтыс болған.
Аймақтар бойынша жағдай мынадай:
- Алматы қаласында – 14222 (+12 адам жаңадан қосылған),
- Нұр-Сұлтан қаласында -13822 (+3),
- Атырау облысында – 10916 (+11),
- Қарағанды облысында – 10086 (+19),
- Шығыс Қазақстан облысында – 8181 (+20),
- Батыс Қазақстан облысында – 6749 (+5),
- Шымкент қаласында -5174 (+0),
- Алматы облысында – 4894 (+2),
- Жамбыл облысында – 4081 (+2),
- Солтүстік Қазақстан облысында – 3940 (+11),
- Павлодар облысында – 3834 (+6),
- Қостанай облысында – 3408 (+8),
- Ақмола облысында – 3386 (+6),
- Маңғыстау облысында – 3334 (+0),
- Түркістан облысында – 3319 (+5),
- Қызылорда облысында -3231 (+0),
- Ақтөбе облысында -3218 (+1).
Бүгін, 31 тамыз - Қазақстанда Конституция күніне байланысты демалыс күні. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, демалыс күндеріне енгізілген карантин шектеулері бүгін де күшінде болмақ. Яғни бүгін сауда-сауықтыру орталықтары, сұлулық салондар, фитнес орталықтары және бірқатар өзге қызмет көрсету орталықтары жабық. Алайда ертеңнен бастап карантин шектеулерін алудың екінші кезеңі басталады. Мешіттер, спорт залдары, бассейндер, музейлер мен театрлар ашылады. Ұлттық парктер мен қорықтарға баруға рұқсат беріледі.