Венгрия 1 қыркүйектен бастап шекарасын жабады. Елде коронавирус қайта өршіді
Венгрия билігі коронавирусты жұқтырғандар қатарының артуына байланысты 1 қыркүйектен бастап ел шекарасын жабатынын мәлімдеді. Сол күннен бастап шетелдіктер ел территориясына кіре алмайды.
Маусым айында Еуроодақ елдері карантин шектеулерін жеңілдетіп, Шенген аймағына кіретін елдердің азаматтары үшін кіріп-шығуға рұқсат берген. Венгрия Еуроодақтағы шекарасын қайта жапқан алғашқы мемлекет болып отыр.
Осы жылдың наурызында Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны күрт артып, Еуроодақтың көптеген елі шекарасын жапқан еді. Мұндай жағдай Шенген келісімі күшіне енгелі бірінші рет болды.
Маусымның соңына қарай шекаралар ашылды. Бірақ жекелеген елдер Еуроодақтың өзге мемлекетінен келгендерде не карантинге жатуды не коронавирус тестіне анализ тапсыруды талап етті. Шенген аймағының сыртқы шекарасы әлемнің көптеген елдері үшін сол күйі жабық қалды.
Кейінгі апталарда Еуропаның көптеген елінде коронавирус жұқтырғандар саны едәуір артқан. Италия, Испания және Ұлыбритания елдерінде тәулік сайын мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Жұма күні Францияда жеті мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. Бұл эпидемияның шарықтау шегі саналған 31 наурыздағы көрсеткішпен шамалас.
Бірқатар ел инфекцияның тарауымен күрес шараларын күшейтіп жатыр. Мысалы, осы аптада Парижде маска тағу міндеттелді. Алайда Еуроодақ елдерінің көбінде тәуліктегі өлім саны көктемдегі көрсеткіштен төмен. Ауруханаға жатқызылғандар саны да азырақ.
Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде барлығы 24,6 миллион адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның алты миллионнан астамы АҚШ үлесінде. Вирус жұқтырғандардың ішінде 835 мың адам қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 28 тамызға дейін Қазақстанда ресми дерек бойынша, 130 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 1800 аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да, анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 100 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Министрліктің мәліметінше, 27 тамызда елде коронавирустан 9, коронавирустық пневомниядан 7 адам көз жұмды.
- Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда қазір коронавирус жұқтырған 8592 адам емделіп жатыр. Олардың 4320-сы ауруханада, 4272-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 38 бала бар.
- 255 науқастың жағдайы ауыр. Оның 44-інің халі өте ауыр. 46 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы аймақта коронавирус жұқтырған науқас қан плазмасын құйған соң дерттен айыққанын мәлімдеді. Дәрігерлер "өкпесінің 83 пайызы" зақымданған Жуалы ауданының тұрғынына Covid індетінен айыққан басқа адамның плазмасын құйған.
- Қазақстан үкіметі карантин шектеулерін жеңілдетудің екінші кезеңін жариялады. 31 тамыздан бастап бассейн, спорт залдар, діни орындар, мәдени нысандар жұмысын бастайды. Қалааралық автобустар мен жолаушылар пойызы да жүрді.
Қазақстанда бір күнде коронавирус пен пневмониядан 16 адам қайтыс болды
27 тамызда Қазақстанда белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға 531 адамның шалдыққаны анықталған. Бір күнде 7 адам пневмонияның осы түрінен қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
1 тамыздан бері клиникалық белгілері Covid-ке ұқсас, бірақ ПТР-тестімен расталмаған пневмония түріне 24 632 адам шалдыққан. Осы аралықта 278 адам қайтыс болған. 5 299 адам жазылған. Бұл науқастардың 21,8 пайызына тең.
Ведомствоның мәліметінше, бір күнде коронавирус инфекциясы жұққаны ПТР-тестімен расталған 9 адам қайтыс болған. Бейсенбі күні республика бойынша 723 адам Covid-тен жазылған. Елде коронавирус инфекциясынан кемінде 1563 адам қайтыс болған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 8 592 адам емделіп жатыр. 38-і – бала. 4 320 науқас стационарда жатыр. 4 272 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 255 адамның жағдайы – ауыр, 44 адамның жағдайы – өте ауыр. 46 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
Өзбекстанда қайырымдылық қорын індетпен күреске бөлінген қаржыны жымқырды деп айыптады
Өзбекстанда жергілікті "Мейір-шапағат және денсаулық" қайырымдылық қорының басшысы мен ұйымның өзге мүшелері коронавируспен күреске бөлінген 273 мың АҚШ долларын жымқырды деп айыпталды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Асрол Мырзахметов және ұйымның өзге қызметкерлері "өзара келісіп, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмекті жоғары бағаға сатып алған". Айыпталушылардың қамауға алынғаны-алынбағаны белгісіз. Олар "ірі көлемдегі ақша жымқыруға қатысы бар" деп айыпталып отыр. Егер сот оларды кінәлі деп тапса, бес жылға бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Соңғы айларда коронавируспен күрес шарасы аясында түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін "Мейір-шапағат және денсаулық" қорына садақа ретінде миллион доллар көлемінде қаражат түскен.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Өзбекстанда туған ресейлік олигарх Әлішер Усманов Ташкенттің Зангиота ауданындағы ауруханаға жаңа жабдық сатып алу үшін 20 млн доллар бөлген.
27 тамыз күнгі ақпарат бойынша, Өзбекстанда 40 338 адамнан коронавирус табылған, 297 адам қайтыс болған.