Денсаулық сақтау министрлігі: Ресеймен вакцина сатып алу туралы келісім жасалған жоқ
Қазақстан Ресеймен вакцина сатып алу жөнінде әлі келісім жасасқан жоқ, оның бағасы мен көлемі де әзірге белгісіз. Бұл туралы Азаттық тілшісіне денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлады.
– Ешқандай келісімге қол қойылған жоқ, тек Ресей вакцинасы дайын болып, халықаралық сертификаттан өткен кезде сатып алу жоспары жайлы келісілген. Қазақстан үкіметі кімде вакцина дайын болса және халықаралық стандартқа сай сертификациядан өтсе, халықты Covid-тен қорғау үшін содан вакцина сатып алады. Ол Ресей бола ма, Қытай немесе басқа мемлекет бола ма, маңызы жоқ. Әзірге Ресей ғана вакцина дайын деп мәлімдеді. Өзге мемлекеттерде мұндай ресми мәлімдеме болған жоқ. Егер мәлімдеме болса, олармен де келісеміз, – деді Бағдат Қожахметов.
Қазақстандық бірқатар БАҚ 26 тамызда Ресей тікелей инвестиция қорының бас директоры Кирилл Дмитриевке сүйене отырып, Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге сәйкес, бастапқыда елге екі миллион Спутник V вакцинасын елге жеткізу қарастырылған деп хабарлаған еді. Кейінірек бұл көлем бес миллионға жетуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі вакцинаның нақты көлемі мен құны жазбаша түрде келісілген жоқ дейді.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың кемінде 10 пайызын вакцинадан өткізу туралы рекомендация берген. Ал бізде халықтың 11,5 пайызы тәуекел топқа кіреді. Бұл шамамен екі миллион адам. Сол себепті бірінші кезекте тәуекел тобына кіретін адамдарды қамтамасыз ету үшін осындай цифр айтылған. Бірақ бұл ауызша айтылды және бұл цифр ешқандай келісімде жазылған жоқ, – деді министрлік өкілі.
24 тамызда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вице-премьер Роман Скляр бастаған делегация тобымен Мәскеуге барған. Ресей шенеуніктерімен кездесуде талқыланған мәселелердің бірі Ресей шығарған вакцинаны сатып алу мәселесі болған. 26 тамызда қазақстандық "СК-Фармация" квазимемлекеттік компанияның (дәрі-дәрмек сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютор) Ресейдің тікелей инвестиция қорымен "өзара түсінікстік" туралы келісімге қол қойып, Нұр-Сұлтанға коронавирус вакцинасын бөлу туралы келіскені хабарланды.
Денсаулық сақтау министрлігі Facebook желісінде де келісім жасалғанын растап, барлық сынақ кезеңінен өткеннен кейін тараптардың кепілдендірілген "Спутник V" вакцинасын алу туралы келіскенін хабарлады.
Қазір әлемде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Covid-ке қарсы екпені алғаш тіркеген елдердің бірі Ресей қазан айында жаппай егу бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал батыс ғалымдары вакцина сынақтың барлық кезеңінен өтпегендіктен оны қауіпсіз және тиімді деп атау әлі ерте деп санайды. 21 тамызда британдық вирусолог мамандардың пікіріне сүйенген Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Ал ондай жағдайда вакцина тиімсіз болып шығады. Ресей мұны жоққа шығарады.
Қазақстанда бір күнде 168 адамнан коронавирус табылды
26 тамызда Қазақстанда 168 адамнан коронавирус табылған. Ауру белгісі бар – 83, ауру белгісі білінбеген 85 адам анықталған. Бұл туралы бейсенбі таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында – 24, Нұр-Сұлтанда – 21, Қарағанды облысында – 19, Алматы қаласында 15 адамнан вирус табылған. Шымкент қаласында науқас тіркелмеген.
Елде Covid жұққаны ПТР-тестімен расталғандар 105 243 адамға жеткен. Наурыз айынан бері кемінде 1544 адам Covid-тен қайтыс болған. 93 990 науқас жазылған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын ауруға шалдыққандар есебін біріктіруге кеңес берген. Ұйым ресми сайтында екі көрсеткішті біріктіріп көрсеткен. Ондағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 127 464 адам Covid-ке шалдыққан.
Қазақстанның ресми орындары берген Covid статистикасының дәлдігіне күмән келтіретін адамдар да бар. Көктем және жаз айларында денсаулық сақтау министрлігі ауру белгісі жоқ коронавирус жұққан адамдарды жалпы статистикаға қоспауға талпыныс жасаған кезде кейбір мамандар ведомство осылайша елдегі коронавирус ахуалын жасырғысы келеді деп айыптаған, ал министрлік жоққа шығарған.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 26 тамызға дейін Қазақстанда 128 618 адам індетке шалдығып, 1791 адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да, анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен «коронавирустық пневмонияны» бөлек есептеп, ресми біріктірмей отыр.
- Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 98891 адам дерттен айықты.
- Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда 305 адамның жағдайы ауыр. Оның ішінде 56 адамның жағдайы өте мүшкіл. 47 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- Ауруханада індетке шалдыққан 4786 адам емделіп жатыр. Қалған 4755 науқас үйінде.
- Қазақстан үкіметі карантин шектеулерін жеңілдетудің екінші кезеңін жариялады. Бассейн, спорт залдар, діни орындар, мәдени нысандар жұмысын бастайды. Қалааралық автобустар мен жолаушылар пойызы да жүрді.
- Қазақстанда 17 мамырдан бері үшінші күн вирус жұқтырғандар саны 200-ден төмен болды. 24 тамызда елде 175 адамнан, 25 тамызда 184 адамнан, 26 тамызда 173 адамнан вирус анықталды.
Қазақстанда 31 тамыздан бастап діни нысандар мен бассейн, жаттығу залдары жұмыс істей бастайды
Қазақстан билігі 31 тамыздан бастап шектеу шараларын тағы жұмсартатынын хабарлады. Коронавирус пен вирустық пневмония қайта өршіген соң билік шілде айында карантинді күшейтіп, көптеген бизнес нысандары, кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, кейбірінің жұмысы шектелген еді.
26 тамыз күні жарияланған ведомствоаралық комиссия шешіміне сәйкес, келесі дүйсенбі яғни, 31 тамыздан бастап елде төмендегі нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі:
- діни нысандар (бірақ жеке, ұжымдық іс-шаралар өткізілмейді);
- бассейндер, жаттығу залдары, спорт кешендері (алдын ала жазылу арқылы және адамдар арасында қашықтық сақталуы тиіс);
- мәдени орындар (толы болмауы тиіс, адамдар арасында қашықтық сақталуы тиіс, маска тағуға міндетті)
- ерекше қорғалатын табиғи аумақтар: ұлттық саябақтар, қорықтар (15 адамнан аспайтын шағын топтардың жүруіне рұқсат етілген, маска тағу, адамдар арасында қашықтық сақталуы тиіс).
Бұған қоса, қалааралық және елді мекендерге жүретін автобустардың жүруіне рұқсат етілген.
Биліктің айтуынша, вирус жұқтырғандар азайып, эпидемиологиялық ахуал жақсарғандықтан осындай шара қабылданып отыр. Үкіметтің мәліметінше, карантин кезінде науқастар саны он есеге азайып, жедел жәрдем көлігін шақыру – 4,2 есе, ауруханалардың толымдылығы 80 пайызға азайған.
Қазақстанда індет қайта өршіген соң 5 шілдеде карантин шаралары күшейтілген еді. Бұған дейін кәсіпкерлер карантиннің кесірінен табыссыз қалғандарын айтып, жұмыс істеуге рұқсат сұраған еді. 17 тамызда билік шектеулерді біртіндеп ала бастаған. Тамыз айының ортасынан бастап сауда орталықтары, сұлулық салондарының жұмыс істеуіне рұқсат етілді.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, 105 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан. Бұл статистикаға белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар енбеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл екі көрсеткішті бітіктіруге кеңес бергенмен Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі оларды екі бөлек есептеп, жариялап келеді. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда 127 462 адамға вирус жұққан. Кемінде 1781 адам қайтыс болған.
Кейбір сарапшылар Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус мәліметіне күмән келтіреді.