Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

20:00 24.8.2020

Қазақстан делегациясы Мәскеуге кетті. Сапар кезінде Covid вакцинасын алу талқыланбақ

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен вице-премьер Роман Скляр бастаған үкімет делегациясы Мәскеуге кетті. Сапар кезінде Қазақстан делегациясы Covid індетіне қарсы ресейлік вакцинаны "халықаралық сертификациядан өткен соң" алу жағын талқылайды.

Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахмет 24 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте мәлімдеді. Оның сөзінше, дәл қазір вакцинаны тек Ресейден ғана сатып аламыз деген әңгіме жоқ.

- Мәскеуге вакцина үшін емес, жыл сайынғы жоспарлы кездесуге кетті. [Цой] вакцина үшін [Мәскеуге] кетті деген дұрыс емес. Вакцина тақырыбы қызып тұр. Сондықтан осыған назар ауып жатыр. Жалпы [делегация] Мәскеуге бәрібір баратын еді. Себебі Ресеймен қарым-қатынас бойынша бірнеше талқылайтын жайттар бар. Үкімет пен министрлік көпбекторлы саясат ұстанады. Әлемдегі вакцина жасап жатқан елдердің бәрімен хабарласып, келісіп жатыр, - деді Қожахметов.

Министрлік өкілі Қазақстанның Ғалымдық вакцина және иммунизация альянсымен нарыққа бірінші түскен ресми вакцинаны алу туралы келісім жасасқанын да айтты.

  • Қазір әлемде коронавирустың жаңа түріне қарсы жүзден астам вакцина сынақтап өтіп жатыр. Бұған дейін Қазақстанда Ресей билігі тіркеген, бірақ ДДСҰ күмән келтірген "Спутник" вакцнасы көп талқыланды. ДДСҰ ресейлік вакцинаның барлық сынақ кезеңінен өткеніне сенбейді. Мәскеу бұл күдікті жоққа шығарып отыр.
  • 21 тамызда Reuters агенттігі британиялық ғалымдардың ресейлік вакцинаға қатысты күдігін хабарлаған. Ағылшын ғалымдарды бұл вакцинадан вирус мутацияланып, пайдасыз болуы мүмкін деген.

12 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Ресейге вакцинаны сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге делегация жіберетінін айтқан. Бұл қоғамда үлкен талқы тудырып, кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі барлық сынақ кезеңінен өтпеген вакциналарды алмайтынын мәлімдеген. Елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстан нарыққа алғаш түскен вакцинаны сатып алатынын айтқан.

Тамыздың басында министрлік вакцина шықса, халықтың 11,5 пайызына - созылмалы дерті бар адамдарға, індетпен күресетін дәрігерлерге, вирус жұқтырса қауіп тобында болатындарға - тегін екпе салатынын мәлімдеген. Ведомство "халықтың қалған бөлігі вакцинаны өз қаржысына салдыру керек" деді. Яғни, екпенің төлемі Медициналық сақтандыру қорынан (МСҚ) төленбейді. МСҚ - халықты тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін құрылған қор. Биылдан бастап ресми жұмыс істейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын жалақысының бір бөлігін осы қорға аударып келеді.

Қазақстанда коронавирус вакцинасын жасап жатыр. 19 тамызда Дәрілер мен медициналық сараптау ұлттық орталығы "коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in®️ вакцинасының клиникаға дейінгі зерттеуі" аяқталғанын мәлімдеді. 24 тамыздағы брифингте Қожахметов "Алексей Цой да қазақстандық вакцинаның сынағына қатысатынын" айтты.

18:13 24.8.2020

Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?

  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, Қазақстанда 127 203 адам індетке шалдығып, 1633 адам қайтыс болды. ДССҰ есебіне анализінен коронавирус табылғандар да, анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония да енген.
  • Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен «коронавирустық пневмонияны» бөлек есептеп отыр.
  • Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 97117 адам дерттен айықты.
  • Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда 379 адамның жағдайы ауыр. Оның ішінде 70 адамның жағдайы өте мүшкіл. 50 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жалпы елде 10597 адам (5673 науқас ауруханада, 4924 науқас үйде) емделіп жатыр. Олардың 52-сі бала.
  • Қазақстанда наурыздан бері 2500 баладан коронавирус табылған. Қайтыс болғандар арасында балалар жоқ.
  • Министрлік елде қызмет бабымен жүріп вирус жұқтырған я пневмонияға шалдыққан 776 дәрігер 2 млн теңге өтемақы алған.
  • Қазақстанда 17 мамырдан бері алғаш рет вирус жұқтырғандар саны 200-ден төмен болды. 24 тамызда елде 175 адамнан вирус анықталды.
11:35 24.8.2020

Қазақстанда бір күнде коронавирус пен вирустық пневмониядан 15 адам қайтыс болды

23 тамызда Қазақстанда коронавирустық пневмонияға 84 адам шалдыққан, 2 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстан үкіметі коронавирустық пневмония есебін 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Тамыздың басынан осы күнге дейін коронавирустық пневмонияға барлығы 22 744 адам шалдыққан. Осы аралықта 258 адам қайтыс болған. 4 519 адам жазылған.

Ведомство мәліметінше, бір күнде Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 13 адам қайтыс болған. 13 наурыздан бері барлығы 1523 адам қайтыс болған.

Қазір коронавирус инфекциясынан 10 597 адам емделіп жатыр. 52-cі – бала. 5 673 науқас стационарда жатыр. 309 адамның жағдайы – ауыр, 70 адамның жағдайы – өте ауыр. 50 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) аурулардың халықаралық классификациясын жүргізіп, әр ауруға арнайы код тағайындайды. Ұйым коронавирус індеті өршіген тұста бұл ауруға U07.1 кодын тағайындады. Бұл кодты тағайындау науқастың коронавирус жұқтырғаны зертханалық талдау нәтижесінде анықталуы тиіс. Ал зертханалық талдау ретінде ПТР тесті қолданылады.

ПТР тестіне сұраныс артып, көп елде тест саны жетпегендіктен және тестінің дәлдігіне сұрақтар пайда бола бастаған соң, ДДСҰ наурыз айының соңына қарай ауруға U07.2 дейтін екінші код берді. Бұл кодты Covid белгілері байқалған науқастың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталмаған немесе растау мүмкіндігі болмаған жағдайда тағайындайды.

Вирустың тарауы күшейген тұста, үкіметі ашық елдердің көбі екінші кодты да пайдалана бастады. Ал Қазақстан бұл кодты 1 тамызға дейін пайдаланбай келді.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирусты 104 543 адам ғана жұқтырған. Коронавирус пневмониясына шалдыққан 22 744 адам бұл статистикаға кірмей отыр. Джонс Хопкинс университеті мен worldometers.info сайтының Covid картасында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі айтқан дерегі көрсетіліп тұр.

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аурудың алдын-алу және бақылау жөніндегі Еуропа орталығы (European centre for disease prevention and control) өздерінің Covid карталарында Қазақстанның екі дерегін біріктіріп беріп отыр.

Екі деректі біріктірсе, Қазақстанда коронавирус ауруына шалдыққандар саны 127 462 болады.

09:16 24.8.2020

Қазақстанда өткен тәулікте 175 адамнан коронавирус табылды

23 тамыз күні Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 175 науқас тіркелді. Вирус жұқтырған 107 адамда ауру белгілері байқалған, 68 адамда Covid симптомдары болмаған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 104 718 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған.

Бұл статистикаға инфекция жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар ғана кіреді. Тәуліктегі тест саны мен нәтижесі оң шыққандардың арақатынасы тест санының аз екенін көрсетеді.

Ресми статистика бойынша, ПТР тестімен расталған науқастар саны жөніндегі аймақтағы жағдай мынадай:

Алматы қаласында – 14 084 (+12)
Нұр-Сұлтан қаласында -13 738 (+8),
Атырау облысында -10 833 (+15),
Қарағанды облысында – 9 958 (+20),
Шығыс Қазақстан облысында – 8 007 (+28),
Батыс Қазақстан облысында – 6 690 (+13),
Шымкент қаласында - 5 165 (+1),
Алматы облысында – 4 875 (+7),
Жамбыл облысында – 4 057 (+6),
Солтүстік Қазақстан облысында – 3 861 (+12),
Павлодар облысында – 3 777 (+13),
Қостанай облысында – 3 346 (+10),
Маңғыстау облысында – 3 315 (+0),
Ақмола облысында – 3 331 (+14),
Қызылорда облысында -3 227 (+1)
Түркістан облысында – 3 255 (+10),
Ақтөбе облысында - 3 199 (+5).

Елде аурудың клиникалық белгілері анық байқалған, бірақ тест нәтижесі теріс шыққан жағдайлар көп кездескен. Жергілікті мамандар мұны тест сапасының төмен болуымен және сынаманың дұрыс алынбауымен байланыстырады. Шілденің бірінші аптасында 60 мыңға жуық адам пневмонияға шалдықса, соның 40 мың жуығы шығу тегі белгісіз, бірақ симптомдары бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмониямен ауырған.

Елде жылдың алғашқы жеті айында барлығы 256 мың адам өкпе ауруына шалдыққан. Бұл – өткен жылдың дәл осы мерзіміндегі науқастар санынан 3,3 есе көп көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігі мұның ішінде коронавирустық пневмонияның үлесін қанша екенін айтпады.

Тағы

XS
SM
MD
LG