АҚШ-та коронавирус жұққандарды жазылғандардың плазмасымен емдеуге рұқсат етті
АҚШ президенті Дональд Трамп 23 тамызда Ақ үйдегі брифинг кезінде коронавирус жұққандарды жазылғандардың плазмасымен емдеуге рұқсат берілгенін хабарлады.
Президент республикашылдардың ұлттық съезі қарсаңында осындай мәлімдеме жасап отыр. Қараша айында өтетін президент сайлауына республикашылдар қазіргі басшы Дональд Трамп кандидаттығын ұсынуы тиіс.
Трамп емдеу тәсілін "алға жетелейтін әдіс" деп атады. АҚШ-та коронавирустан 175 мың адам қайтыс болған. Бұған дейін кейбір сарапшылар мен мамандар Ақ үйдің коронавируспен күрес стратегиясын сынаған.
– "Қытай вирусымен" күресте көптеген адамдардың өмірін сақтап қалатын әдіс туралы тарихи мәлімдеме жасап отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі шара емдеу әдісінің ауқымын айтарлықтай ұлғайтады, – деді Трамп.
Коронавирус жұққандарды емдейтін жаңа әдіске рұқсат берген АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау жөніндегі басқарма өкілдері мұндай әдістің қаупінен гөрі артықшылықтары көп екенін айтты.
Коронавирус жұққандарды жазылғандардың плазмасымен емдеу әдісінің тиімділігі туралы ақпарат бар болғанмен клиникалық сынақ толық аяқталған жоқ.
Басқарма (Food and drug administration) мамандарының айтуынша, АҚШ-та 70 мыңнан астам науқас плазмамен емделген.
Әлемдегі ахуал: Коронавирустан қайтыс болғандар саны 800 мыңнан асты
Коронавирустық ғаламдық картасын жүргізіп отырған Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 800 мыңнан асқан. Ал вирусты жұқтырғандар 23,2 миллионға жетті.
Вирус жұқтырғаны расталғандар саны бойынша көш басында АҚШ тұр. Онда коронавирус инфекциясы 5,6 миллион адамнан табылған. Аурудан 176,3 мың адам қайтыс болған. Коронавирус құрбандары бойынша АҚШ-тан кейінгі орындарда Бразилия, Мексика, Үндістан және Ұлыбритания орналасқан.
Аурудың басты ошақтары Батыс жарты шарда орналасқан. Коронавирусқа шалдыққандардың жартысынан астамы осы аймақтың үлесінде.
Латын Америкасы мен Кариб елдері коронавирус пандемиясының әлеуметтік және экономикалық зардабын мейлінше қатты тартады деп болжанып отыр. Ондағы халықтың 37 пайызы кедейшілік шегіне жетуі ықтимал. Бұл туралы БҰҰ-ның Латын Америкасы мен Кариб бассейніне арналған экономикалық комиссиясының ғалымдары мәлімдеді.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар саны 104 543-ке жеткен. Жергілікті үкімет 1 тамыздан бастап ПТР тестімен расталмаған, бірақ белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 1-22 тамыз аралығында пневмонияның бұл түрі 22 660 адамнан анықталған.
Бірікпеген статистика. Коронавирустық пневмония бір күнде 730 адамнан анықталды
22 тамыз күні Қазақстанда 730 адамнан коронавирустық пневмония анықталды. Пневмонияның бұл түрінен қайтыс болғандар қатары 7 адамға артты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстан үкіметі коронавирустық пневмония есебін 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Шілденің басынан осы күнге дейін коронавирустық пневмонияға барлығы 22 660 адам шалдыққан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) аурулардың халықаралық классификациясын жүргізіп, әр ауруға арнайы код тағайындайды. Ұйым коронавирус індеті өршіген тұста ауруға U07.1 кодын тағайындады. Бұл кодты тағайындау науқастың коронавирус жұқтырғаны зертханалық талдау нәтижесінде анықталуы тиіс. Ал зертханалық талдау ретінде ПТР тесті қолданылады.
ПТР тестіне сұраныс артып, көп елде тест саны жетпегендіктен және тестінің дәлдігіне сұрақтар пайда бола бастаған соң, ДДСҰ наурыз айының соңына қарай ауруға U07.2 дейтін екінші код берді. Бұл кодты Covid белгілері байқалған науқастың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталмаған немесе растау мүмкіндігі болмаған жағдайда тағайындайды.
Вирустың тарауы күшейген тұста, үкіметі ашық елдердің көбі екінші кодты да пайдалана бастады. Ал Қазақстан бұл кодты 1 тамызға дейін пайдаланбай келді.
Елде жаз айларында этиологиясы белгісіз пневмония ауруы қатты өршіді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл - өткен жылдың осы мерзіміндегі науқастар санынан 3,3 есе көп көрсеткіш. Өкпе ауруына шалдығудың басым бөлігі маусым және шілде айларында тіркелген. Пневмония маусымда 35 мың адамнан, шілдеде 152 адамнан анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-8 шілде аралығында пневмонияға шалдыққан 56 809 адамның 39 702-сінде коронавирус белгілері байқалған. Яғни бұлар ДДСҰ қосқан U07.2 кодына сәйкес келетін науқастар және бұл - тек шілденің бір аптасындағы көрсеткіш. Пневмонияға шалдыққан 256 мың адамның қаншасы осы коронавирустық пневмонияға шалдыққаны айтылмады.
Қазақстан үкіметі 5 шілде күні эпидемия басталғалы екінші рет қатаң карантин шектеулерін енгізіп, аурудың тарауы басылған соң ғана барып, U07.2 кодын қабылдады. Бұл код қазақстандық науқастарға 1 тамыздан бастап тағайындала бастады.
Ел билігі коронавирустың екінші кодын қабылдағанымен, оның дерегін коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Денсаулық сақтау министрлігі ұлттық статистикаға тек қана U07.1 кодына сай келетін, яғни Covid инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастарды қосып отыр.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирусты 104 543 адам ғана жұқтырған. Коронавирус пневмониясына шалдыққан 22 660 адам бұл статистикаға кірмей отыр. Джонс Хопкинс университеті мен worldometers.info сайтының Covid картасында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі айтқан дерегі көрсетіліп тұр.
Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аурудың алдын-алу және бақылау жөніндегі Еуропа орталығы (European centre for disease prevention and control) өздерінің Covid карталарында Қазақстанның екі дерегін біріктіріп беріп отыр.
Екі деректі біріктірсе, Қазақстанда коронавирус ауруына шалдыққандар саны 127 203 болады.
Қазақстанда Covid инфекциясы бір күнде 230 адамнан табылды
22 тамыз күні Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 230 науқас тіркелді. Вирус жұқтырған 125 адамда ауру белгілері байқалған, 105 адамда Covid симптомдары болмаған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 104 543 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған.
Бұл статистикаға инфекция жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар ғана кіреді. Тәуліктегі тест саны мен нәтижесі оң шыққандардың арақатынасы тест санының аз екенін көрсетеді.
Оның үстіне аурудың клиникалық белгілері анық байқалған, бірақ тест нәтижесі теріс шыққан жағдайлар көп кездескен. Жергілікті мамандар мұны тест сапасының төмен болуымен және сынаманың дұрыс алынбауымен байланыстырады. Шілденің бірінші аптасында 60 мыңға жуық адам пневмонияға шалдықса, соның 40 мың жуығы шығу тегі белгісіз, бірақ симптомдары бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмониямен ауырған.
Елде жылдың алғашқы жеті айында барлығы 256 мың адам өкпе ауруына шалдыққан. Бұл – өткен жылдың дәл осы мерзіміндегі науқастар санынан 3,3 есе көп көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігі мұның ішінде коронавирустық пневмонияның үлесін қанша екенін айтпады.
Ресми статистика бойынша, ПТР тестімен расталған науқастар саны жөніндегі аймақтағы жағдай мынадай:
Алматы қаласында – 14072 (+38)
Нұр-Сұлтан қаласында -13730 (+20),
Атырау облысында -10818 (+15),
Қарағанды облысында – 9938 (+20),
Шығыс Қазақстан облысында – 7979 (+28),
Батыс Қазақстан облысында – 6677 (+15),
Шымкент қаласында -5164 (+4),
Алматы облысында – 4868 (+4),
Жамбыл облысында – 4051 (+8),
Солтүстік Қазақстан облысында – 3849 (+13),
Павлодар облысында – 3764 (+14),
Қостанай облысында – 3336 (+11),
Маңғыстау облысында – 3315 (+10),
Ақмола облысында – 3317 (+13),
Қызылорда облысында -3226 (+2)
Түркістан облысында – 3245 (+10),
Ақтөбе облысында -3194 (+5).