Қазақстанда Covid пен коронавирустық пневмониядан 21 адам қайтыс болды
21 тамыз күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған коронавирустан 15 адамның пен диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирустық пневмониядан 6 адамның қайтыс болғаны анықталды. Коронавирустық пневмония бір тәулікте 666 адамнан табылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бастап ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын вирустық пневмония есебін жүргізіп келеді. Тамыздың алғашқы үш аптасында пневмонияның бұл түрі 21 930 адамнан анықталған, аурудан 249 адам қайтыс болған.
Ресми дерек бойынша, 13 наурыз бен 21 тамыз аралығында 104 313 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Аурудан 89 712 адам жазылып, 1496 адам қайтыс болған.
Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық пневмония есебін ресми түрде жариялай бастағанға дейін шығу тегі белгісіз пневмония қатты өршіді. Жылдың алғашқы жеті айында ауруға 256 мың адамның шалдыққаны белгілі болды. Бұл өткен жылдың жеті айлық мәліметінен 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде тіркелген.
Денсаулық министрлігі өкпе ауруына шалдыққандардың нешеуінен бактериялық, нешеуінен вирустық пневмония анықталғанын айтпады. Алайда министрлік 1-8 шілде аралығында пневмонияға шалдыққан 56 809 адамның 39 702-сінде коронавирус белгілері барын мәлімдеген. Бұл 39,7 мың науқастың ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмаған.
Қазақстанда бір күнде 242 адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталды
21 тамыз күні Қазақстанда 242 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Вирус жұқтырған 129 адамда ауру белгілері байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ресми дерек бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 104313-ке жеткен. Бірақ ауырғандар саны шын мәнінде бұдан әлдеқайда көп деп, ресми статистикаға күдік келтіретіндер көп.
Аймақтар бойынша жағдай мынадай:
- Алматы қаласында – 14034 (+40 адам жаңадан қосылды)
- Нұр-Сұлтан қаласында -13710 (+24),
- Шымкент қаласында -5160 (+1),
- Атырау облысында -10803 (+17),
- Қарағанды облысында – 9918 (+24),
- Шығыс Қазақстан облысында – 7951 (+30),
- Батыс Қазақстан облысында – 6662 (+16),
- Алматы облысында – 4864 (+7),
- Жамбыл облысында – 4043 (+9),
- Солтүстік Қазақстан облысында – 3836 (+14),
- Павлодар облысында – 3750 (+15),
- Қостанай облысында – 3325 (+10),
- Маңғыстау облысында – 3305 (+12),
- Ақмола облысында – 3304 (+8),
- Түркістан облысында – 3235 (+11),
- Қызылорда облысында -3224 (+2)
- Ақтөбе облысында – 3189 (+2).
Үкімет мәліметінше, ПТР тестімен расталған коронавирус ауруынан жазылғандар бір тәулікте 1792 адамға артып, 89 712 адамға жеткен. Аурудан 1415 адам қайтыс болған.
Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бастап коронавирустық пневмония дерегін жариялап келеді. 1-20 тамыз аралығында пневмонияның бұл түріне 21 264 адам шалдығып, ауру салдарынан 243 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі 17 шілде күні 1 тамыздан бастап Covid пен коронавирустық пневмония дерегі біріктіріледі деп уәде берген. Бірақ іс-жүзінде министрлік деректерді біріктірмей бөлек жариялап отыр. Журналистер мұның себебін сұрағанда министрлік анық жауап бере алмады. Коронавирустың тарауы жөнінде дерек базасын жүргізіп отырған Джонс Хопкинс университеті Қазақстан статистикасына денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйеніп көрсетіп отыр. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аурудың алдын-алу және бақылау жөніндегі Еуропа орталығы (European centre for disease prevention and control) Қазақстанның коронавирус статистикасына ел үкіметі 1 тамыздан санақ жүргізіп келе жатқан коронавирустық пневмония деректерін де қосып келеді. Екі дереккөздің 21 тамыздағы мәліметі бойынша, Қазақстанда ауруға 125 335 адам шалдыққан.
Мемлекеттік қор: Коронавирустан қайтыс болған үш дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы берілді
Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры жұмыс кезінде коронавирус жұғып, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы төлене бастады. Бұл туралы 21 тамызда қордың баспасөз қызметі хабарлады.
"Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры аурудан қайтыс болған үш медицина қызметкерінің туыстарына төлемді аударды" делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қордың хабарлауынша, жұмысында коронавирус немесе коронавирустық пневмония жұққан 729 медицина қызметкеріне өтемақы төленген.
Мемлекеттік қор өкілдерінің айтуынша, медицина қызметкеріне өтемақы беру-бермеу мәселесін денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия анықтайды. Денсаулық сақтау министрлігі өтініштерді біріктіріп, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жіберіледі. Одан әрі қарай төлем тағайындау үшін қорға беріледі.
Қордың мәліметі бойынша, ең көп өтініш түскен аймақтар арасында Алматы облысы (77), Ақмола облысы (75), Алматы қаласы (74), Нұр-Сұлтан қаласы (67), Батыс Қазақстан облысы (66) бар.
3 тамыз күнгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда індет кезінде 8 518 медицина қызметкеріне вирус жұққан. Бұл сол кездегі мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандардың 9,1 пайызына тең. Елде заңға сәйкес, коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Коронавирус немесе коронавирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкеріне 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкеріне 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырған дәрігерлердің көбіне коронавирус отбасы немесе таныстарынан жұққанын айтқан еді.
Көктем және жаз айларында кейбір аймақтарда медицина қызметкерлері "вирус жұқтырғандарды емдесек те, өтемақы алатындардың тізіміне ілінбедік" деп шағымданған болатын.
Қазақстанда бір күнде коронавирус пен пневмониядан 26 адам қайтыс болды
Қазақстанда өткен тәулікте белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 723 адамның шалдыққаны анықталған. Бір тәулікте пневмонияның осы түрінен 6 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
1-20 тамыз аралығында "коронавирустық пневмонияға" шалдыққандар 21 264 адамға жеткен. Осы аралықта 243 адам қайтыс болған. 2 139 адам жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 20 тамызда Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 20 адам көз жұмған. 13 наурыздан бері барлығы 1481 адам қайтыс болған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 14 670 адам емделіп жатыр. 62-cі – бала. 6 339 науқас стационарда жатыр. 355 адамның жағдайы – ауыр, 78 адамның жағдайы – өте ауыр. 49 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне оның ішінде Қазақстанға да коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын, бірақ зертханалық талдаумен расталмаған пневмония түрін біріктіруге кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасында көрсеткішті біріктірген. Ал Қазақстан бастапқыда біріктіретінін мәлімдегенмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. Егер екі көрсеткішті қосса, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар – 124 356 адамға жетеді. ДДСҰ ресми сайтында Қазақстандағы Covid статистикасын солай біріктіріп көрсеткен.