Қазақстанда өткен тәулікте 256 адамнан коронавирус анықталды
20 тамыз күні Қазақстанда 256 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырған 151 адамда ауру белгілері болған, 105 адамда коронавирус симптомы байқалмаған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бейсенбі күні Павлодар облысында – 33, Алматы қаласында – 32, Шығыс Қазақстан облысында 31 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған. Қалған облыстар мен қалаларда бір күнде анықталған науқастар саны 25-ке жетпейді. Нұр-Сұлтан қаласында 8 жаңа науқас тіркелген.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Алматы қаласы - 13 994 (+32 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласы - 13 686 (+8),
Атырау облысы - 10 786 (+18),
Қарағанды облысы - 9 894 (+22),
Шығыс Қазақстан облысы - 7 921 (+31),
Батыс Қазақстан облысы - 6 646 (+17),
Шымкент қаласы - 5 159 (+4),
Алматы облысы - 4 857 (+9),
Жамбыл облысы - 4 034 (+8),
Солтүстік Қазақстан облысы - 3 822 (+14),
Павлодар облысы - 3 735 (+33),
Маңғыстау облысы - 3 293 (+8),
Қостанай облысы - 3 315 (+12),
Қызылорда облысы -3 222 (+6),
Ақмола облысы - 3 296 (+14),
Ақтөбе облысы - 3 187 (+6),
Түркістан облысы - 3 224 (+14).
Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандар ресми мәлімет бойынша, 104 071-ге жеткен.
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 124 356 адамға жеткен. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды (1 тамыздан бері тіркелгендерін ғана) Covid статистикасына қосып есептеп отыр. Аурудың алдын-алу және бақылау жөніндегі Еуропа орталығы (European centre for disease prevention and control) да екі көрсеткішті біріктіріп отыр.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі шілде айының ортасында екі көрсеткішті қосатынын айтқанмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. ДДСҰ дерегінше, коронавирус жұқтырғандар саны жағынан Қазақстан әлемде 24-орында тұр. Постсоветтік кеңістікте Ресей (4-орында) мен Қазақстаннан басқа "алғашқы отыздыққа" бірде-бір мемлекет енбеген.
Эпидемия басталғалы бері ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 1461 адам қайтыс болған. (ДДСҰ мәліметінше, 1633 адам қайтыс болған) 1-18 тамыз аралығында "коронавирустық" пневмониядан 231 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "вирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған адамдар өлімі енгізілмеген. Бұған қоса, 1 тамызға дейін "коронавирустық пневмониядан" қайтыс болғандар саны да беймәлім күйде қалып отыр.
Кейбір сарапшылар Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус пен пневмония статистикасына күмән келтіреді. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі "біз мәліметті жасырмаймыз" деп мәлімдеген.
Әлемдегі жағдай: Қысқа-нұсқа
Азаттықтың жазбаша Live парақшасына енді қосылсаңыз коронавирус бойынша әлемдегі жағдайды бір шолып шығыңыз.
- 19 тамызда АҚШ-та, ресми дерек бойынша, 1356 адам коронавирустан қайтыс болды. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, бұл елде барлығы 5,5 млн адамға вирус жұғып, 173 мың адам қайтыс болды.
- Өткен тәулікте Германияда 1707 адамнан коронавирус табылды. Бұл – 24 сәуірден бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ел билігі азаматтардың көбі демалыстан оралып жатқандықтан және жұрттың сақтық шараларын сақтамағанынан вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр деп мәлімдеді.
- Францияда өткен тәулікте 3776 адамнан вирус табылды. Ницца қаласында жұрт сыртта маска киіп жүруі тиіс.
- Испанияда кейінгі 24 сағатта 3715 адамнан вирус табылып, 127 адам қайтыс болды.
- Италияда да вирус жұқтырғандар біршама өсті. 19 тамызда елде 642 адамнан вирус табылған.
- Оңтүстік Кореяда шіркеу вирус ошағына айналып, елде 10 адамнан артық жиналуға тыйым салынды.
- Ресей билігі 19 тамызда 110 адам коронавирустан көз жұмғанын хабарлады. Ресми статистикаға сай, бұл елде 942 106 адамнан вирус табылып, 16 мыңнан аса адам қайтыс болды.
- Украинада 19 тамызда 2134 адамнан коронавирус табылғаны хабарланды. Бұл – рекорд. Елде вирус жұқтырғандар 100 мыңнан асты.
- Үндістан денсаулық сақтау министрлігі 19 тамызда елде 69652 адамнан коронавирус табылып, 997 адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Үндістанда 2,8 млн адамнан вирус анықталып, 53 мыңнан аса адам көз жұмды. Бұл ел коронавирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ (5,5 млн) пен Бразилиядан (3,4 млн) кейін үшінші орында тұр.
- Ресми дерек бойынша, Қырғызстанда 42,5 мың адамнан, Өзбекстанда 37,5 мың адамнан, Тәжікстанда 8 мыңдай адамнан коронавирус табылды. Ресми мәліметке сай, Қырғызстанда 1498 адам, Өзбекстанда 252 адам, Тәжікстанда 65 адам көз жұмған.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда 121639 адам індетке шалдығып, 1633 адам қайтыс болды. Сарапшылардың көбі "Орталық Азия елдерінде билік індетке шалдыққандардың санын азайтып көрсеткендіктен я тест санынынң аздығынан вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар ресми статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін" деп санайды.
- Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 22 миллионнан аса адам Covid індетіне шалдықты. Оның 14 миллионнан астамы дерттен айықты. 787600 адам қайтыс болды.
АҚШ пен Бразилия "эпидемия ошағы" болып қалды, әлем елдері індетті өршітпеуге күш салып жатыр
АҚШ пен Бразилияда коронавирус жұққандар саны сәл азайғанмен әлі күніне он мыңдаған науқас анықталып жатыр. Вируспен байланысты адам өлімі мыңнан түспеді.
Бразилия 19 тамызда бір күнде 47 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталғанын, 1200-ден астам қайтыс болғанын хабарлады. Ал АҚШ-та бір күнде 44 мыңнан астам жаңа науқас анықталды, 1300-ден астам адам қайтыс болды. Елде Covid-ке шалдыққандар 5,5 млн адамға жетті, 173 мың адам өлімі тіркелді. Бразилияда коронавирус жұққандар 3,4 млн-ға жетті, адам өлімі 110 мың болды.
Вирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде үшінші орында тұрған Үндістанда 2,7 млн адамнан коронавирус анықталған, шамамен 53 мың адам өлімі тіркелген.
Одан кейінгі орында тұрған Ресейде ресми мәлімет бойынша, 935 мың адамнан коронавирус анықталған, 16 мың адам өлімі тіркелген.
Орталық Азияда коронавирус жұқтырғандар саны жағынан Қазақстан бірінші орында тұр. Соңғы уақытта мұнда вирус жұқтырғандар азайғанмен белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар қатары азаймаған. Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның ушығуын карантин шараларының әлсіреуімен байланыстырмауға кеңес берген.
Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар 42 325-ке жеткен, басым бөлігі жазылған. Эпидемия басталғалы бері елде 1 499 адам қайтыс болған. Шамамен алты миллионнан астам халқы бар Орталық Азия мемлекеті шілде айының ортасынан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияны Covid-пен біріктіре бастаған.
Тәжікстанның ресми орындарының берген мәліметі бойынша, елде 8,1 мың адамнан коронавирус анықталған, 65 адам қайтыс болған. Науқастардың басым бөлігі жазылған. Дегенмен жергілікті белсенділер мен кейбір азаматтар ресми дерекке күмән келтіреді. Бұған дейін белсенділердің "індет құрбандарын" өз бетімен есептей бастағаны туралы хабар тараған.
Ал Түркіменстан коронавирус барын ресми түрде мойындаған жоқ. Алайда Азаттық тілшілері шілде айында елдегі ауруханалардың толып кеткенін, пневмония белгісі бар науқастар мен вируспен байланысты адам өлімі көбейгенін жазған еді.
Қазақстан "QazCovid вакцинасын еріктілерге салуға дайын" екенін мәлімдеді
Дәрілер мен медициналық сараптау ұлттық орталығы "коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in®️ вакцинасының клиникаға дейінгі зерттеуі" аяқталғанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме орталықтың ресми сайтында жарияланды.
Орталық "жануарларға вакцинаның күшейтілген дозасы салынып, оның қауіпсіздігі мен уытты әсері мұқият тексерілгенін" және "ағзаға аллергиялық реакциясының жоқтығы анықталғанын" хабарлады.
Вакцина сынағының екінші кезеңін қазанда бастамақ және екпе 200 еріктіге салынады деп жоспарланған.
Қазір әлемде коронавирустың жаңа түріне қарсы жүзден астам вакцина сынақтап өтіп жатыр. Бұған дейін Қазақстанда Ресей билігі тіркеген, бірақ ДДСҰ күмән келтірген "Спутник" вакцнасы көп талқыланды. ДДСҰ ресейлік вакцинаның барлық сынақ кезеңінен өткеніне сенбейді. Мәскеу бұл күдікті жоққа шығарып отыр.
12 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Ресейге вакцинаны сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге делегация жіберетінін айтқан. Бұл қоғамда үлкен талқы тудырып, кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі барлық сынақ кезеңінен өтпеген вакциналарды алмайтынын мәлімдеген. Елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстан нарыққа алғаш түскен вакцинаны сатып алатынын айтқан.
Тамыздың басында министрлік вакцина шықса, халықтың 11,5 пайызына - созылмалы дерті бар адамдарға, індетпен күресетін дәрігерлерге, вирус жұқтырса қауіп тобында болатындарға - тегін екпе салатынын мәлімдеген. Ведомство "халықтың қалған бөлігі вакцинаны өз қаржысына салдыру керек" деді. Яғни, екпенің төлемі Медициналық сақтандыру қорынан (МСҚ) төленбейді.
МСҚ - халықты тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін құрылған қор. Биылдан бастап ресми жұмыс істейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын жалақысының бір бөлігін осы қорға аударып келеді.