Тамыздан бері вирустық пневмонияға шалдыққандар 20 мыңнан асты
Қазақстанда өткен тәулікте белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 787 адамның шалдыққаны анықталған. Бір тәулікте пневмонияның осы түрінен 6 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
1-19 тамыз аралығында "коронавирустық пневмонияға" шалдыққандар 20 541 адамға жеткен. Осы аралықта 237 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 19 тамызда Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 15 адам көз жұмған. 13 наурыздан бері барлығы 1461 адам қайтыс болған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 15 904 адам емделіп жатыр. 64-і – бала. 6 942 науқас стационарда жатыр. 350 адамның жағдайы – ауыр, 100 адамның жағдайы – өте ауыр. 63 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне оның ішінде Қазақстанға да коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын, бірақ зертханалық талдаумен расталмаған пневмония түрін біріктіруге кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасында көрсеткішті біріктірген. Ал Қазақстан бастапқыда біріктіретінін мәлімдегенмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. Егер екі көрсеткішті қосса, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар – 124 356 адамға жетеді. ДДСҰ ресми сайтында Қазақстандағы Covid статистикасын солай біріктіріп көрсеткен.
Қазақстанда бір күнде 244 адамнан коронавирус анықталды
19 тамыз күні Қазақстанда 244 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырған 134 адамда ауру белгілері болған, 110 адамда коронавирус симптомы байқалмаған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласында – 38, Шығыс Қазақстан облысында 27 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған. Сәрсенбі күні ең төменгі көрсеткіш Қызылорда(1) және Павлодар облыстарында (3) тіркелген. Шымкент қаласында (0) бірде-бір науқас анықталмаған.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Алматы қаласы - 13 962 (+24 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласы -13 678 (+38),
Атырау облысы -10 768 (+20),
Қарағанды облысы - 9 872 (+25),
Шығыс Қазақстан облысы - 7 890 (+27),
Батыс Қазақстан облысы - 6 629 (+18),
Шымкент қаласы - 5 155 (0),
Алматы облысы - 4 848 (+4),
Жамбыл облысы - 4 026 (+8),
Солтүстік Қазақстан облысы - 3 808 (+16),
Павлодар облысы - 3 702 (+3),
Маңғыстау облысы - 3 285 (+7),
Қостанай облысы - 3 303 (+13),
Қызылорда облысы -3 213 (+1),
Ақмола облысы - 3 282 (+17),
Ақтөбе облысы - 3 181 (+6),
Түркістан облысы - 3 210 (+17).
Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандар ресми мәлімет бойынша, 103 815-ге жеткен. Бір күнде 164 адам жазылған. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 1841 болған еді. Эпидемия басталғалы бері 86 450 адам жазылған. Бұл науқастардың шамамен 83 пайызын құрайды.
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 121 639 адамға жеткен. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды (1 тамыздан бері тіркелгендерін ғана) Covid статистикасына қосып есептеп отыр. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі шілде айының ортасында екі көрсеткішті қосатынын айтқанмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды.
Эпидемия басталғалы бері коронавирустан 1446 адам қайтыс болған. 1-18 тамыз аралығында "коронавирустық" пневмониядан 231 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "вирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған адамдар өлімі енгізілмеген. Бұған қоса, 1 тамызға дейін "коронавирустық пневмониядан" қайтыс болғандар саны да беймәлім күйде қалып отыр.
Кейбір сарапшылар Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус пен пневмония статистикасына күмән келтіреді. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі "біз мәліметті жасырмаймыз" деп мәлімдеген.
Қырғызстан мектептері дәстүрлі форматқа екінші тоқсанда көшуі мүмкін
Егер елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарса, екінші тоқсаннан бастап мектептер қалыпты форматта жұмыс істей бастайды. Бұл туралы 19 тамызда Қырғызстан премьер-министр Кубатбек Боронов хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда жаңа оқу жылынан бастап қоғамдық көліктердің жұмыс істеу кестесі қайта қаралады.
Бұған дейін 1 қыркүйектен бастап тек 1-сынып оқушыларының ғана сабақты мектепте оқитыны хабарланған еді. Биыл 156 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесіне сәйкес, әрбір сыныпта 12-15 баладан артық болмауы тиіс. Балалар маска тағып, антисептикті жиі қолдануы керек. Мектеп сыныптары жиі тазаланып отыруы тиіс. Директорлар санитария талаптары мен залалсыздандыру шараларына жауап береді. Мектептен кіріп-шығатын екі есік болуы керек. Алғашқы тоқсанда қалған сыныптар қашықтан оқиды. Жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру мекемелері де сабақтарын онлайн түрде бастайды.
Соңғы мәлімет бойынша, Қырғызстанда коронавирус жұққандар 42 146 адамға жеткен. Билік шілде айының ортасынан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін де Covid статистикасына қосқан. Эпидемия басталғалы бері 1498 адам қайтыс болған.
HRW Қазақстанды індет кезінде халыққа беретін "көмекті ұлғайтуға" шақырды
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан үкіметін коронавирус індетінен зардап шеккен азаматтарды экономикалық тұрғыда қолдап, көмекті ұлғайтуға шақырды.
18 тамызда жариялаған есебінде ұйым індет Қазақстандағы "теңсіздікті тереңдетіп", "әлеуметтік қорғау жүйесінің кемшіліктерін көрсетті" деп жазған.
Қазақстан – індет кезінде азаматтарына қаржылай көмек көрсеткен Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Алайда HRW ұйымының айтуынша, эпидемия басталғанға дейін елде кедейлікке ұшырағандар көп болған, сол себепті үкімет халықтың кедейленбеуіне көп күш салуы керек.
Наурыз айында Қазақстанда алғаш рет ресми түрде коронавирус тіркелгеннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, карантин кезінде табыссыз қалғандарға көмек көрсетіп, бизнеске індеттің әсерін азайту үшін бюджеттен шамамен 10 млрд доллар бөлінетінін айтқан. Бұл пакет елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 7 пайызына тең.
Билік сонымен бірге жағдайы нашар отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға азық-түлік таратып, сәуір және мамыр айларындағы коммуналдық төлемдерін өтеуге шамамен 36 доллардан бөлген.
Індеттің кесірінен жұмыссыз қалғандар алты айға дейін жәрдемақы алуға өтініш бере алады. Мемлекет оларға бұрынғы жалақасының 40 пайызын төлейді.
Бірқатар зерттеулерге сүйенген HRW ұйымы алайда бұл көмек тұрғындарды азық-түлік, баспана және ауыз сумен толық қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайды дейді.
Бұл төлемдер қажет болғанмен оның көлемі аз және Алматы немесе Нұр-Сұлтан сияқты қымбат қалаларда тұратын жұрттың мұндай жәрдемақымен өмір сүруі қиын. Бұған қоса, несие төлемін үш айға дейін шегеру "акциясының" мерзімі де маусым айында өтіп кеткен.
Үкімет карантин кезінде табыссыз қалғандар 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек берді, алайда 16 тамыздан кейін не болатыны белгісіз, себебі үкімет 17 тамыздан бастап карантин шараларын жұмсарта бастаған.
"Бұл кедейліктен құтқаруы тиіс делінген онсыз де шектеулі бағдарламаның тиімділігін онан сайын азайта түседі" дейді ұйым өкілдері.
Қазақстанның табиғи байлығы мол екеніне қарамастан халықтың басым бөлігіне пандемияға дейін де кедейлікке ұшырау қаупі төнген.
2018 жылы қазан айында жүргізілген зерттеуге сәйкес, халықтың төрттен бір бөлігі кедейлікте өмір сүрген және бұл көрсеткіш ұлғаюы ықтимал.
Індеттің кесірінен мұнайдан түсетін табыс көлемі қысқарғандықтан жағдай онан сайын нашарлауы мүмкін. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, "Қазақстанда кедейлік деңгейі 2020 жылы болжанған көрсеткіш – 8,3 пайыздан 12,7 пайызға өседі". 800 мың адам кедейліктен зардап шегеді.
HRW алайда үкімет халықты кедейліктен қорғау үшін бюджет қоры мен шетел инвестициясының мүмкіндіктерін және халықаралық көмекті пайдалана алады дейді.
Маусым айында Азия даму банкі індеттің зардабын азайту үшін Қазақстанға миллиард доллар көлемінде көмек беруді мақұлдаған.
HRW ұйымы үкіметті экономикалық қолдау шараларын күшейтіп, Қазақстан тұрғындары тиісті дәрежеде өмір сүруі үшін түрлі көмекпен қамтамасыз етуге шақырды.
"Індет кезінде және одан кейін адамдардың тиісті дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасау үшін үкімет дағдарыспен күрес бағдарламасының ауқымын тез арада кеңейтіп, халықтың әлеуметтік қорғалу құқығын жүзеге асыруға кепілдік беру бойынша алған міндеттемесін орындауы тиіс" деді ұйымның кедейлік және теңсіздік мәселелері бойынша зерттеушісі Лена Симет.
19 тамыз күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 123,3 мың адам Covid пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққан. Кемінде 1446 адам коронавирустан қайтыс болған.