Пәкістан қытайлық вакцинаны адамдарға сынап көруді мақұлдады
Пәкістан билігі Қытайда жасалған коронавирусқа қарсы вакинаны адамдарға сынап көруді мақұлдады.
Мемлекеттік денсаулық сақтау ұлттық институтының хабарлауынша, Пәкістанның дәрі-дәрмек қадағалау басқармасы қытайлық ғалымдар мен Пекин биотехнология инстуты бірігіп жасаған CanSinoBio вакцинасын кеңінен сынақтан өткізуге рұқсат берген.
Институт соңғы кезеңге таяған вакцинаны елде алғаш рет клиникалық сынақтан өткізетінін мәлімдеді. Институт мамандарының сөзіне қарағанда Пәкістан осылайша екпені елге жеткізу және бағасы бойынша да бірқатар артықшылыққа ие болмақ.
Коронавирусқа қарсы вакцина Қытай, Ресей, Чили, Аргентинада сынақтың соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Мексика және Сауд Арабиясы клиникалық сынаққа қосылуды жоспарлап отыр.
Ресми мәлімет бойынша, Пәкістанда 290 мың адамға коронавирус жұққан, 6 мыңнан астам адам Covid-тен қайтыс болған.
Өткен тәулікте 1081 адамнан пневмония анықталған, Covid-пен қосқанда 26 адам қайтыс болған
Қазақстанда өткен тәулікте белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 1081 адамның шалдыққаны анықталған. Бір тәулікте пневмонияның осы түрінен 11 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
1-18 тамыз аралығында "коронавирустық пневмонияға" шалдыққандар 19 754 адамға жеткен. Осы аралықта 231 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 18 тамызда Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 15 адам көз жұмған. 13 наурыздан бері барлығы 1446 адам қайтыс болған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 15 839 адам емделіп жатыр. 71-і – бала. 7 383 науқас стационарда жатыр. 366 адамның жағдайы – ауыр, 90 адамның жағдайы – өте ауыр. 59 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне оның ішінде Қазақстанға да коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын, бірақ зертханалық талдаумен расталмаған пневмония түрін біріктіруге кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасында көрсеткішті біріктірген. Ал Қазақстан бастапқыда біріктіретінін мәлімдегенмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. Егер екі көрсеткішті қосса, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар – 123 754 адамға жетеді. ДДСҰ ресми сайтында Қазақстандағы Covid статистикасын солай біріктіріп көрсеткен.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан тамызға дейін пневмонияға (пневмонияның барлық түріне) 256 мың адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы аралықта өкпе ауруынан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.
Қазақстанда өткен тәулікте 271 адамнан коронавирус анықталды
18 тамыз күні Қазақстанда 271 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырған 100 адамда ауру белгілері болған, 171 адамда коронавирус симптомы байқалмаған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Шығыс Қазақстан облысында – 30, Батыс Қазақстан облысында – 28, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында әрқайсысында 27 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған. Ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында (2) және Шымкент қаласында (3) тіркелген.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Алматы қаласы - 13 938 (+22 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласы -13 640 (+27),
Атырау облысы -10 748 (+17),
Қарағанды облысы - 9 847 (+27),
Шығыс Қазақстан облысы - 7 863 (+30),
Батыс Қазақстан облысы - 6 611 (+28),
Шымкент қаласы - 5 155 (+3),
Алматы облысы - 4 844 (+16),
Жамбыл облысы - 4 018 (+9),
Солтүстік Қазақстан облысы - 3 792 (+18),
Павлодар облысы - 3 699 (+7),
Маңғыстау облысы - 3 278 (+8),
Қостанай облысы - 3 290 (+14),
Қызылорда облысы -3 213 (+1),
Ақмола облысы - 3 265 (+16),
Ақтөбе облысы - 3 175 (+5),
Түркістан облысы - 3 193 (+22).
Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандар ресми мәлімет бойынша, 103 571-ге жеткен. Бір күнде 1841 адам жазылған. Эпидемия басталғалы бері 86 286 адам жазылған. Бұл науқастардың шамамен 83 пайызын құрайды.
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 121 639 адамға жеткен. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды (1 тамыздан бері тіркелгендерін ғана) Covid статистикасына қосып есептеп отыр. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі шілде айының ортасында екі көрсеткішті қосатынын айтқанмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды.
Эпидемия басталғалы бері коронавирустан 1431 адам қайтыс болған. 1-17 тамыз аралығында "коронавирустық" пневмониядан 218 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "вирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған адамдар өлімі енгізілмеген. Бұған қоса, 1 тамызға дейін "коронавирустық пневмониядан" қайтыс болғандар саны да беймәлім күйде қалып отыр.
- Авторы: Нұргүл ТАПАЕВА
Нұр-Сұлтандағы бір ауруханада пневмонияға шалдыққан соңғы науқас үйіне шықты