Қырғызстанның ЖОО мен колледждері жаңа оқу жылын онлайн форматта бастайды
Бұл туралы Қырғызстанның білім және ғылым министрлігі хабарлады. Меншік түріне қарамастан барлық жоғары және орта кәсіптік білім беру мекемелері жаңа оқу жылын онлайн форматта бастайды.
Оқу процесінде ZOOM, Google classroom, Moodle, WhatsApp, Skype, электронды кітапхана және өзге де плафтормалар пайдаланылмақ.
Білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, арнайы кеңес оқуға қажетті барлық ресурстарды әзірлеу және онлайн форматтағы оқу процесін бағалау жүйесі бойынша рекомендация әзірлеген.
Қалыпты форматқа қашан оралатынын министрлік әзірге, хабарламаған.
Бұған дейін Қырғызстан мектептерінде жаңа оқу жылы онлайн түрде басталатыны, тек бірінші сынып оқушылары ғана дәстүрлі форматта оқитыны хабарланған еді.
Қазақстанда індет кезінде жұмыссыздар 8 есеге көбейген
Қазақстанда жыл басынан бері жұмыссыздар саны 8 есеге көбейген. Бұл туралы сейсенбі күнгі үкімет отырысы кезінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
"Жыл басымен салыстырғанда тіркелген жұмыссыздар саны 8 есеге көбейді, жұмысқа орналастырылғандар саны 11 есеге ұлғайды" деді Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, жыл басында әкімдіктермен келісілген меморандумға сәйкес, "Еңбек" және "Жұмыспен қамту жол картасынан" бөлек, әкімдіктер 431,5 мың жұмыс орнын ашуы тиіс болған. Алайда тек 149,7 мың жұмыс орны ашылған.
"Электронды еңбек биржасы қызу жұмыс істеп жатыр. Жұмыстар саны 8,5 есеге ұлғайды. Жеті ай ішінде 330 мың жұмыссыз жұмыс тапты, 57 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты" деді министр.
Қазақстанда наурыз айында коронавирус індетіне байланысты карантин жарияланып, көптеген бизнес нысандары жұмысын уақытша тоқтатқан еді, кейбірі жұмысынан айрылды. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі наурыздың соңы мен сәуірдің басында 4,2 млн-нан астам адам жұмысы мен табысынан айырылды деп хабарлаған. Мамырда – 1 млн 140 мың адам, маусымда 700 мың адам жұмыссыз қалған.
Өткен айда министрлік жыл соңына таман Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін өседі деген болжам айтқан.
Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 18 адам қайтыс болған
Қазақстанда өткен тәулікте белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 67 адамның шалдыққаны анықталған. Бір тәулікте пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
1-17 тамыз аралығында "коронавирустық пневмонияға" шалдыққандар 18 673 адамға жеткен. Осы аралықта 220 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 17 тамызда Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 16 адам қайтыс болған. 13 наурыздан бері барлығы 1431 адам қайтыс болған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 17 424 адам емделіп жатыр. 94-і – бала. 8 мыңнан астам науқас стационарда жатыр (Бір тәулік бұрын бұл көрсеткіш 3,2 мың болған). 389 адамның жағдайы – ауыр, 107-сінің жағдайы – өте ауыр. 69 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне оның ішінде Қазақстанға да коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын, бірақ зертханалық талдаумен расталмаған пневмония түрін біріктіруге кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасында көрсеткішті біріктірген. Ал Қазақстан бастапқыда біріктіретінін мәлімдегенмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. Егер екі көрсеткішті қосса, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар – 121 973 адамға жетеді. ДДСҰ ресми сайтында Қазақстандағы Covid статистикасын солай біріктіріп көрсеткен.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан тамызға дейін пневмонияға (пневмонияның барлық түріне) 256 мың адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы аралықта өкпе ауруынан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.
Қазақстанда бір күнде 267 адамнан коронавирус анықталды
17 тамыз күні Қазақстанда 267 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырған 144 адамда ауру белгілері болған, 123 адамда коронавирус симптомы байқалмаған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Алматыда – 39, Нұр-Сұлтан қаласында – 35, Шығыс Қазақстан облысында 30 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған. Ең төменгі көрсеткіш Шымкент қаласында (2) және Қызылорда облысында (1) тіркелген.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Алматы қаласы - 13 916 (+39 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласы -13 613 (+35),
Атырау облысы -10 731 (+14),
Қарағанды облысы - 9 820 (+32),
Шығыс Қазақстан облысы - 7 833 (+30),
Батыс Қазақстан облысы - 6 583 (+22),
Шымкент қаласы - 5 152 (+2),
Алматы облысы - 4828 (+5),
Жамбыл облысы - 4 009 (+10),
Солтүстік Қазақстан облысы - 3 774 (+24),
Павлодар облысы - 3 692 (+7),
Маңғыстау облысы - 3 270 (+7),
Қостанай облысы - 3 276 (+16),
Қызылорда облысы -3 213 (+1),
Ақмола облысы - 3 249 (+13),
Ақтөбе облысы - 3 170 (+3),
Түркістан облысы - 3 171 (+7).
Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандар ресми мәлімет бойынша, 103 300-ге жеткен. Бір күнде 1668 адам жазылған. Эпидемия басталғалы бері 84 445 адам жазылған. Бұл науқастардың шамамен 81 пайызын құрайды.
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 121 161 адамға жеткен. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды (1 тамыздан бері тіркелгендерін ғана) Covid статистикасына қосып есептеп отыр. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі шілде айының ортасында екі көрсеткішті қосатынын айтқанмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды.
Ресми мәлімет бойынша, елде коронавирустан 1415 адам қайтыс болған. "Коронавирустық" пневмониядан 218 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "вирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған адамдар өлімі енгізілмеген. Бұған қоса, 1 тамызға дейін "коронавирустық пневмониядан" қайтыс болғандар саны да беймәлім күйде қалып отыр.