Қазақстан 17 елден келетін жолаушылардан ПТР тестін сұрамайды. Бас санитарлық дәрігер қаулы шығарды
Қазақстан халықаралық әуе рейстерімен келетін жолаушыларға ұшып шығу еліне байланысты түрлі талап қойып отыр. Соның ішінде 17 елден келетін жолаушылардан ПТР тесті талап етілмейді. Бұл туралы Қазақстан бас санитарлық дәрігерінің 15 тамыздағы қаулысында жазылған.
Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың "Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы" №48 қаулысында Қазақстанмен халықаралық әуе қатынасы бар елдердің үш санаты көрсетілген.
Бірінші санаттағы елден келетін жолаушыдан ПТР нәтижесі сұралмайды. Бұл санатқа санатқа: ҚХР, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия, Тайланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия, БАӘ, Беларусь, Түркия, Египет, Украина, Нидерланд және Ресей кіреді. Аталмыш 17 елден әуе жолы арқылы келушілер бар болғаны сауалнама толтырып, дене қызуын өлшетеді. Оларға бұдан артық талап қойылмайды.
Екінші санатқа: Польшаның, Өзбекстаның, Тәжікстанның және үшінші санаттағы елдерден келетін эвакуациялық және чартерлік рейстердің жолаушылар кіреді. Олардан сауалнама алынып, дене қызуы өлшенеді және мерзімі бес тәуліктен аспаған ПТР тестінің теріс нәтижесі талап етіледі. ПТР тестінің нәтижесі болмаса, бұл жолаушылар келген жерінде 48 ішінде ПТР тестін тапсыруы қажет немесе 14 күн үй карантинінде болуы шарт.
Үшінші санатқа қалған елдердің бәрі кіреді. Алайда бұл елдермен қазір тұрақты әуе қатынасы жоқ.
Қазақстан үкіметі 13 тамыз күні 17 шілдеден бастап карантин шектеулері жеңілдейді деп мәлімдеген. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты екінші рет енгізілген карантин 5 шілдеде басталған. Әуелі екі аптаға жарияланған шектеулер екі рет ұзартылды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиялық ахуал тұрақтады деп отыр. Алайда кейінгі күндері Covid пен коронавирустық пневмония кейінгі бес тәулікте тұрақты түрде күн сайын мыңнан астам адамнан анықталып отыр. Кеше, 15 тамыз күні Covid пен коронавирустық пневмония 1380 адамнан табылған, 25 адам қайтыс болған.
Қазақстан коронавирус жұқтырғандардың ұлттық статистикасын тек ПТР тестінің оң нәтижесіне сүйеніп жүргізіп отыр. Эпидемия басталғалы ПТР тесті 102 696 адамның инфекция жұқтырғанын көрсетті. Олардың ішінде 1397 адам дерттен айыға алмастан қайтыс болған. Сондай-ақ коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның бөлек тізімі бар.
Үкімет 1 тамыздан бастап ПТР тесті теріс нәтиже берген бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония науқастарының санағын жүргізіп келеді. 1-15 тамыз аралығында пневмонияның бұл түріне 18 465 адам шалдығып, 216 адам қайтыс болған.
Covid пен пневмония. Тамыздың бірінші жартысында 625 өлім тіркелген
Кеше, 15 тамыз күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған коронавирустан 20 адамның көз жұмғаны, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирустық пневмониядан 5 адамның қайтыс болғаны тіркелді. 1-15 тамыз аралығында біріншісі бойынша 409 адамның, екіншісі бойынша 216 адамның қайтыс болғаны анықталды.
Екі деректі қосқанда, тамыздың бірінші жартысында індет салдарынан 625 адамның өлімі тіркелген.
Қазақстан билігі елде вирус жұқтырғандар саны көп болғанымен пайыздық қатынаста қайтыс болғандар саны аз деп мәлімдеп келеді. Бірақ ел арасында биліктің дерегі мен мәлімдемелеріне күдік басым.
Елде коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деп Covid статистикасына кіргізілмеген жүздеген адам бар. Соңғы рет бұл дерек 23 шілде күні айтылды да, одан кейін жаңармады. Сол күні Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова "ілеспе аурудан" 319 адамның қайтыс болғанын айтқан. Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі брифингтерде коронавирус жұқтырып "өзге аурудан қайтыс болды" деген адамдардың саны қаншаға жеткенін айтудан бас тартты.
Эпидемияның басында Алматы қаласы мен облысында коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу үшін Қараой ауылының маңынан арнайы зират ашқан. Жергілікті "31 арна" тілшілері мен Азаттық журналистері зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкерелеген.
Мәселен, 30 мамыр күні 32 адамның көрі тұрған. Ал сол күндегі ресми дерек бойынша, қала мен облыстың қосқанда бар болғаны 10 адам қайтыс болған.
Сонымен қатар коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге қатысты да мәселе бар. Вирус жұқтырғандармен тікелей байланыста болатындықтан, ауруға шалдыққан медқызметкерлер саны күрт артты. Vlast.kz сайтының жазуынша, денсаулық сақтау министрлігінің 3 тамыздағы дерегіне сәйкес, Қазақстанда барлығы 8518 медқызметкер коронавирус инфекциясы жұқтырған. Індет енді тарай бастағанда Қазақстан үкіметі вирус жұқтырғандар 3,5 мыңнан аспайды деген болжам жасап, медқызметкерлерді жігерлендіру үшін инфекция жұқтырғандарына 2 миллион теңге, салдарынан қайтыс болғандардың туыстарына 10 миллион теңге беріледі деп уәде еткен. Кейінгі айларда коронавирустан қайтыс болды деген медқызметкерлердің туыстары ауруханалардың диагнозды коронавирус деп қоймай отырғанына шағынды.
Бір күнде коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 409 жағдай тіркелді
15 тамыз күні Қазақстанда 409 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырған 196 адамда ауру белгілері болған, 213 адамда коронавирус симптомы байқалмаған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласында 63 адамның, Шығыс Қазақстан облысында 60 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған. Ақтөбе облысында 8 науқас, Шымкент қаласында 3 науқас тіркелген. Ал Қызылорда облысында тәулік ішінде бір де бір адам коронавирус анықталмаған.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Алматы қаласы - 13826 (+32 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласы -13544 (+63),
Атырау облысы -10707 (+17),
Қарағанды облысы - 9751 (+37),
Шығыс Қазақстан облысы - 7767 (+60),
Батыс Қазақстан облысы - 6537 (+29),
Шымкент қаласы - 5146 (+3),
Алматы облысы - 4818 (+19),
Жамбыл облысы - 3989 (+12),
Солтүстік Қазақстан облысы - 3725 (+26),
Павлодар облысы - 3663 (+18),
Маңғыстау облысы - 3249 (+14),
Қостанай облысы - 3241 (+21),
Қызылорда облысы -3212 (+0),
Ақмола облысы - 3212 (+26),
Ақтөбе облысы - 3165 (+8),
Түркістан облысы - 3144 (+24).
Түркия пен Қазақстан арасындағы әуе қатынасы 1 қыркүйектен бастап қалпына келеді
Түркия Қазақстанмен әуе қатынасын 1 қыркүйекте қайта бастайды. Бұл туралы Түркияның транспорт және инфрақұрылым министрі Әділ Караисмаилоглуға сілтей отырып Anadolu агенттігі хабарлады.
Агенттіктің жазуынша, Түркия әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша 92 елмен келіссөз жүргізен. Мемлекет қазір 48 елмен әуе қатынасын жүргізіп отыр.
Коронавирус инфекция Қазақстанға келгеннен кейін екі апта өткен соң ел үкіметі жолаушы тасымалдайтын халықаралық және ішкі рейстерді тоқтатқан болатын. 1 мамыр күні ішкі істер біртіндеп қалпына келе бастады. Ал маусым айында бірқатар елге халықаралық рейстер ашылды.
20 маусым күні Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы екі жарым айлық үзілістен қайта жанданды. Алайда 21 маусым күні Түркияның Анталья қаласына ұшып барған жолаушыдан коронавирус анықталды. Сол күндері Қазақстанда коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония ауруы өршіп тұрды. Одан кейін Түркия 4 шілдеден бастап Қазақстан азаматтарының келуіне тыйым салды.
ҚазАқпарат агенттігінің жазуынша, 28 шілде күні мәдениет және спорт министрлігі, туризм индустриясы комитетінің басшысы Дастан Рыспеков Түркия бағытындағы әуе қатынасы 10 тамызда басталатынын мәлімдеген.
Бірақ Түркия Қазақстаннан келетін әуе рейстеріне Рыспеков айтқан күнге дейін-ақ рұқсат берге. Ал 6 тамыз күні Стамбул бағыты бойынша жолаушы ұшағын ұшырғалы отырған Air Astana компаниясы рейске екі сағат қалғанда Түркиядан хабар алып, ұшақтың келуіне тыйым салынғанын білген. Келесі күні Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Анкара қаласында Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожамен кездескен. Кездесуде Алексей Цой Қазақстандағы эпидемиялық ахуалдың тұрақтағанын айтқан, ал Фахреттин Қожа Қазақстанмен әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесі Түркия мемлекеттік комиссиясының күн тәртібіне енетінін мәлімдеген. Түркия тарапы Қазақстаннан келетін әуе рейстеріне күтпеген жерден тыйым салуын коронавирус пандемиясының ұшығуымен түсіндірген.
Ресми мәліметке сай, Қазақстанда эпидемия басталғалы 102 287 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Аурудан 1269 адам қайтыс болған. Сондай-ақ коронавирус жұқтырған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар. Қазақстан 1 тамыздан бастап белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония санағын жүргізіп отыр. 1-14 тамыз аралығында пневмонияның бұл түрі 17 494 адамнан анықталған. Екі апта ішінде аурудан 211 адамның қайтыс болғаны белгілі болды.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Түркияда коронавирус 246 861 адамнан табылған. Оның ішінде 5934 адам аурудан айыға алмай қайтыс болған.