Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:35 13.8.2020

Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Қазақстанда өткен тәулікте 517 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Елде вирус жұқтырғандар 101 372 адамға жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомство таратқан мәліметке қарағанда, Алматы мен Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғандар күрт азайған. 12 тамызда Алматыда – 52, Нұр-Сұлтанда 38 адамға коронавирус инфекциясы жұққаны анықталған. Сәрсенбі күні ең жоғары көрсеткіш – Қарағанды облысында (85), ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында (4) тіркелген.

Бір тәулікте 2 079 адам жазылған. Барлығы 76 756 адам (73 пайызы) айыққан. Соңғы мәлімет бойынша, 24,8 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Олардың 102-сі – бала. 419 адамның жағдайы – ауыр, 101 науқас хәл үстінде жатыр. 94 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан 1313 адам қайтыс болған деп айтылады. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

Қазақстан билігі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 101 мыңнан асты дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар саны 115 мыңнан асқан. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды да елдің Covid статистикасына қосып есептеп отыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі басында "пневмонияны" Covid статистикасына қосатынын айтқанмен 10 тамызда бұл ниетінен айнығанын білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-11 тамыз аралығында 14 760 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталған, 181 адам қайтыс болған.

12:51 12.8.2020

Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасы толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды

Қазақстан коронавирусқа қарсы вакциналар толық сынақтан өтпейінше оларды сатып алмайды. Бұл жақында ғана тіркелгені хабарланған ресейлік вакцинаға да қатысты. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Sputnik Казахстан сайтына осылай деп мәлімдеген.

Осы аптада Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Ал кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын.

"Қазіргі кезде Қазақстан вакцина сатып алу бойынша бірде-бір келісім-шарт жасасқан жоқ, себебі вакциналар соңғы төртінші кезеңнен өткен жоқ" деді Қожахметов.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Тарик Ясаревич ресейлік Гамалеи атындағы институт әзірлеген коронавирус вакцинасын көпшілікке қолдануға кеңес беру үшін әуелі оның тиімділігі мен қауіпсіздігіне көз жеткізуіміз қажет деген болатын. Ресейлік зерттеу ұйымдары мен дәрі-дәрмек компанияларының басын біріктірген қауымдастық өкілдері де "вакцинаны жылдам тіркеу Ресейді көшбасшыға айналдырмайды, бұл тек вакцина қолданатын қарапайым азаматтарға қауіп төндіруі мүмкін" деген еді.

Sputnik Казахстан агенттігінің жазуынша, толық сынақтан өтпесе де тіркеуден өткен вакцина қыркүйек айында медицина қызметкерлеріне егіле бастайды. Ал көпшілікке қолдануға 2021 жылдың қаңтар айында беріледі.

Бағдат Қожахметовтің айтуынша, Қазақстан вакцина және иммунизация жөніндегі ғаламдық альянсқа қосылса, бұл ұйымға мүше мемлекеттер 2020 жылдың 31 тамызына дейін алғашқы жарнасын (15 пайыз) төлеуге міндетті. Бұдан соң вакцинаның жетуіне қарай халықтың 20 пайызына жететіндей вакцина құнын толық төлеуі тиіс болады. Қазақстан альянсқа қосылуға келісім бергенмен әзірге ұйыммен келісім-шартқа қол қойылмаған.

08:56 12.8.2020

Бір күнде коронавирустық пневмонияға шалдыққан 1423 адам анықталды, 8 адам қайтыс болды

Қазақстанда 11 тамызда белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққан 1423 адам анықталған, 8 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Соңғы екі күнде министрлік пневмонияға шалдыққандар күрт азайғанын хабарлап еді. 9 тамызда – 159, 10 тамызда – 57 науқас анықталғаны хабарланған. Бірақ 11 тамызда бір күндік көрсеткіш қайта 1,5 мыңға жуықтады.

Министрліктің мәліметінше, 1-11 тамыз аралығында коронавирустық пневмонияға шалдыққан 14 760 адам анықталған. 181 адам қайтыс болған.

Ведомство бұған дейін аймақтағы "пневмония" ахуалы туралы мәлімет беруге уәде бергенмен әзірге облыстар мен қалалардағы жағдайды білу мүмкін болмай отыр.

Бұған дейін Шымкент, Ақтөбе облысы, Түркістан облысы, Петропавл және өзге өңірлерде пневмония ушыққанын Азаттық жазған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан тамызға дейін пневмонияға (пневмонияның барлық түріне) 256 мың адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы аралықта өкпе ауруынан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.

Жергілікті медицина мамандарының қысымы мен халықаралық қауымдастықтың назарынан кейін Қазақстан билігі 17 шілде күні 1 тамыздан бастап коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония дерегін біріктіріп жариялауға уәде етті. Алайда 2 тамыздан бастап жарияланған пневмония дерегі коронавирус статистикасынан бөлек жарияланып келеді. 10 тамызда денсаулық сақтау министрлігі өкілдері "пневмонияны" коронавирус дерегіне қоспайтынын мәлімдеді.

Коронавирус статистикасына тамызға дейін тіркелген 256 мың пневмония жағдайының бір де бірі кірмеген.

07:57 12.8.2020

Өткен тәулікте 691 адамнан коронавирус инфекциясы табылды

Қазақстанда өткен тәулікте 691 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде коронавирустан 22 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда – 143, Алматыда – 97 адамнан коронавирус табылған. Алматыда ұзақ уақыттан бері алғаш рет жүзден аз көрсеткіш тіркеліп отыр. Бұл екі қала вирус жұқтырғандар саны жағынан (екеуінде де 13 мыңнан асады) республикада алда тұр. Қалған қалалар мен облыстарда олардың саны 10 мыңға жетпейді. 11 тамызда ең төменгі көрсеткіш Шымкент (7) пен Қызылорда облысында (9) тіркелген.

Елде коронавирус жұқтырғандар 100 855 адамға жетті. Бір күнде 975 адам жазылған. Барлығы 74 677 адам (73 пайызы) айыққан. Қазір стационарларда 24 865 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Олардың 102-сі – бала. 419 адамның жағдайы – ауыр, 101 науқас хәл үстінде жатыр. 94 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан 1313 адам қайтыс болған деп айтылады. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

Қазақстан билігі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 100 мыңнан асты дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар саны 113 мыңнан асқан. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды да елдің Covid статистикасына қосып есептеп отыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі басында "пневмонияны" Covid статистикасына қосатынын айтқанмен 10 тамызда бұл ниетінен айнығанын білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-11 тамыз аралығында 14 760 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталған, 181 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-9 тамыз аралығында 13 337 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталған, 173 адам қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG