Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

15:16 28.7.2020

АҚШ сенатында экономиканы қолдауға бағытталған жаңа жоспар таныстырылды

АҚШ сенатында басым көпшілік болып отырған республикашылдар коронавирус індеті кезінде экономикаға дем беретін құны шамамен триллион доллар болатын жаңа жоспарын таныстырды.

Сенатор Митч Макконнелл ұсынылған шаралардың айқын әрі мұқият ойластырылған жоспар екенін атап өтті. Бұл шаралар мектептерді қайта ашып, адамдардың жұмысқа оралуына көмектеседі.

"Біздің бір аяғымыз - індетте, бір аяғымыз - қалпына келу кезеңінде тұр. Америкалықтар ірі қолдауға зәру. Бұл көмек бәріне жетуі тиіс" деді ол.

Сенатор Митч Макконнелл әріптестерімен бірге.
Сенатор Митч Макконнелл әріптестерімен бірге.

Ақпан айынан бері АҚШ-та жұмыс орындары шамамен 15 миллионға азайған. Вирус жұқтырғандар елде азайған жоқ, билік кейбір жерлерде шектеу шараларын қайта енгізген. Елде жұмыс істеуге қабілетті шамамен әрбір бесінші азамат жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алады, отбасылардың жартысының табысы азайған.

Республикашылдар ұсынған жоспарға сәйкес, оқу орындарына күзде жұмысына оралу үшін шамамен 100 млрд доллар бөлу қарастырылған. Онда жекелеген топтарға, шағын бизнеске қаржылай көмек беру де қарастырылған. Дегенмен жоспарда жұмыссыздық бойынша жәрдемақының көлемін үш есеге азайту (апталық көлемін 600 доллардан 200 долларға дейін азайту) ұсынылған.

Республикашылдардың пікірінше, қазіргі жәрдемақы көлемі адамдарды жұмысқа оралуға ынталандырмайды. BBC сайтының жазуынша, қазір жұмыссыздардың үштен екісі еңбек етіп жүрген уақытта алып көрмеген ақша алып отыр.

Митч Макконнел республикашылдар жәрдемақыны көбейткісі келетінін бірақ оның жұмысқа оралуға әсері болмайтындай жүзеге асыру қажеттігін айтқан.

Республикашылдар жоспарды Дональд Трамп әкімшілігімен бірігіп жасаған. Енді олар бұл құжатты демократтармен бірге талқылауы тиіс. Өз кезегінде демократтар да құны үш триллион доллар болатын экономиканы сауықтыруға бағытталған құжаттар пакетін ұсынып отыр. Демократтар республикашылдардың жұмыссыздар жәрдемақысын үш есеге азайтып, оның көлемін жылдам қалпына келтіремін деген жоспарына күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, кешігіп қабылданған бұл жоспардың ауқымы шектеулі.

"Біз өте күрделі дағдарысқа тап болдық, ал қазір уақыт жоғалтып жатырмыз" деді сенаттағы демократтар жетекшісі Чак Шумер.

АҚШ билігі бұған дейін коронавирус індетіне байланысты экономиканы қалпына келтіру үшін шамамен 2,5 триллион доллар бөлген.

Вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны жағынан АҚШ әлемде бірінші орында тұр. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, мұнда шамамен 4 млн 300 мың адамға вирус жұққан, 148 мыңнан астамы қайтыс болған.

10:09 28.7.2020

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісіне коронавирус жұқты

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт О'Брайенге коронавирус жұқты. Bloomberg таратқан ақпаратты дүйсенбі күні Ақ үй растады.

О’Брайеннің аурудың жеңіл түріне шалдыққаны айтылады, ол оқшауланып жұмыс істеп жатыр.

Associated Press агенттігі Трамп кеңесшісін Ақ үйде коронавирус жұққан ең жоғары лауазымды тұлға деп атады. Бұған дейін вирус аппараттағы бірқатар қызметкерлерден табылған. Ақ үй президент немесе вице-президентке вирус жұғу қаупі төнбегенін айтты.

Роберт О'Брайен (оң жақтан екінші) Сербия және Косово басшыларымен бірге тұр.
Роберт О'Брайен (оң жақтан екінші) Сербия және Косово басшыларымен бірге тұр.

Бұған дейін бірқатар мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілерінің COVID-пен ауырғаны хабарланған еді. Олардың арасында Бразилия президенті және Ресей үкіметінің басшылары бар. Олардың барлығы жазылған. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон реанимация бөлімінде жатып шыққан.

АҚШ-та күн сайын шамамен 50 мыңнан астам адамнан коронавирус табылып жатыр. Соңғы уақытта вируспен байланысты адам өлімі қайта көбейген. Кейбір күндері мыңнан астам адам қайтыс болған. Эпидемия басталғалы бері АҚШ-та 4 млн 300 мыңнан аса адамнан коронавирус табылған. Бұл мемлекет халқының бір пайызынан астамын құрайды. 150 мыңнан астам адам қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны жағынан АҚШ әлемде бірінші орында тұр.

09:21 28.7.2020

Қазақстанда 3 тамыздан бастап карантин шаралары жұмсартылуы мүмкін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сейсенбі күнгі үкімет отырысында 3 тамыздан бастап елде карантин шаралары біртіндеп жұмсаруы мүмкін деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, елде бір апта бойы R коэффициенті (бір науқастың орташа есеппен қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсетеді) 1-ден аспаса және ауруханалардағы орындардың 70 пайызға жуығы бос болып, адам өлімі деңгейі тұрақты болса, карантин шаралары жұмсарады.

Министрдің айтунша, мұндай жағдайда төмендегі нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі:

  • ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар
  • балалар коррекциясы кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер - бұл мекемелер шағын топтармен жұмыс істеуі керек
  • мектепке дейінгі мекемелер
  • сұлулық салондары, шаштараз, косметикалық қызмет көрсету орталықтары - алдын ала жазылу бойынша істеуі тиіс
  • таза ауада жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі
  • үш адамнан аспайтын шағын топтар көше, саябақ пен алаңдарға бара алады
  • қоғамдық көліктер жартылай толмаған күйде жұмыс істейді.

Министр мемлекеттік органдар мен кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы әрі қарай да қашықтан жұмыс істей береді деді.

Дегенмен елде кинотеатрлар, банкет залдары, мейрамхана, дәмхана, бар, түнгі клубтар, музей, театрлар жабық күйде қалады. Қоғамдық шаралар өткізуге тыйым салынады. Спорт залдар, фитнес орталықтары, бассейн, жағажай, аквапарктер, діни орындардың жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді.

Оның айтуына, соңғы үш аптада "инфекцияның тарау көрсеткіші 1,2 пайыздан 0,99 пайызға дейін азайған", ауруханадағы орындар 90 пайыздан 47 пайызға дейін босаған. Бұл көрсеткіштер карантин шараларын біртіндеп жұмсартуға мүмкіндік береді деді министр.

07:45 28.7.2020

Қазақстанда бір күнде 1526 адамнан коронавирус табылды

27 шілде күні Қазақстанда коронавирус инфекциясы 1526 адамнан анықталды. Вирус жұқтырған 656 адамда аурудың клиникалық белгілері байқалған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Алматы қаласында - 253, Нұр-Cұлтан қаласында - 250, Шығыс Қазақстан облысында - 179, Қарағанды облысында 118 адамнан коронавирус табылған. Қалған облыстарда бір тәулікте анықталған вирус жұқтырғандар жүзден аспайды.

Ең төменгі көрсеткіш Ақтөбе облысы (11) мен Шымкент қаласында (25) тіркелген.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

  • Алматы қаласы - 10 965 (+253 адам жаңадан қосылды),
  • Атырау облысы - 10 053 (+65),
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 10 320 (+250),
  • Қарағанды облысы – 8 176 (+118),
  • Шығыс Қазақстан облысы – 5 671 (+179),
  • Батыс Қазақстан облысы - 5 480 (+86),
  • Шымкент қаласы – 4 733 (+25),
  • Алматы облысы – 4 115 (+85),
  • Жамбыл облысы – 3 339 (+51),
  • Ақтөбе облысы – 2 958 (+11),
  • Павлодар облысы – 2 937 (+57),
  • Қызылорда облысы – 2 807 (+69),
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 2 849 (+70),
  • Маңғыстау облысы – 2 743 (+44),
  • Түркістан облысы – 2 663 (+48),
  • Ақмола облысы – 2 422 (+52),
  • Қостанай облысы – 2 417 (+63).

Ресми дерек бойынша, 84 648 адамға коронавирус жұққан. 54 404 адам жазылған. 21 шілде күнгі мәлімет бойынша, COVID-тан 610 адам қайтыс болған. COVID-19 жұққан 319 адам "ілеспе аурудан" қайтыс болған.

Бірақ кейбір сарапшылар коронавирус жұққандар мен одан қайтыс болғандар бұдан әлдеқайда көп деп санайды.

Тағы

XS
SM
MD
LG