Әлемдегі қазіргі жағдай. Қысқа-нұсқа
Азаттықтың жазбаша Live парақшасына енді ғана қосылсаңыз, әлемде коронавирус жағдайын бір шолып шығыңыз.
- АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 16,2 миллионнан асты. 648 мыңнан астам адам қайтыс болды. 9 миллионнан астам адам дерттен айықты.
- Солтүстік және Оңтүстік Америка қазір пандемияның эпицентрі болып тұр. Әлемде вирус жұқтырғандардың 20 пайызы осы екі құрлықта.
- АҚШ-та вирус жұқтырғандар 4 миллионнан асса, Бразилияда 2.5 млнға, Үндістанда 1,5 млнға жуықтады.
- ДДСҰ басшысы Тедрос Адхоном баспасөз мәслихатында Covid ДДСҰ тарихындағы “ең қиын төтенше жағдай” деп сипаттады. Ол пандемия күшейіп келе жатқанын, алты апта ішінде вирус жұқтырғандар екі есе артқанын айтты.
- Австралияның Виктория штатында бір күнде 530 адамнан коронавирус табылды. Бұл штатта карантин қайта күшейді.
- Гонконгте бір күнде 145 адамнан коронавирус табылды. Елде екі адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Мейрамханалар жабылып, сыртта маска кию міндеттелді.
- Вьетнамда сәуірден бері алғаш рет коронавирус жұқтырғандар табылды. Туристер көп баратын Дананг қаласында бірнеше адамның вирус жұқтырғаны белгілі болған соң билік бұл қаланы жапты.
- Ливан екі апта бойы вирус жұқтырғандар саны жүзден көп болғандықтан елде екі апта қатаң карантин жарияламақ.
- Қытайда бір күнде 61 адамнан коронавирус табылды. Оның 41-і Шыңжаң өлкесінде.
Өзбекстанда карантин шаралары 15 тамызға дейін ұзартылды
Өзбекстанның коронавируспен күрес жөніндегі үкімет комиссиясы карантин шараларын 15 тамызға дейін ұзартты. Карантин шаралары кезінде салтанатты шара өткізуге тыйым салынған, азаматтардың маска тағып, қоғамдық орындарда топтасып жүрмеуі міндетті. Көпшілік орындарда үштен астам адамның жиналуына тыйым салынған, жасы 65-тен асқандар өте қажетті жағдайда ғана үйлерінен шыға алады.
15 тамызға дейін азық-түлік емес базарлар, ірі сауда орталықтары, саябақтар, бірқатар қызмет көрсету кәсіпорындары жұмыс істемейді, қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты шектелген. Мейрамхана, дәмханалардан тек тамақ сатып алып кетуге ғана рұқсат.
Комиссия өкілдерінің айтуынша, карантин шараларын қайта күшейту нәтиже берген: халық арасында COVID-19 жұқтырғандар азайған және жазылғандар саны көбейген.
"Азаматтардың шектеу шараларын атап айтқанда, өзін оқшаулау, қоғамдық орындарда әлеуметтік оқшаулану, медициналық маска тағу, антисептик және жеке қорғаныш заттарын қолдану, сабынмен қол жуу сияқты ережелерді қатаң сақтауы коронавирустың тарауын тоқтатудағы негізгі фактор" делінген хабарламада.
Өзбекстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар 20 531 адамға жеткен. 10 831 адам жазылған. 116 адам қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандар 656 адамға жетті
Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық қорғау ұлттық орталығы 27 шілде күні сайтына жариялаған ақпаратта елде коронавирустан қайтыс болғандар саны 656 адам деп көрсетілген.
Алайда коронавирус туралы ресми статистика жарияланатын coronavirus2020.kz сайтында індеттен қайтыс болғандар туралы осыдан бір апта бұрынғы мәлімет әлі өзгерген жоқ: онда 585 адам қайтыс болды деп көрсетілген.
Ресми статистикаға ағзасынан коронавирус анықталған, бірақ құжатта өліміне басқа ауруы себеп болған деп көрсетілген жүздеген адамның қазасы енгізілмеген. Бұған қоса статистикада пневмониядан қайтыс болған мыңдаған адам да есепке алынбаған.
Ресми статистикаға ағзасынан коронавирус анықталған, бірақ құжатта өліміне басқа ауруы себеп болған деп көрсетілген жүздеген адамның қазасы енгізілмеген. Бұған қоса статистикада пневмониядан қайтыс болған мыңдаған адам да есепке алынбаған. Белсенді дәрігерлердің сыны көбейіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңес берген шақта денсаулық сақтау министрлігі елде жаз мезгілінде әдеттен тыс өршіген пневоманияны коронавирус инфекциясының салдары деп мойындауға мәжбүр болды. Министрлік пневмония мен Covid инфекциясының жалпы статистикасын 1 тамыздан бастап жүргізетінін мәлімдеген. Бірақ кейіннен бұған дейін пневмониямен ауырған және осы дерттен қайтыс болғандарды жаңартылған статистикаға қоспайтынын хабарлаған.
Талғар ауданының әкімі пневмониядан қайтыс болды
27 шілдеде таңертең Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады. Оның артында әйелі мен төрт баласы қалған. Марқұм 41 жаста болған.
Жолан Омаров 2019 жылдың қыркүйек айында Талғар ауданының әкімі болып тағайындалған. Оған дейін шамамен екі жыл Алматы облысы Райымбек ауданын басқарған. Әр жылдары Алматы облыстық жер қатынасы, туризм басқармаларында қызмет істеген.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған.
Осы айдың басында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пневмониядан қайтыс болған.
Биліктің ақпараты бойынша, 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында Қазақстанда 3 300 адам пневмониядан қайтыс болған. 1500-ден астамы шілденің алғашқы жартысында қайтыс болған.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 27 шілдеде сайтында коронавирустан қайтыс болғандар санын жариялады. Оған сәйкес, елде COVID-тан 656 адам көз жұмған. Түс кезінде сайттағы мәлімет қайта түзетіліп, бұрынғы көрсеткіш - 585 қайта көрсетілді. Coronavirus2020.kz сайты статистиканы әзірге жаңартқан жоқ.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі індеттен кейін күрт өршіген пневмония статистикасын COVID есебіне қосатынын хабарлаған еді. Бірақ өткен аптада министр Алексей Цой коронавирус пен пневмония көрсеткіштері жеке көрсетіледі және оған бұған дейін тіркелген пневмония есебі (234 187) қосылмайды деп мәлімдеген.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 83 122 адамнан коронавирус табылған. 610 адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар елде вирус жұқтырғандар мен індетпен байланысты адам өлімі бұдан да көп деп санайды.