Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

08:28 24.7.2020

Қазақстанда өткен тәулікте 1687 адамнан коронавирус анықталды

23 шілде күні Қазақстанда 1687 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Ауру белгілері инфекция жұқтырған 776 адамда байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 78 486 адамнан коронавирус инфекциясы табылған.

Аймақ бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 9 710 (+180),
Алматы қаласы – 10 098 (+247),
Нұр-Сұлтан қаласы - 9 243 (+176),
Қарағанды облысы – 7 681 (+140),
Батыс Қазақстан облысы - 5 120 (+89),
Шымкент қаласы – 4 576 (+22),
Шығыс Қазақстан облысы – 4 914 (+216),
Алматы облысы - 3 880 (+78),
Ақтөбе облысы - 2 874 (+32),
Жамбыл облысы - 3 122 (+75),
Түркістан облысы - 2 552 (+20),
Маңғыстау облысы - 2 519 (+75),
Павлодар облысы - 2 644 (+61),
Қызылорда облысы -2 626 (+85),
Солтүстік Қазақстан облысы - 2 540 (+89),
Ақмола облысы - 2 210 (+49),
Қостанай облысы - 2 177 (+54).

COVID-19 ауруынан 48 220 науқас айыққан. 21 шілде күнгі мәліметке сай коронавирустан 610 адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар елде вирус жұқтырғандар мен індетпен байланысты адам өлімі бұдан да көп деп санайды.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі індеттен кейін күрт өршіген пневмония статистикасын COVID есебіне қосатынын хабарлаған еді. Бірақ осы аптада министр Алексей Цой коронавирус пен пневмония көрсеткіштері жеке көрсетіледі және оған бұған дейін тіркелген пневмония есебі (234 187) қосылмайды деп мәлімдеген.

07:17 24.7.2020

"АрселорМиттал Теміртауда" 700-ден астам жұмысшыға COVID жұққан, шахтада жүктемені азайту қажеттігі айтылды

Қарағанды облысының билігі аймақта қанша шахтерға коронавирус жұққанын хабарлады. Бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының басшылығы мұндай ақпаратты айтудан бас тартқан еді.

Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы шахтерлар арасында COVID-19 жұққандар көп, қалған жұмысшыларға жүктеме артты деп мәлімдеген соң Азаттық тілшісі мәселені анықтауға тырысты.

Қарағанды облысының тауар мен қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, АМТ компаниясында 174 шахтердің COVID-тесті оң нәтиже көрсеткен. Департаменттің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында компанияның көмір департаментінде 218 жұмысшыға (олардың арасында Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинскідегі байыту және қосалқы кәсіпорындарының жұмысшылары да бар) коронавирус жұққаны жазылған. Болат департаментінде (Теміртау қаласындағы металлургия комбинаты) 317 жұмысшыға вирус жұққан. Темір кені департаментінде 200-ден астам жұмысшыдан коронавирус инфекциясы табылған. Олардың бір бөлігі жазылған.

"Казуглепроф" кәсіподағы өкілдерінің айтуынша, шахтада жұмысшылар әлі жетпей жатыр.

- Қазір шахтаға адамдар жетпей жатыр. Ал жоспар сол баяғыша өзгермеген. Сондықтан компаниялар жүктеме азаятындай жоспарларын өзгертуі тиіс. Егер бригадада жұмысшылар толық болмаса, орнында жоқ жұмысшы үшін қосымша ақы төленуі қажет, - деді "Казуглепроф" көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов.

Бұған дейін Азаттық тілшісі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына жазбаша сауал жолдаған кезде компания коронавирус жұққан жұмысшылар санын айтудан бас тартқан еді. Сол кезде АМТ "індет кезінде өндіріс қарқыны бәсеңдеген жоқ, жерасты кәсіпорнының қызметкерлері қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, кеншілер бригадасының құрамы талапқа сай" деп мәлімдеген. Компания бұған қоса, облыстағы Костенко атындағы шахта шілде айында 2020 жылға арналған бизнес-жоспарды орындады деп айтқан.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының көмір департаментінде Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай қаласындағы сегіз шахтаны қосқанда барлығы 14 800 қызметкер бар. Қарағанды облысындағы АМТ компаниясының кәсіпорындарында шамамен 35 мың адам жұмыс істейді.

14:59 23.7.2020

Қазақстанда коронавирус жұққан 319 адам "ілеспе аурудан қайтыс болған"

Бұл туралы 23 шілде күнгі брифинг кезінде бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова хабарлады.

"Өлім-жітімді зерттеу комиссияның қорытындысы бойынша, 319 адам коронавирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болған" деді Есмағамбетова.

Қазақстан сәуір айының соңынан бастап коронавирус жұққан қайтыс болған адамдардың өлімінің себебін зерттейтін комиссия құрған еді. Комиссия коронавирустан қайтыс болды деп қорытынды жасаған адамдар дерегі ғана ресми статистикаға енгізіледі. 22 шілдеге дейін комиссия 610 адамның коронавирустан қайтыс болғанын анықтаған. Дегенмен елде коронавирус туралы ресми статистикаға күмән келтіретін сарапшылар бар. Бұған дейін Азаттық тілшілері коронавирус зиратына жерленгендер саны мен ресми мәліметтің сәйкессіздігін анықтаған болатын.

14:37 23.7.2020

Петропавлда аттракцион қызметкерлері жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады

23 шілдеде Петропавлда аттракционның 50-ден аса қызметкері карантин кезінде балалар саябағы жабылғандандықтан жазда ғана істейтін кәсіпорындарының жұмысы тоқтап, табыс көзінен айырылып қалғандарын айтты.

- Біз сәуір мен мамыр аралығында 42 500 теңге жәрдемақы алдық және бізге маусымның 1-18 аралығында жұмыс істеуге рұқсат берген еді. Қазір де береді деп үміттенеміз. Бірақ 42 500 теңге несие мен ипотеканы төлеуге жетпейді, - дейді кәсіпкер Ирина Илена.

Аттракциондардың бірінде бақылаушы болып жұмыс істейтін Ирина Безматерина есімді әйел басқа жұмыс іздемек болып әкімдік ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесіне барғанмен жұмыс таба алмағанын айтады.

- Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсе дейміз. Өйткені жұмыс бәріне қажет. Ұзақ жылдардан бері осында жұмыс істеп келеміз. Мен сияқты зейнет жасына таяған адамдарға жұмысқа орналасу өте қиын. Мені тіпті еден жуушыға да алмайды. Құрылысқа да алмайды, - деді Ирина Безматерина.

Талаптарын айтып тұрған кәсіпкерлер мен жұмысшылар. Петропавл, 23 шілде 2020 жыл.
Талаптарын айтып тұрған кәсіпкерлер мен жұмысшылар. Петропавл, 23 шілде 2020 жыл.

Шара кезінде жұмысшылардан бөлек, аттракцион иелері де қарызға батып жатқанын айтып шағымданды.

- Келушілерді бір кабина сайын отырғызып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтадық. Яғни, ешқандай ешқандай ережелер мен талаптарды бұзғамыз жоқ. Енді тамыздың 3-інде карантин шаралары жеңілдеп, бізге жұмыс істеуге рұқсат береді деп үміттенеміз. Биыл былтыр екі айда тапқан табыстың үштен бірін де таба алмадық,- дейді "Мир аттракционов" компаниясының басшысы Владимир Козлов.

Ал қалалық бас санитар дәрігер саябақта талаптардың бұзылғанын алға тартты.

- Аумақтан тыс жерлерде қызметкерлер есікті жауып адамдарды кіргізбей тұрды. Ал аттракциондар саябағындағы кассаларда адамдар топтасып, кезекте тұрды. Соның бәрін ескере отырып сәйкесінше қауіпті азайту үшін осындай шешім қабылдадық, - дейді Петропавл қалалық тауар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Петропавл қаласындағы орталық саябақтағы балалар аттракционында 130-дан аса жұмысшы істейді. Бұған дейін Қазақстанның өзге өңірлерінде де кәсіпкерлер жергілікті билікке осыған ұқсас талап айтқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдеде карантин тағы екі аптаға созылады деп мәлімдеген. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 76 799 адамнан вирус табылған. 610 адам қайтыс болған. Солтүстік Қазақстан облысында 2 532 адамға коронавирус жұққан, оның 8-і көз жұмған.

Тағы

XS
SM
MD
LG