Әлемде коронавирус жұқтырғандар 15,2 миллионнан асты
Әлемде COVID-19 ауруына шалдыққандар 15 млн 230 мың адамға жеткен. Эпидемия басталғалы бері 620 мың науқас көз жұмған.
Коронавирус көп анықталған мемлекеттер тізімінің ең басында АҚШ тұр. Америкада 4 миллионнан астам адамға вирус жұққан, 145 мың адам қайтыс болған. Екінші орында Бразилия (2,2 млн науқас), одан кейін Үндістан (1,2 млн науқас) және Ресей (787 мың адам) тұр.
Бірнеше мемлекет коронавирустан қорғайтын екпе сынағаның алғашқы кезеңі сәтті аяқталғанын хабарлады. Бірақ жаппай екпе салдыру келесі жылы ғана дайын болуы мүмкін.
Түркіменстан коронавирус індетінің "алдын алу үшін" шектеулер енгізді
Коронавирус барын ресми түрде мойындамаған Орталық Азиядағы жалғыз ел - Түркіменстан COVID-19 індетінің "алдын алу" үшін шектеулер енгізді.
21 шілде мен 1 тамыз аралығында елде ірі сауда орындары, базарлар, театрлар, саябақтар, спорт нысандары жабық болады. Мейрамхана, дәмхана, фастфуд сияқты тамақтану орындарынан тағамды тек өзіңмен бірге алып кетуге рұқсат.
Азаттықтың Түркімен қызметі тілшілерінің хабарлауынша, соңғы күндері денсаулық сақтау министрлігі "ауа райының теріс әсерінен қорғану үшін" көшеде маска тағып жүру қажеттігі туралы тұрғындарға SMS-хабарлама жібере бастаған.
Түркіменстан билігі ресми түрде коронавирус тіркелмегенін айтады, алайда Азаттық тілшілері елдегі ауруханалардың толып кеткенін, пневмония белгісі бар науқастар мен вируспен байланысты адам өлімі көбейгенін айтады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының миссия жетекшісі Кэтрин Смолвуд 15 шілдеде Ашғабаттағы баспасөз мәслихаты кезінде елде пневмонияға шалдыққандар көбеюі мүмкін деген қауіп айтқан.
Көрші Өзбекстанда Ташкенттегі 74 медициналық мекеме 24 сағаттық жұмыс режиміне көшті. Тәжікстанда 21 шілде күнгі мәлімет бойынша, 6 967 адамнан коронавирус табылған, 57 адам қайтыс болған. Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі 12 563 адамның ауруханада коронавирустан емделіп жатқанын айтады. Қазақстанда 76,7 мың адамнан коронавирус анықталған, кемінде 610 адам қайтыс болған.
Министр Цой COVID-19 індетінің өршуіне ақпараттық кеңістік те әсер етті деп санайды
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың пікірінше, мамыр айында төтенше жағдай аяқталған соң коронавирус жұқтырғандардың күрт артуына "ақпараттық кеңістік" те әсер еткен.
"Ақпараттық кеңістіктен коронавирус індеті бітті, енді вирус тарамайды деген сияқты әсер алдық, сүйтіп халық босаңсыды. Ақпараттық кеңістікте бұл вирус өміршең, бізбен бірге жыл соңына дейін болады деген тұрғыда сақтыққа шақыратын ескертулер болмады" деді министр 22 шілде күнгі мемлекеттік "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында.
Қазақстанда 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантин шаралар енгізілген. ТЖ аяқталып, карантин ережелері жұмсарған соң вирус жұқтырғандар күрт артқан. 11 мамырда елде 5 207 науқас болса, бір айдан соң олардың саны 13 588-ге жетті. Қазір 76 799 адамнан коронавирус анықталған, 610 адам қайтыс болған. Күн сайын шамамен 1600-1700 адамнан коронавирус анықталып жатыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Қазақстан COVID-19 жұқтырғандар бойынша әлемдегі отыз елдің қатарында. Көптеген адамдар ресми статистиканың дәлдігіне күмән келтіріп, шын мәнінде науқастар мен адам өлімі бұдан көп деп санайды.
Бұған дейін билік өкілдері эпидемияның екінші толқынының пайда болуына және дәрі-дәрмек пен ауруханаларда орын тапшы болуына халықты кінәлаған. 8 шілде күнгі мәлімдемесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар "карантин шараларын жаппай сақтамай отыр" деп мәлімдеген. Ол сонымен бірге денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын "жүйелік қателіктері" үшін айыптап, қала, облыс әкімдерін "жайбасарлығы үшін" ескерту беріп, сөккен.
Ал қоғамда індеттің былтырдан бері жалғасып келе жатқанына қарамастан үкімет оған қажетті дәрежеде дайындалмады, жемқорлық пен жүйесіздік кесірінен денсаулық сақтау жүйесі дағдарысқа төтеп бере алмады деген пікір бар.
Цой: Пневмонияны COVID-19 статистикасында "жеке көрсетеді", бұған дейін тіркелгендер қосылмайды
Қазақстан 1 тамызда белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияны қайта нөлден бастап есептейді, оған бұған дейін тіркелген жағдайлар қосылмайды. 22 шілдеде мемлекеттік "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған қоса белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония статистикада бөлек көрсетіледі.
"Ресми тест нәтижесі бойынша анықталған коронавирус есебін көрсетеміз. Бұған қоса, белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияны жеке көрсетеміз" деді министр.
Оның айтуынша, қаңтар мен шілде айы аралығында 234 мың 187 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл есепке пневмонияның барлық түрлері: вирустық, бактериалдық, зең ауруы және "коронавирус белгілеріне ұқсас" түрі енгізілген. Министр олардың қаншасына коронавирус себеп болғаны анықталмағандықтан оларды қайта есептеу қажеттігін меңзеген.
Цой "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңестерін" ескере отырып осылай есептеу туралы шешім қабылданғанын және Қазақстанда бұған дейін белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония ажыратылып, жеке код бойынша есептелмегенін айтты. Министрдің айтуынша, жаңа код "белгілері коронавирус инфекциясына ұқсас жағдайларды кодтауға мүмкіндік береді". Жақында ДДСҰ әлем елдерінің назарын осы мәселеге аударған.
10 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан "[коронавирус белгілері клиникалық немесе эпидемиологиялық тұрғыда анықталған] пневмонияны есептеп, бақылау жүргізетінін" айтқан еді. Ертесінде министр Алексей Цой 1-8 шілде аралығында "бегілері коронавирус инфекциясына ұқсас" пневмонияға 39 702 адамның шалдыққанын айтқан.
Ал 17 шілдеде ведомство жетекшісі 1 тамыздан бастап "ПТР-тест нәтижесі теріс шықса да коронавирус белгілеріне ұқсас" пневмонияға шалдыққандар есебін COVID-19 статистикасына қосатынын мәлімдеген. Дегенмен министр мұның қалай жүзеге асатынын түсіндірмеген болатын. Қоғамда пневмония мен коронавирус статистикасын қосады, бұл елде вирус жұққандардың күрт артуына алып келеді деген болжамдар айтылды.
Халықаралық БАҚ-та этиологиясы белгісіз адам өліміне жиі себеп болып жатқан "қазақстандық пневмония" туралы айта бастаған соң денсаулық сақтау министрлігі елде белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония барын мойындаған.
Оқи отырыңыз: "Өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония". Індет қайдан шықты және қашан жойылады?
Пневмонияның бұл түрі Қазақстанның барлық аймақтарына тарады. Медициналық қауымдастық оған коронавирус себеп деген болжам айтқан. Кейінірек ДДСҰ да сол болжамды қайталаған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 76,7 мыңнан асты. 610 адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар вирус жұқтырғандар мен коронавируспен байланысты адам өлімі бұдан көп болуы мүмкін деп санайды.