Қазақстанда өткен тәулікте 1646 адамнан коронавирус анықталды
22 шілде күні Қазақстанда 1646 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Ауру белгілері инфекция жұқтырған 778 адамда байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 76 799 адамнан коронавирус инфекциясы табылған.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Атырау облысы - 9 530 (+138),
Алматы қаласы – 9 851 (+216),
Нұр-Сұлтан қаласы - 9 068 (+236),
Қарағанды облысы – 7 541 (+140),
Батыс Қазақстан облысы - 5 031 (+99),
Шымкент қаласы – 4 554 (+36),
Шығыс Қазақстан облысы – 4 698 (+210),
Алматы облысы - 3 802 (+69),
Ақтөбе облысы - 2 842 (+39),
Жамбыл облысы - 3 047 (+48),
Түркістан облысы - 2 532 (+19),
Маңғыстау облысы - 2 444 (+47),
Павлодар облысы - 2 583 (+68),
Қызылорда облысы -2 541 (+77),
Солтүстік Қазақстан облысы - 2 451 (+99),
Ақмола облысы - 2 161 (+53),
Қостанай облысы - 2 123 (+52).
COVID-19 ауруынан 46 790 науқас айыққан. 21 шілде күнгі мәліметке сай коронавирустан 610 адам қайтыс болған.
Оралда кәсіпкерлер сауда нысандарын ашуды талап етті
22 шілдеде Оралда отыз шақты кәсіпкер қала әкімдігінің алдына жиналып, карантинге байланысты жұмысы тоқтатылған сауда үйлері мен ірі базарларды ашуды талап етті.
- Жұмыссыз отырғанымызға бірнеше ай болды, бәрімізде несие, ипотека, отбасы, бала-шаға бар. Қалай өмір сүретінімізді білмейміз. Билік несие төлемін кейінге қалдыруға уәде бергенмен банктер одан бас тартып жатыр. Сауда - біз үшін жалғыз табыс көзі, - деді базарда 20 жылдан бері сауда жасап жүрген Мағрипа Мұхамедқалиева.
Кәсіпкерлер шағымдарын айтып жатқан кезде әкімдік ғимаратының айналасында ондаған полицей оқиғаны бақылады. Жақын маңда және әкімдік ауласында автобустар мен полиция көліктері тұрды.
Саудагерлер билікке бағытталған хатқа қол жинап, қала ортасындағы алаңда бейбіт жиын өткізетінін айтты. Шенеуніктер жиналғандарды әкімдікке кіргізді.
Қала әкімі Абат Шыныбеков кәсіпкерлерді карантин біткенше күте тұруды сұрады. Ол шектеу шаралары бітпейінше сауда орындарын ашу мүмкін емес деді.
- Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, облыста карантин 2 тамызға дейін ұзартылған. Оған дейін ірі сауда нысандары жабық болуы тиіс. Карантин кезінде ірі дүкендер жұмыс істеп жатыр деген уәжге келсек, мониторинг тобы ондай жайттарды тіркеген жоқ. Демалыс күндері ол жақта болдық, сауда үйі жұмыс істемейді деп бізді кіргізген жоқ, - деді әкім.
Абат Шыныбеков банктермен несие мәселесін шешу үшін әкімдікке жеке шағымдануды ұсынды. Бірқатар белсенді кәсіпкерлерді қалада рейд жасап, карантин бұзғандарды анықтайтын мониторинг тобына қосу туралы шешім қабылданды.
Жиын аяқталған соң кәсіпкерлер тарады, әкімдік маңын торуылдаған полиция қызметкерлері де кетті.
Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалға байланысты 5 шілдеде қайта карантин енгізген еді. Шектеу шаралары 2 тамызға дейін күшінде болады.
Ресми мәлімет бойынша, елде 75 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған, 610 адам қайтыс болған. Батыс Қазақстан облысында шамамен 5 мың адамнан вирус анықталған, 22 адам өлімі тіркелген.
- Авторы: Дилара ИСА
1-22 шілдеден бері Түркістан облысында 2208 марқұмның, Шымкент қаласында 1080 адамның қайтыс болғаны туралы куәлік берілген. Бұл туралы Азаттыққа 22 шілдеде Түркістан облысы және Шымкент қаласы Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімі мәлімдеді.
Шымкент қаласы АХАТ бөлімі өкілдері 21 шілдеде 100 марқұмның туыстарына олардың қайтыс болғаны туралы куәлік бергенін айтады. Түркістан облысы АХАТ бөліміндегілер бір күнде 155 марқұмның туысы жақынының қайтыс болғаны туралы куәлік алғанын хабарлады.
АХАТ бөлімдерінің Азаттыққа ұсынған мәліметтерінде шілденің басынан бері Шымкент пен Түркістан облысында қайтыс болғандардың артқаны байқалады.
Шымкент АХАТ бөліміне мамырда қалада 470, маусымда 576 адамның қайтыс болғаны тіркелген. Ал Түркістан облысы АХАТ бөліміне сәуірде 382, мамырда 1112, маусымда 1737 адамның қазасы тіркелген.
АХАТ бөлімінің мамандары Азаттыққа марқұмдардың неден қайтыс болғаны туралы мәлімет өздерінде тіркелмейтінін айтты.
Түркістанда шілдеде 2208, Шымкентте 1080 марқұмның қазасы туралы куәлік берілген
Аймақта адамның қайтыс болғаны туралы куәлік алушылардың саны елде коронавирус пен пневмония өршіген тұста өсті. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде коронавирус жұқтырғандар 75 мыңнан асты (Шымкентте 4518, Түркістан облысында 2513 адам). 610 адам Covid індетінен қайтыс болды (Шымкентте – 31, Түркістан облысында 36 марқұм).
Елде 1-15 шілде аралығында 1555 адам пневмониядан қайтыс болған.
Қазақстан билігі елде індеттің таралуын тоқтау үшін 2 тамызға дейін карантин жариялаған. Бұл – биліктің коронавирусқа байланысты жариялаған екінші карантині. Осыған дейін 16 наурыз – 11 мамыр аралығында елде төтенше жағдай енгізіліп, қатаң карантин енгізілген. Мамырда карантин жеңілдей бастаған соң елде дертке шалдыққандар күрт көбейіп, билік қайта карантин шараларын қабылдауға мәжбүр болды.
"Қандай жауыз вирус..." "Қызыл аймақта" індетпен арпалысып жүрген дәрігерлердің айтқаны