Нұр-Сұлтанда көп балалы әйелдер биліктен көмек сұрады
22 шілдеде күндіз Нұр-Сұлтанда министрліктер үйінің алдына бала-шағасымен бірге келген екі әйел биліктен көмек сұрады. Өздерін Ақбаян Жалмырзаева және Айнұр Құдайбергенова деп таныстырған екі ана карантин басталғалы бері отбасыларының жағдайы мүлде нашарлап кеткенін айтып, пәтерақыларын төлей алмағандықтан далада қалуы мүмкін екенін жеткізіп налыды.
- Карантинге байланысты күйеуім жұмыс істемейді. Не қоғамдық көлік жүріп жатқан жоқ, не жұмыс жоқ, не атаулы әлеуметтік көмектен хабар жоқ. Үкіметтен алатынымыз 42 500 теңге. Ол ештеңеге жетпейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Мойнымызда несиелеріміз бар. Өсімі жүріп жатыр. Бұған дейін биліктен ауызша да, жазбаша да көмек сұрадық. Бірақ нәтиже жоқ. Есесіне бұл жаққа келген сайын айыппұл салады. Өзімде жүз мыңдаған үш айыппұл жатыр. Банктегі есепшоттарымызды бұғаттап тастаған. Ешқандай амал қалмады. Енді қайда барамыз? Кімнен көмек сұраймыз? Өзіміз ауырып жаңадан тұрдық. Жедел жәрдем көлігін шақырсаң, келмейді..., - деді басындағы қиындықтарын айтып тауыса алмаған Ақбаян Жалмырзаева.
Төрт баланың анасы Айнұр Құдайбергенованың айтуынша, жеке автопаркте жұмыс істеген күйеуі қазір жұмыссыз. Көп балалы ана атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеуге тырысқанмен құжат мәселесіне байланысты ала алмаған. "Пәтерақыны үш ай төлемегендіктен ертең пәтерден шығарады, баратын жеріміз жоқ" дейді.
- Ертең төрт балам, күйеуіммен бірге далада қалайық деп отырмыз. Шенділер бір бөлмелі жатақхана табуға көмектессе. Мемлекеттен ешқашан азық-түлік көмегін алған емеспін. Азық-түліктен қатты қысылып отырмын. Өзім екі жасар балам болғандықтан жұмыс істей алмаймын. Қазір күйеуім де жұмыс істемейді. Үйде отыр. Несиеге алған көлігіміз бар еді. Ол кісі бір-екі мың теңге табады, таппаса ол да жоқ. Екі аптадан бері қала сыртында қарақат теріп сатып жүрмін. Бірақ одан пайда жоқ. 2 мың теңге қалтамда қалады, жол шығыны жеп қояды. Басымда несием көп, - дейді Айнұр Құдайбергенова.
Екі әйел ақпарат құралдарына шағымдарын айтып тұрған кезде ғимарат маңында бірнеше арнайы жасақ өкілі мен полиция қызметкері бақылап тұрды.
Сәлден соң аналар алдына шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков есімді қызметкер бастапқыда аналардың мәселесінен "хабардар" екенін айтып, олардың жағдайын "бір күнде шешілмейтін мәселе" деп атап ішке кіріп кеткен еді. Кейіннен қайта шығып "әкімдікпен сөйлесіп жатырмыз, қазір әкімдік мәселелеріңізді қарастырып жатыр" деді.
Аймағамбетов: ЖОО оқу бағасын қымбаттатуды жоспарлап отыр
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елдегі жоғары оқу орындарының басым бөлігі оқу бағасын өсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы министр 21 шілдеде Instagram-да тікелей эфир кезінде хабарлады.
Оған елдегі экономикалық ахуал нашарлағандықтан оқу бағасы арзандауы мүмкін бе деген сұрақ қойылған еді. Министр бұл мәселені "студент пен нақты бір оқу орны арасындағы азаматтық-құқықтық қатынасқа" жатқызды. Оның айтуынша, білім және ғылым министрлігі оқу орындарына "тым болмағанда оқу бағасын өсірмеу", төлемді кейінге қалдыру қажеттігін ұсынған.
"Оларды үгіттей алмаймыз, мәжбүрлей алмаймыз, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Лауазымды тұлға немесе мемлекеттік органның өкілеті қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын түсінуіміз қажет. Біз өкілетімізді асырмауымыз керек" деді министр.
Дегенмен шенеуніктің айтуынша, көптеген оқу орындары "оқу бағасын төлеуді кейінге шегеру мәселесін" қарастырып жатыр. Оқу бағасына байланысты "жұмыстар әлі жүріп жатыр".
Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік берген оқу орындары студент-түлектердің қарызын өтемегенін айтып шағымданған. Аймағамбетовтің айтуынша, оқу орындарына бұл мәселені "құқықтық шеңберде" шешуге кеңес берілген.
Министр сонымен бірге жаңа оқу жылында барлық бакалавриат студенттері қашықтан оқи береді, бірақ зертхана, өнеркәсіпте тәжірибе жасайтын кейбір мамандықтар мен бағыттар бойынша ерекшеліктер болуы мүмкін деді. Оның айтуынша, сол себепті де арнайы "нұсқаулық" әзірленген. Ал магистранттар мен докторанттар қашықтан оқи ма, жоқ па, министр ол жағын айтпады.
Биыл көктемде коронавирус індетіне байланысты қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтан оқи бастаған. Пандемия, төтенше жағдай және мұнай бағасының құлдырауы кесірінен адамдардың материалдық жағдайы нашарлап, кейбір студенттер мен ата-аналар оқу бағасын төлеуде қиындыққа ұшыраған.
Өзбек дәрігерлері үкіметті уәделерін орындамады деп айыптады
Ташкентте жедел жәрдем қызметінде істейтін бір топ медицина қызметкері президент Шавкат Мирзияевке ашық хат жазып, үкімет пандемия індеті кезінде жалақыны өсірмей, уәделерін орындамай отыр деп шағымданды.
Мирзияевтің атына жазылған хат Telegram-да жарияланды. Онда хат авторлары "коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүргенімізбен COVID-19 тестінен өткен жоқпыз және қорғаныш киімдерімен толық қамтамасыз етілген жоқпыз" деп жазған.
"Біз коронавирус жұққандарды төрт айдан бері емдеп келеміз, алайда жалақымыз өскен жоқ, тіпті жалақымызды бермеген кездер де болды" делінген хатта.
"Біз, медицина қызметкерлері, 14 күн сайын коронавирус тестінен өтуге тиіс едік, бірақ соңғы төрт айда бір-ақ рет өттік. Бізге вирус жұғуы мүмкін және ағзамыз вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырып үлгергендіктен айналадағы өзге адамдарға тасымалдауымыз да мүмкін еді. Бірақ мұны білмей отырмыз. Біз де адамбыз, біз де отбасымызбен бірге болғымыз келеді. Қашанғы үрей, қорқыныш және күдікпен өмір сүре береміз?" делінген хатта.
20 шілдеде президент Шавкат Мирзияев қала әкімдеріне аумақтағы әрбір ауруханадағы жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырған еді. Президент әкімдерді ауруханалардың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасауға міндеттеген. Оның айтуынша, елдегі COVID-19 ауруымен байланысты адам өлімінің 80 пайызы Ташкентте тіркелген.
Орталық Азияда халқы ең көп мемлекетте соңғы мәлімет бойынша, 17 590 адамнан коронавирус табылған. 91 адам қайтыс болған.
Румынияда Covid науқастарын ауруханадан өз еркімен шығып кетуін тыятын заң күшіне енді
21 шілде күні Румынияда коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды мәжбүрлі түрде ауруханаға жатқызатын не карантинге жабатын заң күшіне енді. Бұл заңға дейін мыңдаған науқас дерттен айықпаған күйі ауруханадан шығып кеткен не ауруханаға жатудан мүлдем бас тартқан.
Еуроодаққа мүше Румынияда эпидемия басталғанда екі айға қатаң карантин шектеулері енгізілген. Алайда мамыр айында шектеулер алынған соң, індет қайта өршіп, 21 шілдеде тәулік көрсеткіші бойынша рекорд орнады – вирус 994 адамнан анықталып, аурудан 36 адам қайтыс болды. Парламенттің жаңа заңды асығыс қабылдауына түрткі болған – елдегі конституциялық соттың шешімі. Румыния конституциялық соты 2 шілде күні билік науқастарды үкімет қаулылары негізінде ауруханаға күштеп жатқыза алмайды, мұндай шаралар тек парламент қабылдаған заң негізінде жүзеге асырылады деп үкім шығарған.
Соттың осы үкімінен соң 2-20 шілде аралығында коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған мыңға жуық адам дәрігерлердің қарсылығына қарамастан ауруханадан шығып кеткен. Ал вирус жұқтырған 3700 адам ауруханаға жатудан мүлдем бас тартқан. Ауруханадан өз еркімен шығып кеткен науқастардың кемі біреуі қайтыс болған, бірнешеуі ауруханаға қайта түскен, бірақ бұл жағдайының нашарлауына байланысты жолы интенсивті емдеу бөліміне жатқызылған.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, эпидемия басталғалы Румынияда барлығы 39 мың адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 24,4 мыңа жазылып шыққан, 2 мыңы қайтыс болған.