Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

08:14 22.7.2020

Қазақстанда бір күнде 1685 адамнан коронавирус анықталды

21 шілде күні Қазақстанда 1685 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Ауру белгілері инфекция жұқтырған 743 адамда байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 75 153 адамнан коронавирус инфекциясы табылған.

Аймақ бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 9392 (+109),
Алматы қаласы – 9635 (+241),
Нұр-Сұлтан қаласы - 8832 (+213),
Қарағанды облысы – 7401 (+175),
Батыс Қазақстан облысы - 4932 (+87),
Шымкент қаласы – 4518 (+38),
Шығыс Қазақстан облысы – 4488 (+238),
Алматы облысы - 3733 (+54),
Ақтөбе облысы - 2803 (+50),
Жамбыл облысы - 2 999 (+42),
Түркістан облысы - 2513 (+16),
Маңғыстау облысы - 2 397 (+49),
Павлодар облысы - 2 515 (+68),
Қызылорда облысы -2 464 (+115),
Солтүстік Қазақстан облысы - 2 352 (+82),
Ақмола облысы - 2 108 (+54),
Қостанай облысы - 2 071 (+54).

COVID-19 ауруынан 45 376 науқас айыққан. 21 шілде күнгі мәліметке сай коронавирустан 610 адам қайтыс болған.

Сейсенбі күні министр Алексей Цой елде коронавирус ахуалы тұрақтала бастады, ауруханалардағы орын тапшылығы біртіндеп азая бастады деп мәлімдеген. Дегенмен елде карантин шаралары күшейіп жатыр.

Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз белгісіз пневмония екенін айтпады.

18:31 21.7.2020

Қазақстандағы жағдай: қысқа-нұсқа

21 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен министрдің орынбасары Ажар Ғинаяттың айтқан мәліметтерін шолып шықтық.

  • Елде наурыздан бері коронавирустан 610 адам қайтыс болды. Олардың арасында 40 жүкті әйел бар.
  • Өлім-жітімді тексеру комиссиясы коронавирус жұқтырған 150 адамның өлім себебін тексеріп жатыр.
  • Ғинаяттың сөзінше, елде коронавирустан шетінеген бала жоқ. Азаттық тілшісі “Нұр-Сұлтандағы коронавирус зиратында баланың жерленгенін көрдік” деген дерегіне «жаңа туған сәбидің анасы вирус жұқтырған болуы мүмкін, коронавирустан бала өлімі жоқ» деді.
  • Қазақстанда сегіз мыңдай адам пневмониямен ауырып жатыр. Олардың мыңнан астамы бала.
  • Алексей Цой жұмыс кезінде пневмонияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр деді. Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап коронавирус пен пневмония статистикасы бірге есептелген соң, бірқатар нормативтік құжаттарды өзгерту қажет. Әзірге қызметін атқарып жүріп Covid індетіне шалдыққан медицина қызметкерлер ғана өтемақы алады.
  • Цойдың сөзінше, қазір елде 123 дәрігердің коронавирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған. Кәсіби міндетін атқару барысында 59 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, қайтыс болған.
  • Қазақстан билігі коронавирусқа қарсы вакцина жасап, клиникалық зерттеулер жүргізіп жатқан “Ресей, Қытай, БАӘ елдерімен байланысып отыр”.
  • Цой: Екпелер барлық тексеруден өтіп, тұтынуға рұқсат етілген соң қайсысына тапсырыс беретінімізді анықтаймыз.
  • Елде вирус жұқтырғандар 73 мыңнан асты. 45 мыңнан астам адам дерттен айықты.
  • Цой елде індет жағдайы тұрақтала бастады, күніне 1500-1600 адамнан вирус анықталып жатыр деп мәлімдеді. Сөзінше, кейінгі екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Жазылғандар 60 пайызға көбейген.
  • Министрдің айтуынша, кейінгі үш аптада провизорлардағы орындар 89 пайыздан 69 пайызға дейін, реанимациялық бөлімдерде 73 пайыздан 67 пайызға дейін босаған. Жедел жәрдем көлігін шақыру да 23 пайызға азайған.
  • Цой аймақтарда арнайы тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаторияларды қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек тізімі кеңейетінін, бір айға дәрі-дәрмек қоры жасақталатынын айтты.
  • Министр ПТР тестен өткізу үшін бюджеттен 42 млрд теңге бөлу қажет екенін де айтты. Сөзінше, 170 млн теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертхананың 67 маманына жұмсалады.
15:46 21.7.2020

Министр дәрігерлерге пневмонияға байланысты өтемақы төлеу мәселесі туралы айтты

Қазақстанда жұмыс кезінде пневмонияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр. 21 шілде күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.

- Қазір біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Егер олар ортақ графаға (коронавирус пен пневмония статистикасы - ред.) біріктірілсе бірқатар нормативтік құжаттарды өзгертуді талап етеді. Бұл мәселені әріптестерімізбен бірге талқылап жатырмыз, - деді министр.

Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Бұған дейін министрлік мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз пневмония екенін ашып айтпаған.

Сәуір айында денсаулық сақтау министрлігі жұмыс кезінде коронавирус жұққан немесе COVID-тан қайтыс болған дәрігерлер мен олардың отбасына өтемақы төленетінін айтқан еді. Министрдің айтуынша, қазір республика бойынша 123 дәрігердің коронавирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған. Кәсіби міндетін атқару барысында 59 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, қайтыс болған.

21 шілде күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят елде 40 әйелдің коронавирус жұқтырып, COVID-тен қайтыс болғанын айтты. Оның айтуынша, коронавирусқа байланысты бала өлімі тіркелмеген. "Нұр-Сұлтандағы зираттарға барған кезде кішкентай баланың қабірін көрдік, мұны қалай түсіндіресіз?" деген сұраққа вице-министр:

- Енді оны факт бойынша қараған жақсы еді. Былай егер сіз айтып отырған өте кішкентай бала болса, мүмкін коронавирус [тесті] оң болған анадан дүниеге келген бала болуы мүмкін. Бірақ коронавирустың салдарынан асқынып ауруы қайтыс болған бала тіркелген жоқ", - деп жауап берді.

Сейсенбілік брифинг кезінде министрлік өкілдеріне коронавирус диагнозы қойылған, бірақ өлім-жітімді зерттеу комиссиясы "басқа аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған адамдар саны туралы да сұрақ қойылды. Ажар Ғинаяттың айтуынша, өлім-жітімді зерттеу комиссиясы қазір 150 адам өлімінің себебін зерттеп жатыр. Дегенмен ол нақты қанша "коронавирустан қайтыс болған жоқ" деген шешім шығарылғанын ашып айтпады.

Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар 73,4 мыңнан асты. 43 мыңнан астамы немесе шамамен 60 пайызы жазылған. 610 адам қайтыс болған. Сейсенбі күні таңертеңгі үкімет отырысы кезінде министр Алексей Цой елде коронавирус ахуалы тұрақтала бастады, ауруханалардағы орын тапшылығы біртіндеп азая бастады деп мәлімдеген.

13:26 21.7.2020

Қызу пікірталастан соң ЕО жетекшілері экономиканы қолдауға бағытталған келісімге қол жеткізді

Еуроодақ жетекшілері көлемі 750 миллиард еуро (860 млрд доллар) болатын пандемиядан кейінгі экономиканы қалпына келтіру қорының қаражатын үлестіру мен жеті жылға арналған одақ бюджеті мәселелері бойынша келісімге қол жеткізді. Екі күнге созылуы тиіс болған саммитте қызу пікірталас өрбіп, одақ мүшелері жиынның төртінші күні ғана ымыраға келді.

Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйем және Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель (оң жақта) баспасөз мәслихатынан кейін шынтақтарын түйістіріп жатыр. Брюссель, 21 шілде
Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйем және Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель (оң жақта) баспасөз мәслихатынан кейін шынтақтарын түйістіріп жатыр. Брюссель, 21 шілде

ЕО жетекшілері ең негізгі мәселелердің бірі - пандемиядан көбірек зардап шеккен елдерге берілетін грант пен қарыз көлемінің ара салмағын бекітіп мақұлдаған. Бұған қоса, Польша мен Венгрия қаржылай көмекті сөз бостандығы мен тәуелсіз сот жүйесінің дамуына қарай үлестіретін механизм енгізуге келісімін берген. Бұған дейін Венгрия ЕО атқару органының шешіміне бірнеше рет қарсы шығып, демократиялық нормаларды бұзды деп Будапешті сынаған ЕО мүшелерін кіналаған.

Жоспарға сәйкес, демократиялық қадамдары алға баспаған жағдай анықталса Еуропа комиссиясы шара қолдануды ұсынып, ЕО мүшелері дауыс беруі тиіс болады.

Тағы

XS
SM
MD
LG