Цой елде коронавирус ахуалы тұрақтала бастағанын айтып, бюджеттен тест үшін ақша сұрады
Қазақстанда коронавирус ахуалы тұрақтала бастады. Бұл туралы 21 шілде күнгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Жазылғандар 60 пайызға көбейген.
- Соңғы аптада коронавирус жұққандар мен адам өліміне байланысты ахуалдың тұрақталғаны байқалады. Күн сайын 1500-1600 науқас анықталып жатыр, - деді министр.
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда соңғы үш аптада провизорлардағы орындар - 89 пайыздан 69 пайызға дейін, реанимациялық бөлімдерде 73 пайыздан 67 пайызға дейін босаған. Жедел жәрдем көлігін шақыру да 23 пайызға азайған. Министр аймақтарда арнайы тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаторияларды қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек тізімі кеңейетінін, бір айға дәрі-дәрмек қоры жасақталатынын айтты.
Алексей Цой сонымен бірге ПЦР-тестен өткізу үшін республикалық бюджеттен 42 млрд теңге бөлу қажет екенін де айтты.
- 170 млн теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертхананың 67 маманына жұмсалады, - деді министр.
Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 73 468 адамнан коронавирус табылған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алғашқы 30 елдің қатарына кіріп, 29 орында тұр. Постсоветтік кеңістікте алғашқы отыздыққа Қазақстаннан бөлек тек Ресей (4) ғана енген.
Кейбір сарапшылар елде коронавирус жұққандар ресми деректе айтылғаннан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.
COVID-19 ауруынан 45 376 науқас айыққан. 20 шілде күнгі мәліметке сай елде коронавирустан 585 адам қайтыс болған.
Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз белгісіз пневмония екенін айтпады.
Қазақстанда бір күнде 1630 адамнан коронавирус анықталды
20 шілде күні Қазақстанда 1630 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Ауру белгілері инфекция жұқтырған 745 адамда байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 73 468 адамнан коронавирус инфекциясы табылған.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Атырау облысы - 9283 (+96),
Алматы қаласы – 9394 (+251),
Нұр-Сұлтан қаласы - 8619 (+248),
Қарағанды облысы – 7226 (+168),
Батыс Қазақстан облысы - 4845 (+103),
Шымкент қаласы – 4480 (+27),
Шығыс Қазақстан облысы – 4250 (+163),
Алматы облысы - 36279(+54),
Ақтөбе облысы - 2753 (+17),
Жамбыл облысы - 2 957 (+61),
Түркістан облысы - 2497 (+20),
Маңғыстау облысы - 2 348 (+54),
Павлодар облысы - 2 447 (+67),
Қызылорда облысы -2 349 (+119),
Солтүстік Қазақстан облысы - 2 270 (+72),
Ақмола облысы - 2 054 (+53),
Қостанай облысы - 2017 (+57).
COVID-19 ауруынан 45 376 науқас айыққан. 20 шілде күнгі мәліметке сай елде коронавирустан 585 адам қайтыс болған.
"Коронавирус барын" мойындамаған Түркіменстанда шенеунік вирустан қайтыс болды
Түркіменстанда Лебап облысы Фараб ауданының басшысы Хасан Меткулиев коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы құпия дереккөзіне сүйенген Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады. Ақпарат бойынша, қайтыс болған адамның денесі туыстарына пластикалық контейнерде беріліп, сол күні жерленген.
Елде COVID белгілері бар науқастар артып, вируспен байланысты адам өлімі көбейген шақта шенеуніктің қайтыс болғаны туралы ақпарат шығып отыр. Дереккөзі 20 шілде күні Азаттыққа марқұмның әйелі мен орынбасарынан да COVID табылып, Түркіменабад инфекциялық ауруханасында емделгенін айтқан. Оның айтуынша, енді барлық аудан басшылары коронавирус тестінен өтуі тиіс.
Коронавирустың барын дәлелдейтін фактілердің жеткілікті екеніне қарамастан Түркіменстан ресми түрде елде COVID барын мойындаған жоқ. Ашғабаттағы ауруханалардың бірінде болған куәгерлердің бірі Азаттыққа палаталарда орын жоқ екенін, адам өлімінің көбейіп бара жатқанын айтқан.
Түркіменстандағы Азаттық тілшілерінің айтынша, ел астанасы Ашғабатта үрей сезіледі. Оған тек коронавирус қана емес, денсаулық сақтау жүйесінің күрделі ахуалы мен саланы жайлаған жемқорлық та себеп.
Оксфорд университеті коронавирусқа қарсы вакцинасының алғашқы сынағы сәтті аяқталғанын хабарлады
Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцинасының алғашқы сынағы сәтті аяқталғанын мәлімдеді. Зерттеушілердің сөзінше, сынаққа қатысқан жүздеген адамда коронавирусқа қарсы антидене мен Т-лимфоциттер пайда болған. Зерттеу жайлы 20 шілдеде танымал Lаncet медициналық журналы жариялады.
Халықаралық басылымдар AZD1222 деп аталатын вакцина үлкен үміт сыйлайтынын жазып жатыр. Вакцинаның пайдасы толық дәлелдену үшін сынақ әлі жалғасады. Ғалымдар вакцинаны ОАР, АҚШ, Бразилияда мыңдаған адамға екпек. Ғалымдар вакцина сынағын сәуірде Ұлыбританияда қолға алған еді.
Вакцина дайындауға қатысқан ғалымдардың бірі Адриан Хилл AP агенттігіне сынаққа қатысқан мыңнан астам адамда коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болғанын айтқан. Хиллдің сөзінше, вакцина сәтті сынақтан өтсе, Оксфорд университеті дәрі-дәрмек жасайтын AstraZeneca компаниясымен бірге 2 млрд доза екпе дайындауға дайын.
BBC сайтының жазуынша, вакцина сынағына қатысқан адамдардың 70 пайызында бас ауруы және қызу көтерілу байқалған. Ғалымдардың сөзінше, бұл әсерді парацетамолмен басуға болады.
15 шілдеде америкалық Moderna компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасының сынағына қатысқан еріктілердің бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болғанын хабарлаған.
Әлемде COVID-19 коронавирусы 14,5 миллионға жуық адамға жұқты. Қайтыс болғандар 606 мыңнан асты. 8,1 миллионнан астам адам дерттен айықты.