Bloomberg: Ресей элитасы вирустан қорғайтын екпеге сәуір айында қол жеткізген
Ресейдің саяси және бизнес элитасы Гамалеи атындағы ұлттық зерттеу орталығының тәжірибелік екпесін салдыруға сәуір айында қол жеткізген. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады. Агенттіктің жазуынша, екпе жүздеген адамға егілген. Екпе салынғанын агенттікке ондаған адам растаған, бірақ олардың аты-жөндері айтылмайды.
Еріктілер вакцинацияға тегін қатысқан. Оларға вакцинаның екі дозасы салынған.
Агенттікке сұхбат берген топ-менеджерлердің бірі түрлі жиындарға қатысып, әдеттегідей өмір сүру үшін екпе салдыртқанын айтқан. Оған екпенің кері әсері болмаған. Дегенмен сынаққа қатысқан кейбір адамдар дене қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ауырғанын жеткізген.
Вакцина алғандар арасында ресейлік инвестиция қорының жетекшісі Кирилл Дмитриев пен оның отбасы да бар. Бұл ақпаратты Дмитриевтің өзі хабарлаған және «Русал», «Фосагро» компанияларының топ-менеджерлерлері де растаған. Ал компания түсініктеме беруден бас тартқан.
Ресей президенті Владимир Путин немесе президент әкімшілігінің өкілдеріне екпе салынды ма, жоқ па әзірге белгісіз. Агенттіктің жазбаша сауалына президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап бермеген. Bloomberg-тің жазуынша, үкімет мүшелері де ақпаратқа түсініктеме бермеген.
Брюссель: ЕО жетекшілері саммиттің үшінші күні де келісімге келе алмады
Бірнеше күнге созылған Брюссельдегі Еуроодақ саммиті жексенбі күні де нәтижесіз аяқталды. Жиында талқыланған басты мәселе - коронавирус індеті салдарынан туындаған экономикалық тығырықтан шығу.
Одақтың кейбір мүшелері (негізінен Дания, Австрия, Нидерланды, Финляндия, Швеция) экономиканы қалпына келтіруге жұмсалуы тиіс 750 миллиард еуро көлемінде қаржы тым көп және оны грант емес, қарыз ретінде беру керек деп санайды. Бұған індеттен көбірек зардап шеккен Италия, Испания сияқты мемлекеттер қарсы. Олар Еуроодақты күрделі кезеңде одақ мүшелеріне қажетті дәрежеде көмек бермеді деп кінәлады.
19 шілдеде Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан саммит мүшелерінің келісімге келе алмауын Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттеден көрді. Reuters-дің жазуынша, оңшыл ұлтшыл Орбан сайлауда жеңіске жеткеннен кейін теңдесіз өкілетке қол жеткізген. Ол ЕО атқару органының шешіміне бірнеше рет қарсы шығып, демократиялық нормаларды бұзды деп Будапешті сынаған ЕО мүшелерін де кіналаған. Ақпарат құралдарына берген сұхбатында Орбан коммунистік режим құлатылған Венгрия демократиялық құндылықтарды бағалайды деп мәлімдеген. Демократиялық нормаларды сақтамайды деп сынға ілінген мемлекеттерді қаржылай көмектен айыру туралы мәселе саммитте қызу талқыланған.
Жиын дүйсенбі күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша күндізгі сағат 12-де қайта жалғасады.
Соңғы мәлімет бойынша, әлемде 14,5 млн адамнан коронавирус табылған. 605 мыңнан астам адам қайтыс болған. 8,1 млн адам жазылған.
Қазақстанда бір аптада коронавирустан 210 адам қайтыс болды
Қазақстанда 13-19 шілде аралығында коронавирус инфекциясынан 210 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен аптада ең көп адам өлімі Нұр-Сұлтан (114), Алматы облысында (19), Түркістан облысында (18) тіркелген. Қайтыс болғандардың ең үлкені - 1928 жылы, ең кішісі 1997 жылы туған.
Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан барлығы 585 адам қайтыс болған:
- Нұр-Сұлтан - 195
- Алматы қаласы - 54
- Шымкент - 31
- Ақмола облысы - 31
- Ақтөбе облысы - 18
- Алматы облысы - 23
- Атырау облысы - 18
- Шығыс Қазақстан облысы - 5
- Жамбыл облысы - 7
- Батыс Қазақстан облысы - 22
- Қарағанды облысы - 81
- Қостанай облысы - 3
- Қызылорда облысы - 7
- Маңғыстау облысы - 23
- Павлодар облысы - 23
- Солтүстік Қазақстан облысы - 8
- Түркістан облысы - 36
Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз белгісіз пневмония екенін айтпады.
Қазақстанда бір күнде 1499 адамнан коронавирус анықталды
19 шілде күні Қазақстанда 1499 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Ауру белгілері инфекция жұқтырған 706 адамда байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 71 838 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алғашқы отыз елдің қатарына кіріп, 29-орында тұр.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Атырау облысы - 9187 (+130),
Алматы қаласы – 9143 (+221),
Нұр-Сұлтан қаласы - 8371 (+226),
Қарағанды облысы – 7058 (+148),
Батыс Қазақстан облысы - 4742 (+95),
Шымкент қаласы – 4453 (+43),
Шығыс Қазақстан облысы – 4087 (+112),
Алматы облысы - 3625 (+43),
Ақтөбе облысы - 2736 (+13),
Жамбыл облысы - 2 896 (+104),
Түркістан облысы - 2477 (+20),
Маңғыстау облысы - 2 294 (+42),
Павлодар облысы - 2 380 (+106),
Қызылорда облысы -2 230 (+19),
Солтүстік Қазақстан облысы - 2 198 (+69),
Ақмола облысы - 2 001 (+52),
Қостанай облысы - 1960 (+56).
COVID-19 ауруынан 43 401 науқас айыққан. 17 шілде күнгі мәлімет бойынша елде 464 адам коронавирустан қайтыс болған.
20 шілдеде Қазақстанда демалыс күндері 121 адамның коронавирустан қайтыс болғаны хабарланды. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметіне сүйенген Tengrinews сайтының жазуынша, осылайша елде барлығы 585 адам коронавирустан қайтыс болған. Азаттық тілшісі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына хабарласқанмен әзірге ақпарат ала алмады.
Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз белгісіз пневмония екенін айтпады.