Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:22 20.7.2020

Оралда қарттар үйінде бір адам коронавирустан қайтыс болды

Оралда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (қарттар үйі мүгедектер үйімен біріктірілген) екі адамнан коронавирус табылды. Олардың бірі қайтыс болған. Аға медбике міндетін атқарушы Майра Жәдетованың айтуынша, орталықтан коронавирус өткен аптада анықталған. Оның сөзіне қарағанда коронавирус жұққан науқастың бірі өткен жұмада қайтыс болған.

- (Қамқорлықтағы) Екі адам тексеріліп, диагноздары расталды. Бірін жедел жәрдеммен ауруханаға апарып үлгермедік - жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Екіншісі ауруханада жатыр, - дейді Жәдетова.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағында тұрған медициналық көлік. Орал 19 шілде 2020 жыл.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағында тұрған медициналық көлік. Орал 19 шілде 2020 жыл.

Орталық басшылығының мәліметінше, соңғы аптада орталықта "жасы келген" 18 адам қайтыс болған.

- Адам өлімінің өсуі бар. Менің ойымша, бұл біріншіден жас шамасына байланысты. Екіншіден, аптап ыстық. Бұған қоса, карантин, оқшаулау бар. 13 мен 19 шілде аралығында 18 адам қайтыс болды. Бәрінің жас шамасына байланысты диагноздары бар, - деді директор міндетін атқарушы Қаршыға Нұрмашев.

19 шілдеде "Уральская неделя" сайты жариялаған видеода тоңазытқыш камерада ақжаймаға оралған мәйіттер бары көрінеді. Онда сонымен бірге медициналық көлік жанында қорғаныш киім киген мамандар жүргені де байқалады. Видеоны түсіріп тұрған адам "Оралдағы қарттар үйіндегі жағдайдың осындай" екенін айтып "бәрі үнсіз, бізде коронавирус бар-жоғын ешкім айтпайды" дейді.

Видео авторының айтуынша, күн сайын қарттар үйінде "сегіз адам" қайтыс болып жатыр.

Ал Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі жерлеу агенттігінің жұмысы кідіргендіктен "мәйіттер арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мәйітханасында жатыр" деп түсіндірді.

- Орталық жерлеу рәсімін өткізетін "Ритуал" мекемесімен келісім жасасқан. Алайда шілде айында мекеме жерлеу қызметін уақытында атқарып отырған жоқ, сол себепті қайтыс болғандардың денесі орталық мәйітханасында жатыр, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Арсен Губашев.

Қазір арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 489 адам тұрып жатыр. Жәдетованың айтуынша, 20 шілдеде орталық тұрғындары мен қызметкерлері коронавирус тестінен өтеді.

Ресми мәліметке сәйкес Батыс Қазақстан облысында 4 647 адамнан коронавирус табылған. 22 адам қайтыс болған.

06:26 20.7.2020

Алматыда "белгісіз" пневмониядан қайтыс болғандарды коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бойынша жерлейді

Бұл туралы 19 шілдеде қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшинге сілтеген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Хаттамаға сәйкес, қалада Covid-19, пневмония немесе осы аурулар жұққан болуы мүмкін қайтыс болған адамдардың денесі қалалық паталогия-анатомиялық бюроға жеткізіліп, арнайы мамандардың көмегімен жерленуі тиіс.

Ресми дерекке сәйкес елде барлығы 70 339 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның ішінде 43 029 науқас дерттен айыққан, 375 адам қайтыс болған.

Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз белгісіз пневмония екенін айтпады.

11:15 19.7.2020

АҚШ COVID-19 індеті өршіген тұста науқастарды емдеу жұмысына әскери медқызметкерлерді жұмылдырды

Коронавирус жұқтырған науқас және дәрігер. Калифорния, АҚШ.
Коронавирус жұқтырған науқас және дәрігер. Калифорния, АҚШ.

АҚШ билігі коронавирус пандемиясынан қатты зардап шеккен Техас және Калифорния штаттарына толастамай жатқан науқастар ағымын қабылдап үлгеру үшін әскери медқызметкерлерді жіберді. Өзге штаттар карантин шектеулерін күшейтті.

Сексен алты адамнан тұратын әскери медқызмет Техас штатындағы Хьюстон қаласының United Memorial медицина орталығының бір ғимаратына орналасты. Олар жергілікті дәрігерлерге коронавирус науқастарын емдеуге көмектеспек.

Техаста коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Штат билігі 17 шілде күні төртінші тәулік қатарынан 10 мыңнан астам жағдай тіркелгенін айтты. Бір күнде 174 адамның қайтыс болған және бұл – эпидемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш.

Калифорнияда әскери дәрігерлер, мейіргерлер және мамандар науқастарды қабылдап үлгере алмай жатқан сегіз ауруханаға жіберілді.

Reuters агенттігінің есептеуінше, штатта 17 шілде күні коронавирус инфекциясын жұқтырғандар кемі 9229 адамға артып, жалпы саны 374 144-ке жеткен. Бір күнде 119 COVID-19 өлімі тіркеліп, штаттағы коронавирус құрбандарының саны 7,5 мыңға жуықтады.

АҚШ-та 17 шілде күні үшінші тәулік қатарынан рекордтық өсім байқалып отыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, сол күні 24 сағат ішінде 77 638 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Бір күнде 927 адам қайтыс болған. Бұл да – тәулік рекорды.

Елде барлығы 3,7 миллион адамның вирус жұқтырғаны расталған. Қайтыс болғандар саны – 140 мың.

17 шілдеден кейін оқушылардың күзде мектеп партасына отыруы екіталай болып қалды. Калифорния штатының губернаторы мектептің ашылуына жаңа шарт қойды. Штаттың коронавирустың тарауы күшейіп бара жатқан аудандарында мектеп ашылмайды деді губернатор Гэвин Ньюсом. Бұл дегеніміз штаттағы 58 ауданның (county) 32-сінде мектеп есігі ашылмайды дегенді білдіреді. Олардың қатарында Лос Анджелес, Сан Диего және Сан-Франциско бар.

"Оқушылар, мұғалімдер, қызметкерлер және ата-аналар мектептің ашылғанын қалайды. Бірақ мұны тек қауіпсіз болса ғана жүзеге асыруға болады" деді Ньюсом телевизиялық брифингте.

Техас штаты мемлекеттік меншігіндегі мектептерге күзге дейін ашылмауға рұқсат берді. Штатта 5 миллион оқушы бар.

Чикагода оқушыларға мектепке аптасына екі рет баруға рұқсат етілді. Қалған үш күнде білім беру қашықтан жүреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 18 шілде күні бір тәулікте 259 848 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған.

Бір күнде 7360 адам індеттен көз жұмды. Бұл – 10 мамырдан кейінгі ең үлкен көрсеткіш.

Коронавирус жұқтырғандардың қатты артуы АҚШ-та, Бразилияда, Үндістанда және ОАР-да байқалып отыр. Австралияда ел премьер-министрі Скотт Моррисон 18 шілде күні парламенттің тамыздың басына белгіленген кезекті отырысын кейінге қалдырды. Оның сөзінше, елдің халқы ең көп екі штатында коронавирустың өршуі парламент отырысына қауіпті етпек.

"Үкімет парламент мүшелеріне, олардың қызметкерлеріне және парламенттегі жалпы қызметкерлерге төнетін қауіпті елеусіз қалдыра алмайды" деді Моррисон.

Ішкі Қытайда 17 шілде күні 22 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Бір апта бұрын 10 жағдай тіркелген болатын. 17 шілде күні тіркелген жағдайлардың 16-сы елдің батысындағы Шыңжаң өлкесінің үлесінде. Бұл аймақта қазақ және ұйғыр секілді діні ислам этникалық топтар тұрады. Қытай 2017 жылдан бері оларды "қайта тәрбиелеу лагеріне" жауып, халықаралық даудың астында қалған.

19 шілдедегі мәлімет бойынша, Қытайда барлығы 85 314 жағдай тіркелген. Қайтыс болғандар 4,6 мыңнан асқан. Алайда эксперттер Қытай дерегінің дәлдігіне күмән келтіреді.

Жаңалық Reuters, Associated Press агенттіктерінің хабары негізінде әзірленді.

08:40 19.7.2020

Қазақстанда COVID-19 ауруын жұқтырғандар 1,6 мыңға артып, 70 мыңнан асты

Коронавирус тестінен өту үшін кезекте тұрған адамдар. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.
Коронавирус тестінен өту үшін кезекте тұрған адамдар. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.

18 шілде күні Қазақстанда 1636 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ауру белгілері инфекция жұқтырған 908 адамнан байқалған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Тәулік көрсеткіші бойынша көш басында әдеттегідей Нұр-Сұлтан (258), Алматы (220) қалалары және Атырау облысы (184). Ал Жамбыл облысында вирус жұқтырғандардың жалпы саны бір күнде 4,3 пайызға артқан. Бұл – аймақтар арасында пайыздық өсім бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Ең төменгі тәулік көрсеткіштері Маңғыстау (2), Ақтөбе (23) және Түркістан (40) облыстарында тіркелген.

Кеше, 18 шілде күні коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардағы төмен көрсеткіш жергілікті басшылықтың шынайы ахуалды жасыру ниетімен байланысты деді.

"Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың төмендігі – жергілікті жерлердегі лабораториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу нәтижесін реттеуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек" – деді Тоқаев.

Ресми дерекке сәйкес елімізде барлығы 70 339 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның ішінде 43 029 науқас дерттен айыққан, 464 адам қайтыс болған.

Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз белгісіз пневмония екенін айтпады.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 9057 (+184 адам жаңадан қосылған),

Алматы қаласы – 8922 (+220),

Нұр-Сұлтан қаласы -8145 (+258),

Қарағанды облысы – 6910 (+118),

Батыс Қазақстан облысы - 4647 (+103),

Шымкент қаласы – 4410 (+47),

Шығыс Қазақстан облысы – 3975 (+133),

Алматы облысы - 3582 (+78),

Жамбыл облысы - 2792 (+121),

Ақтөбе облысы - 2723 (+23),

Түркістан облысы - 2457 (+40),

Павлодар облысы - 2274 (+92),

Маңғыстау облысы - 2252 (+2),

Қызылорда облысы -2211 (+49),

Солтүстік Қазақстан облысы - 2129 (+63),

Ақмола облысы - 1949 (+50),

Қостанай облысы - 1904 (+55)

Тағы

XS
SM
MD
LG